16-04-2024
13.3 C
Шымкент

Индустриалды аймақтарды дамытуда көшбасшы өңір

 Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен ҚР Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев келді.
Шымкентте министр 2010 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында құрылған «Оңтүстік» индустриалды аймағында болды. Бұл индустриалды аймақтың аумағында жалпы сомасы 46 млрд. теңге болатын, 6 мың жұмыс орны ашылатын 63 жоба іске асып отыр. Бүгінгі таңда мұнда 13,8 млрд теңгелік 31 жоба іске асқан, 2 300 жұмыс орны ашылған. shamiwev
Индустриалды аймақта болған министр пластмасс қақпақтар шығаратын «Spirit Kazakhstan», полипропилен және пластмасса бұйымдарын шығаратын «ЮгРегионПласт», болат құятын «Ferrum Vtor», әйнек шығаратын «Фирма Дана», автомобиль майларын шығаратын «Hill Сorporation» кәсіпорындарының өндірістік кешендерін аралап көрді.
Болат Бидахметұлы осы сапары барысында «Оңтүстік» индустриалдық аймағында облыстық кәсіпкерлер палатасы оқу орталығының ашылу салтанатына қатысты. Мұндай орталық елімізде тұңғыш рет Шымкентте ашылып отыр. Орталық аймақ кәсіпорындары үшін кадрлар дайындайды, оларды қайта даярлаудан өткізіп, біліктілігін арттырады. Оқу орталығының бағдарламасы «Оңтүстік» индустриалды аймағында орналасқан кәсіпорындардың қажеттілігіне сай әзірленіп, олардың кадрлық сұранысын қамтамасыз етуге бағытталған. Орталық түрлі саладағы білікті мамандармен, замануи оқу құралдарымен қамтылған. Қазіргі таңда мұнда тыңдаушыларға 20 техникалық мамандықтар бойынша білім беріледі, осы күнге дейін 538 адамды оқытуға тапсырыс түскен. Оқыту мерзімі оқытылатын мамандықтың күрделілігіне қарай 1 айдан 3 айға дейінгі мерзімге созылады. Тыңдаушылар оқыту курсын толық аяқтаған соң аттестацияға кадр дайындауға өтініш берген кәсіпорындар басшылары да қатысып, тыңдаушыға өз бағасын беріп, сертификат табыстайды.
Бұдан кейін ҚР Өңірлік даму министрі Б.Жәмішев облыс әкімдігінде республиканың барлық өңірлерімен селекторлық мәжіліс өткізіп, индустриалды аймақтарды дамыту мен қаржыландыру мәселелерін талқылады. Мәселен, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында ҚР Өңірлік даму министрлігі тарапынан 3 облыстағы 15 индустриалды аймақтарды қаржыландыру қарастырылған. Оның ішінде Ақтөбе облысында — 1, Қызылорда облысында — 4, Оңтүстік Қазақстан облысында – 10 индустриалды аймақтарды дамытуға қаржы қаралған. Мәжілісте агроөндірістік аймақтарды құру жөніндегі жұмыс жөнінде айтып өткен министр, ірі жобалар Ауылшаруашылығы министрлігі мен «Казагро» арқылы қолдау табу арқылы даму керектігін, ал кіші жобалар — агроөндірістік аймақтардың кластері ретінде дамуы тиіс екендігін айтып өтті.
Мәжіліс барысында Б.Жәмішев Оңтүстік Қазақстан облысы идустриалды аймақтар құрып дамытуда көшбасшы өңір екендігін айта отырып, бюджеттік инвестициялар тиімділігін арттырып отырған аймақ екендігіне тоқталды. Сонымен қатар бұл өңірде соңғы жылдары кәсіпкерлік субъектілері көптеп ашылып, индустрияландыру қарқын алғанын мәлімдеді. «Бүгінгі селекторлық мәжілісті Оңтүстік Қазақстан облысында өткізудегі мақсат – осы өңірдің игі тәжірибесін басқа өңірлерге үлгі ету», деді Болат Бидахметұлы.
Жиынды қорытындылаған министр облыс әкімдіктері мен Астана, Алматы қалаларының әкімдіктеріне үстіміздегі жылдың 1 сәуіріне дейін барлық облыстарда индустриалдық аймақтар құру жөніндегі бюджеттік өтінімдерді тапсыруды жүктеді және бұл ұсыныстар олардың тиімділігіне қарай қаралатынын мәлімдеді.
Күннің екінші жартысында Болат Жәмішев батырмалы су сорғыларын шығаратын «Karlskrona LC AB», медициналық бұйымдарды өндіретін «Экофарм Интернейшнл» кәсіпорындарының жұмысымен танысты.
Бұдан кейін Болат Жәмішев Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысып, кәсіпкерлерге рұқсат беру құжаттарын рәсімдеу мен берілуінің, жобаларды қаржыландырудың, кеңес беру мен оқытудың механизмдерін қадағалады.
Облысымызға жасаған жұмыс сапары соңында министр Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылода облыстары әкімдерінің орынбасарларымен, жер қатынастары басқармалары мен аумақтық жер инспекциясы басшыларының қатысуымен жер қатынастары мен құрылыс саласындағы өзекті мәселелерге арналған мәжіліс өткізді. Мәжіліске қатысушылар жер ресурстарын тиімді пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды одан әрі күшейту, қайта айналымға қосылған ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді түгендеудің тиімділігін арттыру, жер қатынастары саласын реттейтін заңнамаларға енгізілетін ұсыныстарды талқылады. Жиын соңында Болат Жәмішев мәжіліс барысында айтылған ұсыныстар мен пікірлер тиісті заңнаманы жетілдіруде ескерілетінін жеткізді.

Дерек көзі: ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі

 

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР