Мемлекеттің мүддесі

«Жастық шақ – адам өмірінің ең қызықты, қайрат-жігерге толы керемет кезеңі. Бойға қуат, ақылға көз берген таңғажайып мүмкіндіктерімен қоса жасалған қателіктерді де түзетуге таптырмайтын уақыт. Біздің елімізде осы бір алтын уақыттың аралығы 14 пен 29 жас деп ресми белгіленген. Жүзеге асырылу үстіндегі жастар саясаты да осы кезең аралығындағы жастарға арналған.

434_dc8bbd9c076ab140f1aeac4999dc08b6

 Жалпы, жастар саясатын жүргізу кез келген ел үшін жеңіл емес. Өйткені жастар саясатын жүргізудің шығыны мол, әрі ол шығын бірден қайта қоймайды. Сондықтан болар нақ осы мәселемен мемлекет деңгейінде айна-лысатын елдер әлемде өте санаулы. Олардың бірінде өз жастарына мемлекеттік деңгейде қамқорлық жасауына мүмкіндігі жоқ болса, енді бірінде қоғамдық құрылыс пен ділінің деңгейі басқаша құрылған. Мәселен, Америкада әлі күнге дейін жастар туралы мемлекеттік саясат жоқ. Олардың жастары жекеменшік, соның ішінде қайырымдылық, демеушілік қорларына үміт артады. Сарапшылардың айтуынша, әлем бойынша жастар саясатымен белсенді шұғылданатын елдердің бірі Германия екен. Бұл елдің жастарында заңда белгіленген қамқорлық негізінде білім алып, емделумен қоса басқа да әлеуметтік жағдайлар жасалған.
Жастар саясатымен белсенді түрде айналыса бастаған елдердің бірі – біздің Қазақстан. Жастардың тегін орта білім алуы, мемлекеттік грант, «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқуы, дипломмен ауылға барған жастарға берілетін көтерме жәрдемақылар және жастар өміріне позитивті сипат беретін 70-тен аса мемлекеттік деңгейдегі жобалар бәрі де қайтсек келешегімізді кемел етеміз деген тілектің аясында жасалып отыр. Мұны Елбасы да «Жастар – ертеңімізді жасайтын бүгініміз» деп үнемі айтып келеді. Нақты тапсырмалар нәтижесінде жүзеге асырылып жатқан шаруалар да соның айғағы.
Міне, Сыр бойы журналистикасына жаңа серпін берсе деген тілекпен, үлкен үмітпен өздеріңізге «Ақмешіт жастары» басылымын ұсынып отырмыз. Облыс әкімі Қырымбек Елеу¬ұлының жастармен кездесуіндегі ұсыныс-тілектен туған идея жүзеге асып, қолыңызға алдыңыз. Мұны біз қоғамның қозғаушы күші саналатын жастарға артылған зор сенім деп білеміз. Бұл басылым сіз бен біз болып үн қосатын, мемлекеттің мүддесі жолында қызмет етуге шақыратын мәртебелі мінбер болады деп үміт етеміз. Елдің бәрі ғаламторға үңіліп, керек дерегін іздейтін осы бір жылдам ақпарат кезеңінде бізді де парақтауға уақыт табыңыз. Қолыңызға қалам алып, көкейтесті сауалдар жолдап, қолдау білдіріңіз.
Бұл – сіздің газетіңіз, сырбойылық жас дос!

Айжан Абдуллаева

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.