Ол мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түскенде өзін сондай бақытты  сезінген. Алдында күтіп тұрған қиыншылықты талай рет бастан өткеретінін  сезініп жатпады. Бүкіл өмірі бір күнгі бақыты сияқты өтетіндей көрінді оған. Тек оқысам, білім алсам, мамандық алып, жұмыс істесем, сөйтіп бірер биікке көтеріліп, өзімнің неге қабілетті екенімді жұртқа көрсетсем деп алып ұшқан  алапат сезімнің ғана құшағында жүрді. Сөйтсе, ол айналасына да көз тастауды ұмытқан екен. Топтастарына,  курстастарына, танитын-танымайтын адамдарға күннен-күнге зер сала қарауды әдетке айналдыра бастады. Тіпті күн өткен сайын олардың басына түскен қиыншылықтарына алаңдауды да, қуанышына ортақтасуды да  үйренді.  Адам өмірі қызық пен қиыншылыққа толы екенін, сол үшін кеудесінде  жаны бардың бәрі күресу керек екенін есі кіргеннен санасына жатттап өссе  де, өзіне келгенде бұл қағида жүрмейтін сияқты. Балалық өмірден жастық  шаққа енді ғана адымдай бастағанда оның ойына мұндай бәзбіреулердің  бәлдір-батпағы кіріп шықпады. Тек түсінбейтіні, өзі әу баста пәк сезім деп бағалайтын мәңгілік махаббаттың құнын кейбіреулердің арзандатып жібергені. Кітаптағы махаббаттың құдіреттілігі көңіліне жатталып  қалғандықтан болар ол махаббат туралы пікірталас туа қалса табан астында  мәңгілік сезімнің қорғаушысы болып шыға келеді. Мұнысын өзгелер де  басқаша түсінер, бірақ мұның пәк түсінігін кейін өмірдің өзі өзгертіп жіберетін қайдан білсін?!

…Кенеттен дүние аударылып төңкерілгендей болды ма? Әне-міне оқуын тәмамдап, бір жапырақ дипломын қолына алармын деп жүргенде бұл өзі  білмейтін, жан дүниесі түсініксіз біреудің жары болып шыға келгені. Өңі ме, түсі ме мұны айыра алар емес. Сонда бұған дейінгі өзі мойындаған махаббаттың құдіреттілігі қайда қалды? Өзі сүймеген, білмеген жанның құшағына өзін лақтырып тастау, сонда өзі қорғаған махаббат болғаны ғой… Иә, солай… Адамдар не деген ақымақ еді…өмірдің күнделікті күйбең тіршілігін махаббаттың биік тұғырымен алмастырып қоятын. Жақсы болсын, жаман болсын, бас қосқан екі жұп қалайда өмір сүруі керек деген жабайы түсініктің ушыққаны соншалықты жаны нәзік әйел затының соңғы уақытта өз еркінсіз әлдебіреудің қол астында жүріп- тұратыны өкінішті ақ…Бұл да соның бірі болғаны ма? Тек өзі мойындаған махаббаттың бар-жоғына бас қатырып, өзгелер секілді оны жалғанға шығаруға дәті шыдамады. Ішкі түйсігі жібермеді ме, өзі де білмейді, әйтеуір бір керемет күш мұны алға талпындырғандай. Әлде өзін-өзі солай алдады ма екен? Онысы тым түсініксіз. Сөйтті де өзі сүймеген адамға еріксіз берілудің асқан қасірет екенін сезініп, мұнысын ешкімге түсіндіріп жатпастан басын алып қашты. Мұның не деп сұраған ешкім де болмады. Арадағы ырың-жырың қарым- қатынастың ешбіріне мән бермеді. Ешкімді де әуре-сарсаңға салмаған күйі өзіне белгілі бағытқа бет алды. Ішкі дүниесін өрттей шарпыған көлеңкелі күйіктің тым ауырлығы жанына батса да, өз-өзін зорлықпен өткенді ұмытуға көндірген. Бірақ өткенді өткінші өмір дегенмен санасында қалған оның іздерін қайда жасырмақ? Осыған қарап көбесі біртіндеп сөгіле бастаған өмірінің мағыналы шағы біткен шығар деп ойлап еді…бірақ тырбаңдатқан тіршілігінің тынысы түгесілмепті. Кеудесінде шырамытқан үміт шырағы алға жетелей берді. Өткеннің жарасы жазылса да, оның ешбірін де санасынан сыза алған жоқ. Сергелдең сезіммен күй кешіп жүргенде қым-қуыт қаланың  қиюласқан тіршілігі Оны жолықтырды. Әлдебіреудің жүзіне тік қарауынан   секем алып, өзіне жылы сөз арнауынан қорқатыны әдетіне айналып, оны көргенде де сезімнің сиқырынан шошыңқырап, алысырақ жүруді мұрат тұтып еді. Бірақ бұлар бір-біріне тез арада үйренісіп кетті. Кездесіп жүріп,  арадан біршама уақыт өткенде бұл бармағын тістеген. Енді не істемек… Оның жібі түзу, басы бос екенін біледі, бірақ ол бұл туралы ешнәрсе білмейді ғой. Бұл не сонда? Өткенін алға тартып, жігіттің өзіне деген жанашырлық сезімін тартып алмақ па? Әлде осылай өзін де өзгені де алдай тұрмақ па? Мұнысы несі? Ұлы сезімге табынып келіп, енді өзгенің  махаббатын мазақ еткені қалай өзі? Жігіт жүрегін ұсынып, сөз салғанда бұл  іштей өксіп, өткеніне лағынет айтқан. Өйткені бұл жігітті шын сүйіп қалып  еді… Бұл махаббат дегеннің тек азаптан ғана тұратынын сонда түсініп еді. Өзі туралы оның еш жамандыққа бармайтыны жанына батады. Егер бар шындықты айтып салса, бұдан теріс айналса, дүниенің астаң-кестеңі шықпай  ма? Іштей өзін жегідей жеген сан түрлі сұрақтардың біріне де жауап таппастан, ақыры ашығын айтудан өзге амал таппаған. Өзін қадірлейтін, өзі сүйген адамды алдаудың құрбанына айналдырудан асқан қорқыныш жоқ екенін ұққан. Айтты да…Мең-зең күй кешіп, есеңгіреп қалған жігіт тез арада бойын жиып ала қойды. Бәлкім тағдырына мойынұсынғаны болар… Бәлкім ұлы сезімнен туған махаббатты уысына ұстап қалғысы келгендіктен, өткеннің бәріне қол сілтеген болар… Бұл үшін оның не ойлағаны, нені ойына алғаны белгісіз. Қуанатыны жігіт бұдан теріс айналған жоқ Өмірінің қалғанын өзімен бірге өткізуге уәде етті. Бірақ… арадан қанша уақыт өтсе де, ол нақты бір шешімге келе алмай шарқ ұрып жүргенін бұл аңғарады. Соңғы кездері бұл орын алған жағдайдың бәріне өзін кінәлайтынды шығарып жүр. Сөйтпегенде ше, өмірдің өзі білмейтін алып толқындарына қарсы тұрамын дегенде, шиыршық атқан асау толқындардың шапшуы мұны жағаға қарай  лақтырып, махаббаттың ми батпағынан бір-ақ шығармады ма? Егер қолынан келсе, жанын қажытқан махаббаттың азабынан мәңгілікке арылып, баяғы алапат сезімнің құдіреттілігіне табынған есерсоқ, ессіз шағына қайта оралар еді ау… Егер қолынан келсе шырмауықтай сезімнің шырмауынан, тағдыр тәлкегі тоғыстырған тасадан оны да өзін де құтқарып алар еді ау… Пендесінің тағдырын пешенесіне жазып қоятын Жаратқанның шеберлігі-ай  десейші…

Пікірлер

  1. окырман
    11.08.2014 at 01:49

    Эххх махаббат)))

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.