20-04-2024
22.3 C
Шымкент

Құммен сурет салу денсаулыққа да пайдалы

1332458917_1332359447_5_1

Құммен сурет салу өнері ХХ ғасырдың 70 жылдары АҚШ-та бастау алғанымен, біздің елімізге келгеніне көп бола қойған жоқ. Әйнек бетіне құммен түрлі бейнелерді түсіріп, жаңаша өнерді меңгеруге ұмытылып жүрген жастар Шымкентте де бар. Солардың бірі – Мақсат Қосылханов. Ол балалар көркемсурет мектебінде оқушыларға бейнелеу өнерінен дәріс береді. Кейіпкеріміз әріптесі Фархад Достаев екеуі ғаламтордан көргеннен кейін осы өнерге қызығушылықтары артып, іздене бастайды. Тіпті құммен сурет салуға арналған тақтаны да өз қолдарымен жасап шыққан.

-Шыны керек, құрал-жабдықтарын шетелден арнайы алдыртуға қалта көтермейді ғой. Біз оның жолын іздеп, түрлі интернет сайттарды ақтарып, соңында өзіміз қолымыздан жасап шығуды жөн көрдік. Кәдімгі үй құрылысына қажетті материалдардан жасалды. Тақтасын жасауға бар-жоғы 25-30 мың теңге көлемінде ғана шығындалдық, — дейді Мақсат.

Құрал-жабдықтары дайын болғаннан кейін шыны әйнектің бетіне айнытпай сурет салуды меңгереді. Алдымен Қастеев атындағы көркемсурет колледжін, кейіннен М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығын тәмамдап, оқушыларға сурет салудың қыр-сырын үйретіп жүрген жас ұстазға аса қиын соқпайды.

-Осы өнерді игерем деушілерге ең алдымен шеберлік пен шыдамдылық қажет. Тек әйнек бетіне бейнелерді түсіріп қана қоймай, құмды сезіне білу қабілеті талап етіледі. Негізі өзінің арнайы құмын шетелден алдыртуы керек. Ал біз өзіміздің құмды елеп, жуып, тазалап, кептіріп, пайдаға асырып жүрміз. Бейненің таза әрі дәл шығуы  құмға тікелей байланысты, — дейді жас ұстаз.

Бұл өнердің негізін Кэролайн есімді канадалық суретші қалапты. Ол өзен жағасында құмды иіре отырып сурет салады. Сосын астына әйнектен арнайы тақта жасап, түрлі-түсті жарық береді. Осылайша, 1969 жылы алғаш рет «Петя мен көк бөрі» деген кейіпкерлері құмнан салынған мультфильм түсіреді. Еңбегінің бағаланбағанына қарамастан жас суретші алған бетінен қайтпай, төрт-бес жылдан кейін екінші рет «Үйрекке үйленген үкі» атты мультфильм жасайды. Бұл туындысы оның атын әлемге танытады. Жаңалықты америкалық Ференц Цако есімді суретші естіп, ары қарай жетілдіріп, халықтың көз алдына сурет арқылы кино түсіреді. Шебер суретшінің бірнеше кинолары Канн кинофестивалінде жүлде алады. Әзірге оның ерлігін қайталаған суретші жоқ. Мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін еңбек пен ізденісті ұштастыру керек екенін Мақсат жақсы біледі.

-Құммен сурет салудың ұшан-теңіз пайдасы бар. Адамды жақсы нәрсені ойлауға, уақытты бағалауға үйретіп, есте сақтау қабілетін дамытады. Дәрігерлер сал ауруымен ауыратын балаларға құммен сурет салуға кеңес береді екен. Өйткені, саусаққа тиген құм түйіршіктері бойдағы ұйықтап жатқан қантамырларын іске қосады екен. Жүйке жүйесін тыныштандырып, балаға сенімділік сыйлайды, — дейді Мақсат.

Санаулы минуттың ішінде көз ілеспес жылдамдықпен, құммен қайталанбас туындылар жасайтын Мақсат қаладағы аула клубтарының да шәкірттерін осы өнерге баулып жүр. Олар қалалық, облыстың іс-шараларда өнер көрсетіп, көпшіліктің ықыласына бөленуде.

Ендігі мақсаты – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап, ең маңызды деген оқиғаларды құммен өрнектеп, бейнебаян түсіру. Осылайша, ең қастерлі мерекеге тарту-сый жасамақ.

Ә. БЕГІМБЕТ

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР