• dendro_2010.jpg
  • cu5.jpg
  • 434_1203a1ef4e2044522669f087554644e7.jpg

Бүгінде әлеуметтік тұрғыдан еңсесін тіктеп, экономикасы қарыштап дамып келе жатқан көрікті шаһар – Шымкент қаласының әл-ауқаты жылдан-жылға жақсара түскені байқалады. Тіпті, Шымкентке әр келген сапарында мұндағы өзгерістер мен жетістіктерге мән берген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Шымкент – шырайлы шаһар. Экономикасы, кәсіпорындары дамыған қонақжай қала» деп жоғары баға берген. «Шымкентті еліміздегі үлгілі қалаға айналдыру керек» деген сөзді айтқан да Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы болатын. Қысқасы, Шымкентті «өмір сүруге өте ыңғайлы әлеуметтік қала» деп айтуға болады. Мұнда жақсы тұрмыс кешуге барлық мүмкіндік бар.

Атқарылған ауқымды тірліктердің нақты нәтижесі болар, өткен жылы ТМД елдерінің 85 ірі қаланы, астаналар мен ірі қалалар қауымдастығы, ТМД ның атқару комитеті «ЕурАзЭҚ», Ресейдің өңірді дамыту министрлігі мен Бүкілресейлік жергілікті өзін-өзі басқару кеңесі ұйымдастырған халықаралық байқауда Шымқала үздіктер қатарынан көрінді. Байқауды ұйымдастырушылар тарапынан қойылған шарттар бойынша Шымкент қаласы барлық талаптарды орындай білген. Қауымдастықтың негізгі бағыттарына қалалардың сәулеттік және қала құрылысын жүргізу, көріктендіру, абаттандыру, қоршаған ортаны қорғау секілді жүйелі жұмыстар енгізілген.
Бұл номинацияны тағайындау барысында ең алдымен қаланың өнеркәсіпті өркендету бағытында жасалған жұмыстарына ерекше мән берілгені анық. Себебі, жылдан-жылға қаладағы кәсіпорындар санының ұлғая түсуі қала экономикасының бүйірін томпайтуға септігін тигізсе, екінші жағынан жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына мүмкіндік беріп, әлеуметтік мәселелердің оңды шешілуіне ықпал етуде. Осы орайда айта кететін жәйт, қазіргі таңда Шымкент қаласында 376 кәсіпорын тіркелген. Оның ішінде, 75-і ірі, 254 шағын және 47-сі қосалқы кәсіпорындар. Тек ағымдағы жылдың алғашқы алты айында аталған өндірістік кәсіпорындар тарапынан 103 миллиард теңгенің өнімі өндірілген.
Шындығында, күннен-күнге ажарланып келе жатқан облыс орталығындағы өзгерістерді байқамау мүмкін емес. Шырайлы Шымкент деген атқа ие қаланың жыл сайын көркейіп, келбеті ажарлана түскеніне қала тұрғындары куә. Және осы әсемдікті сақтап қалуда атсалысып жатқандар да баршылық.
Ең бастысы, қазіргі таңда ел экономикасының негізгі діңгегі саналатын индустрия саласын дамыту бағытында қолға алынған республикалық бағдарламалардың орындалу көрсеткіші Шымкент қаласында оңтайлы жолға қойылғаны көз қуантады. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысының өңірлік индустрияландыру картасы шеңберінде 2010-2012 жылдары жалпы құны 20,7 миллиард теңгені құрайтын 20 инвестициялық жоба іске қосылған болса, нәтижесінде 2 мыңға таяу адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал, тек биыл республикалық және өңірлік индустрияландыру картасы шеңберінде жалпы құны 23,6 миллиард теңгені құрайтын 17 инвестициялық жобаның іске қосылуы күтілуде. Бұл көрсеткіш бойынша ел аумағында үздіктер қатарынан орын алған Шымкент қаласының жеке инвесторларды тартуда мүмкіндік деңгейі жоғары екені аңғарылады.
Республикалық көрсеткіштер экономикалық тұрғыдан алғанда Шымкенттің Қазақстандағы алғашқы бес қаланың санатына кіретінін көрсетеді. Облыстағы өнеркәсіп әлеуетінің негізгі қоры осы Шымкент қаласына шоғырланған. Түсті металлургия, химия және мұнай-химия өнеркәсібі, машина жасау өндірісі Шымкенттегі негізгі кәсіпорындарды құрайды.
Қазіргі уақытта «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы Қазақстанның Оңтүстігінде қызу жүзеге асуда. Шымкент қаласында осы бағдарлама бойынша 170 жобаға қолдау көрсетіліп, оларға жалпы көлемі 5 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Сонымен қатар, бизнесті енді бастағандар үшін де тегін курстар ашылып, оқу-тәжірибеден өткізілді. Барлығы қырық мыңға жуық адам осындай курстан оқып шықты. Мемлекет тарапынан қаржылық қолдау көрсетілген жобалардың қай-қайсысы да Шымкент қаласы үшін әлеуметтік маңызы зор, өйткені бұлардың барлығы да жаңа жұмыс орындарын ашып, бюджетке салық төлейтін болады.
Шымкент қаласында ауыл шаруашылығына бағытталған 18 мың гектар жер болса, қала шекарасы кеңейтілгеннен кейін ол 40 мың гектардан аспақ. Сүт өндірісі, жылыжай, жеміс-жидек қоймалары, гүл өсіретін жабық питомниктердің құрылыстарын салу жоспарланып отыр. Таяу аралықта Шымкент тұрғындары отандық азық-түлікпен қамтамасыз етілетін болады.
Ауыл шаруашылығы саласын сөз еткенде, Шымкент қаласының өзіндік тың серпілісі талайды таңдандырады. Алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша қаладағы ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнім көлемі 1 миллиард 634 миллион теңгені құраған. Бұл қатарда егістік көлемі 3700 гектар жерге ұлғайтылып, оның 93 гектарына тамшылатып суару әдісі енгізіліпті. Ауыл шаруашылығы саласын түлету үшін тек ағымдағы жылы 20 бірлік техника алынып, 40 тонна тыңайтқыш, 75 тонна жанар-жағар май жеткізілген.
Сондай-ақ, алдағы уақытта бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi аясында да бiраз iс атқарылмақ. Әрі кәсіпкерлік саланы дамыту жайы да басты назардағы дүние. Айта кетейік, ағымдағы жылы қалада 68 854 кәсіпкерлік субьектілері тіркелген. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 20 пайызға артқаны аңғарылады. Нәтижесінде, орта және кіші кәсіпорындар тарапынан 60 миллиард 980 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 34 пайызға ұлғайған.
Қысқасы, атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Алда кезегін күтіп тұрған ауқымды міндеттер да көп. Елiмiздегi үшiншi қала атануға талпынған Шымқаланы әлі бiраз өзгерiстер күтiп тұр. Тәуелсiз мемлекетiмiздiң рухани-мәдени ордасы атанып қана қоймай, өндiрiс пен кәсіпкерлік саласы дамыған орталыққа айналып келе жатқан шырайлы Шымқала елiмiздегi ең көрiктi қалалардың бiрiне айналады деуге толық негiз бар.
Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ.

Пікір қосу