25-04-2024
18.3 C
Шымкент

Әлем ЭКСПО-ны көріп, қазақты таниды

Көрменің де  көрмесі  бар. EXPO халықаралық  көрмесі  күнделікті  көп  шараның  бірі емес. Оны  өткізуге  ынталы  елдер  көп.  Астана Халықаралық көрмелер бюросының 161 мүше мемлекеті өкілдерінің жасырын дауыс беруі барысында бельгиялық Льеж қаласын басып озған еді.  «ЕХРО-2017»  Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізетін қала болып таңдалып, талайдың таңдайын қақтырды. Себебі, бұған  дейін  Орталық Азия  аумағында, ТМД  кеңістігінде EXPO- ны  өткізу  ешбір  елге бұйырған  жоқ. 166 жылдық тарихы бар  көрменің Астанада өткізілетіні  еліміз үшін үлкен жетістік, зор мақтаныш.   exspo

Тарих беттеріне назар аударсақ, Әміре Қашаубаев 1925 жылы Парижде өткен ЭКСПО көрмесіне қатысқан тұңғыш қазақ болатын.  Жақында отандық телеарналардан «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ тапсырысымен Әміре Қашаубаевтың орындауындағы «Балқадиша» әнінен шағын бейнероликтер көрсетіле бастады. Онда  сахна шеберлері Майра Мұхамедқызы, Айман Мұсақожаева мен  еліміздің өнер жұлдыздары Әміренің әнін жаңаша шырқайды. Ғасырға жуық уақыт бұрын осы әнді Әміре Париж сахналарында әуелеткен еді. Асқақ үнімен аспанды тербетіп, ерекше дауысымен Европаны таңқалдырған Әміре кім?  

«…Ән салса, ол өзін-өзі ұмытады, әннің әуеніне төңкеріледі, оның даусы көмейінен шықпайды, жүрегінен шығады. Ол әннің әр нақысын ұғады, әнді ғана сүйеді. Ол тәтті үнге, топқа бола жаралған адам. Ән салса рақаттанып, гүл-гүл жайнайды.Көзі де, аузы да, денесі де, қолы да бірге ән салады.

Әнші жайлы жазушы Жүсіпбек Аймауытовтан асырып айту мүмкін емес. Ал Халық әртісі Жүсіпбек Елебеков әншінің дауысын 8 шақырым қашықтыққа дейін жетті деген дерек келтіреді.  «Әдебиет және искусство» журналының 1949 жылғы 10-санында «Екі естелік» мақаласында замандас досы Қалибек Қуанышбаев: «Әміре ән салғанда, қандай күшпен, айқаймен бірнеше әндер айтқанда, түсі бұзылмас еді. Күшпен айтатын әндерді айтарда, барлық демін бір-ақ жиып алатын. Оң жақ алқымында мойнының қалтасы бар еді. Соған бар демді толтырып ап, үнемдеп шығарып көпке дейін дем алмайтын», – деп әнші даусының ғажаптығын, үнінің сұлулығын саралап, Әміренің әнді сүйіп айтатынын, халық көп болғанда делебесінің қозып, асқақ даусымен жер мен көктің арасын  жаңғыртқанына тамсанады. Алайда әнші тамаша талантының, баладай аңғал болмысының өзіне өкініш әкелерін, өмірінің аяусыз жаншыларын білген жоқ.

1925 жыл. Осы жылдың 25 мамырында Франция астанасы Парижде дүниежүзілік этнографиялық көрме өтеді. Халықтар достығын паш еткен өнер жәрмеңкесінде Әміре Қашаубаев кеңес делегациясы құрамында орыстың әйгілі әншілері Долива-Саботнаций мен Ковалева, өзбек өнер майталмандары: әнші Кари Якубов пен биші Тамара Ханум, Әзірбайжан ән өнерін әйгілеуші Шавкет Мамедовпен бірге өнер көрсетеді.  Әміренің әніне тәнті болмаған жан қалмайды. Бұрын-соңды мұндай әсерлі әнді тыңдамаған Париж халқы таң тамаша қалады. Қазақ әуенінің қуатына, әншінің таңғы шықтай мөлдір дауысына сүйсінген Францияның өнерсүйер қауымы  байқаудың күміс жүлдесін Әміреге береді. Париж көгінде «Ағаш аяқ»,  «Балқадиша», «Қанапия», «Үш дос», «Жалғыз арша», «Қосбалапан» әндерді әуелеткен күміс көмей әншіге француз жазушысы, өнер сыншысы Ромен Роллан Әміренің әншілік қабілетінің басымдығын мойындап, жоғары бағасын береді. Ал шексіз құрметке бөленген музыканттың аты шартарапқа тарап, даңқ шыңына көтерілді. Делегация бүкіләлемдік көрмеден үлкен әсермен, шығармашылық шабытпен табысты оралды. Десе де, осыдан кейін Әміренің өмірінде сүреңсіз күндер басталады.

Оған себеп Әміренің ұлт қайраткері Мұстафа Шоқаймен кездесуі еді. Париждегі жүздесу жайлы әнші «Қазақ тілі» газетіне сұхбат береді. Осыны желеу еткен Біріккен бас саяси басқарма (ОГПУ) тыңшылары қазақ эмигранты Мұстафа Шоқаймен астыртын байланысы бар деп күдік келтіреді. Әншіні тергеуге алып, үздіксіз тексеру жүргізеді.   Әншіге сахнаға шығуға, театрда рөлдерге бекітілуге шектеу қойылады. Шығармашылықтың шарасыздығына шырмалады.  Қазақтың әншілік дәстүрін дүниежүзіне паш еткен әншінің сағын осылай сындырады. 1934 жылы 7 қарашада ән атасы Әміре Қашаубаев ауыр сырқаттан  қайтыс болады.

Шындығында    Әміренің  даусы өте  биік ноталарды қиналмай  алатын әрі диапазоны  өте  кең аса  сұлу  үнді  болған. Сәкен Сейфуллин «Казахстанская правда» газетіне: «Шырқаған әнімен әлемді таңдандырған, Анри Барбюс пен Ромен Роллан тәрізді көрнекті мәдениет қайраткерлерін шын көңілмен сүйсіндірген әнші Әміре дүниеден озды», – деп мақала жазған.

Әміренің орындауында фонографқа жазылып алынған «Жалғыз арша», «Үш дос», «Ағаш аяқ», «Смет», «Дударай», «Бес қарагер» әндерін 1974 жылы музыка зерттеушісі Ж.Шәкәрімов тауып, олар техникалық өңдеуден кейін күйтабаққа түсіріледі. Әміре Қашаубаев орындаған қазақтың классикалык әндері кейінгі әншілердің репертуарларында жалғасын тапты. Бұл ретте Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Жәнібек Көрменов, Қайрат Байбосынов, Мәдениет Ешекеев, Бекболат Тілеуханов сияқты жезтаңдай әншілердің Әміре өнерін жалғастырушы лайықты ізбасарлар болғанын атап өтуге болады. Әміре Қашаубаев жөнінде жазылған бірнеше зерттеулер, көркем шығармалар жарыққа шықты.

Ә.Қашаубаев атындағы республикалық жас әншілер байқауы өтіп тұрады. Семей қаласындағы облыстық филармония Ә.Қашаубаев атымен аталады.

Әміренің Парижде шырқалған әндері Астанада өтетін ЭКСПО халықаралық көрмесінің Қазақстан павильонында асқақтаса қандай ғажап?! Өйткені қазақ баласының ЭКСПО көрмесінде бір ғасыр бұрын ән салғанын, қазақ ән өнерінің тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігін    жарқырата көрсетуге мүмкіндік туып отыр.

Ал «ЭКСПО-2017»  көрмесінің кешені Қазақстанның ғана емес, әлемнің әлеуметтік-қоғамдық дамуына қарқын береді. Сондай-ақ көрме Астананың брендіне айналуы да мүмкін. Ендеше, «ЭКСПО-2017» көрмесі Қазақстан үшін мақтаныш пен жетістіктің көрінісі болғай.

Құттыбике НҰРҒАБЫЛ.

 

 

 

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР