16-04-2024
13.3 C
Шымкент

Қалай баспаналы болуға болады?

«Мемлекеттік қызметте емеспін», «пәтер алу үшін «жас» отбасы болуым қажет», «менің тұрақты әрі жоғары жалақым жоқ», «табысым аз», «зейнетақы қорым ашылмаған»… Мұндай шектеулермен пәтерге қолы жетпей жүргендер өте көп. Кейде осы мәселенің шешімі жоқ деген оймен тұрғын үй бағдарламасына мән бермейтін сәттер де болады. Ал шын мәнінде, Қазақстанның кез келген азаматының баспаналы болуға мүмкіндігі бар. Тақырыпты тарқатып беру үшін Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша «Қазақстанның  тұрғын үй жинақ банкі» филиалы директорының орынбасары Жансерік Есімовпен сұхбаттастық. 1406206953_zhas-otbasylar-turgyn-ui-bagyty

Отбасын құрмаған жастарға баспана бұйыра ма?

 Жансерік Нарбекұлы, ең алдымен «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» туралы қысқаша ақпарат беріңізші.

– Біздің банктің тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі ТМД елдері арасында ең жоғары нәтижеге қол жеткізген бағдарлама бойынша жұмыс істейді. Германия, Чехия елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып жасалған баспанамен қамту жоспары Қазақстанда өз жұмысын бастағанына 13 жыл болды. Бүгінгі таңда бұл бағдарламаға көрші мемлекеттер қызығушылық танытып, Ресей, Беларусь елінің өкілдері біздің банк арқылы тәжірибе алмасуда. Біздің мақсатымыз – әрбір ҚР азаматын тұрғын үймен қамтамасыз ету.

Қазіргі кезде «тұрғын үймен қамтамасыз ету» деген сөзді естісе, көпшілік «мемлекеттік бағдарлама туралы айтылып жатыр» деп қабылдайды. Жоқ, олай емес. Біз мемлекеттік бағдарламалар аясында Шымкент қаласының тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімімен де жұмыс жасаймыз. Одан бөлек, кез келген Қазақстан Республикасының азаматы баспана алу үшін «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» қызметіне жүгіне алады.

– «Кез келген азамат баспаналы бола алады» дедіңіз, бұны қалай түсіндіресіз?

– Мемлекеттік бағдарлама аясында баспана алу үшін қазір халық жаппай кезекке тұрып жатыр. Талапқа сай құжаттарын рәсімдейді. Дегенмен, құжат рәсімдеу кезінде кей тұрғындар «жас отбасы» бағдарламасына жасы сәйкес келмейді. Кейбірі мемлекеттік қызметте істемейді немесе мемлекеттік қызметте істейтін отбасы мүшелері арқылы өтініш білдірейін десе олардың атында үй бар болып шығады. Отбасын құрмаған жастар да бұл бағдарламадан қалыс қалады.

Осы орайда, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» өз қызметін ұсынады. Бұл да мемлекет тарапынан жүргізіліп отырған жұмыстың бір бөлігі. Азаматтардың жас айырмашылығы немесе жұмыс орны, атында жылжымайтын мүлкінің болуы, отбасындағы адам саны маңызды емес, жеке куәлігін алып келсе болғаны. Әр азамат шама-шарқына қарай баспаналы болу жолдарымен танысады. Тұрғын үймен қамтамасыз ететін мемлекеттік банк ретінде түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Баспана алатын азамат қаражаттың 50%-ын жинаса, қалған 50%-ын біздің банк ең төменгі пайыздық үстемемен несиеге береді.

– Баспана құнының 50%-ын қалай жинау керек? Ал қалған 50%-дың несиесі банкке қалай төленеді?

– Бастапқы 50%-ды жинау үшін 4 түрлі депозитті ұсынамыз. Салымшы өзінің табысына қарай таңдау жасайды. «Бастау» депозиті арқылы бастапқы 50%-ды жинау 3-3,5 жылды қамтиды. Қаражат жиналып, белгілі мерзім аяқталғанда банк пәтердің 50%-ын төлейді. Салымшы бұдан былай борышкерге айналады да, 6 жылда 5%-бен банкке несие төлейді. «Өркен», «Кемел», «Болашақ» депозиттері де дәл осы тәртіппен қызмет көрсетеді. Бір ғана айырмашылығы, тұрғын үй алу үшін қор жинау мерзімі ұзарған сайын пайызы төмендей береді. «Өркен» бойынша 5,5 жыл жинап, 10 жылға 4,5%-бен несие алады. Ал «Кемел» депозитіне 8,5 жыл жинап, 4%-дық үстемемен несиені 15 жылға дейін төлейді. Соңғысы – «Болашақ» атты депозиттік бағдарлама. Бұны көбіне балаларына арнап ашады. 15 жыл жинаған қорын 25 жыл көлемінде 3,5%-бен қайтарады.

– Сонда баспананың құнын алдын ала белгілеп алады ма?

– Иә. Абонент ең әуелі алатын үйінің көлемін анықтап алады. Ол – жаңадан салынып жатқан 1-2-3 бөлмелі пәтер немесе жекеменшік үй, басқа да кез келген сатылымдағы баспана болуы мүмкін. Банк қызметкерлері үйдің бағасын мерзіміне қарай есептеп, абоненттің ай сайынғы салып отыратын қаражатының нақты сомасын шығарып береді. Мысалы, бір азамат бағасы 6 миллион теңгелік 1 бөлмелі пәтер алмақ болды делік. Сол 6 млн теңгенің 50%-ын, яғни 3 млн-ды жинағанда ғана «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» қалған 50%-ды несиеге береді. Пәтер алатын азамат өзі жинайтын 50% қаражатты біздің банктен ашқан есепшотында сақтауы міндетті және белгілі бір мерзімді қамтуы қажет. Жиналған қаражатқа банк – 2%, ал мемлекет тарапынан – 200 АЕК-ке дейінгі сомаға 20% үстеме қосылады.

Шымкентте 11 тұрғын үйдің құрылысы жүруде

– Бастапқыда 1 бөлмелі пәтер алғысы келген салымшы бірер жылдан соң 2 немесе 3 бөлмелі пәтер алуға ниет білдірсе қалай болады?

– Салымшының қалауын қанағаттандыруға мүмкіндік бар. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» берілетін жаңа үйдің құрылысы біткенге дейін салымшы өзіне ұнайтын басқа пәтерді кездестіріп, соны аламын десе қарсылық жоқ. Ол 4 яки 5 бөлмелі, жекеменшік үй немесе көпқабатты үйдің пәтері болуы мүмкін. «Бастау» депозиті арқылы келіскен 3-3,5 жыл өткенде қажетті қаражатын тауып, «мен үйдің құрылысын күте алмаймын, мына пәтерді аламын» десе өз еркі. Біз үшін маңыздысы – депозит мерзімі мен бастапқы 50%.

Ал бір бағдарламадан екіншісіне ауысуға немесе 3-3,5 жыл күтпей-ақ «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» несиесін пайдалана отырып 1-2 жылда пәтер алуға болады ма?

Әрине, болады. Егер салымшының бастапқы 50% қаражаты дайын болса және белгілі бір мерзімінен ерте алғысы келсе, баспаналы болуға банк келіседі. Мұндай жағдайда банкте сақталуы тиісті нақты мерзім өткенше төлейтін несиенің үстемесі артады. Керісінше, тиісті қаражатты белгілі уақыт біткенше жинай алмаса, мерзімін ұзартуға немесе депозит салымын ауыстыруға да болады. Бастапқы 50%-ды жинап қойған соң салымшы екі жағдайда баспаналы бола алады. Оның бірі атыңызда үй болмаған жағдайда «Қолжетімді баспана – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүзеге асады. Екіншісі, атыңызда үй болса да банктің бонустық жүйесі арқылы конкурспен жүзеге асады. Яғни, салымшының салған қаражаты банк айналымында қаншалықты ұзақ сақталса, соншалықты ұпайы жоғары болады.

– Қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй беру жұмыстары жүріп жатыр ма?

– Әкімшілік іскерлік орталығында жаңадан салынған үйлердің 4 блогын біздің банк арқылы мемлекеттік бағдарлама бойынша кезекте тұрғандар алды. Мемлекеттік бағдарлама бойынша тағы 11 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оның 5-і 2017 жылы, ал 6-ы 2018 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Мемлекеттік бағдарлама кезегінде тұрған біздің салымшылар бұл үйдің 1 шаршы метрін 140 000 теңгеге алатын болады. Онда 1 бөлмелі пәтердің көлемі – 37,5 ш/м, 2 бөлмелі – 58,8 ш/м, 3 бөлмелі – 73,6 ш/м. Айта кетейін, құрылыс жұмыстарын жүргізуге біздің банк жауапты емес.

Саманнан тұрғызылған үйді бағалауға болады

Пәтер алу үшін зейнетақы қоры болуы шарт па?

– Салымшы ретінде жеке куәлігі болса жетіп жатыр. Ал пәтерді алатын кезде 6 айлық зейнетақы қоры болуы міндетті. Дегенмен, 3-4 жылда өзгерістер болуы мүмкін. Қажетті қаражатты жиналғанша зейнетақы қорын жинақтау мүмкін болар. Баспананы зейнетақы қоры бар туысының атынан алуына да болады.

Сонда, салымшы депозитін туысының атына аудара алады ма?

– Отбасы мүшелерінің атына заңды түрде көз жеткізгеннен кейін аудара алады. Әйелі еріне, ата-ана балаларына немесе балаларын ата-анасының атына. Тіпті, «отбасылық пакет» түрін пайдаланатындар болады. Бір отбасыдан 2-3 адам бөлек-бөлек тұрғын үйге қор жинайды. Кейін белгілі мерзім таяғанда үшеуі бір адамның атына аударғанда жеңілдіктері, үстеме пайыздары да еселенеді.

Жинаған қорын қайтарып алғысы келсе, банк тарапынан қосылатын үстеме есептеледі ме?

– Салымшыға қанша үстеме қосылатынын жоғарыда айтып өттім. Жинаған қаражатын банктен қайтарып алатын болса, мемлекет тарапынан қосылатын 20% берілмейді. Өйткені, бұл жеңілдік тек халықты тұрғын үймен қамту үшін жасалған жағдай. Тек банктың 2%-ы ғана салымшыға депозит ретінде төленеді.

– Баспаналы болудың сіз қызмет ететін банктегі тағы қандай жеңілдіктерін атай аласыз?

– Банк тек күйдірілген кірпішпен соғылған үйлермен жұмыс істейтіні баршаға аян. Биылғы жылдан бастап Шымкент қаласы бойынша бұл қағида өзгерді. Саманнан тұрғызылған үйлерді алуға әзірге біздің банкте ғана рұқсат бар. Талап – үй құрылысына банк салымшысы төлеп бітетін мерзімді қоса есептегенде 25 жылдан аспауы тиіс. Мысалы: салымшы биыл 9 жылдық несиемен саманнан салынған үйді алатын болса, үй ең әрісі 2000-шы жылы салынған болуы шарт.

Саманнан тұрғызылған үйді бағалау қалай жүзеге асады?

– Салымшы ұнатқан үйін банк қызметкеріне айтады. Содан соң біз өз тарапымыздан мекен-жайды нақтылап, деректердің нақтылығына, үйдің сапасына көз жеткіземіз. Ал баға сатушы мен сатып алушы арасындағы келісіммен жүзеге асады. Олар өзара келісіп, тәуелсіз бағалаушының көмегіне жүгінуі де мүмкін.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– «Қазақстанның Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі» бүгінде өрісін кеңейтіп келеді. Салымшылар Шымкентте жүріп-ақ, Қазақстанның түкпір-түкпірінен баспаналы болуға өтініш бере алады. Күні кеше Жетісайда кеңес беру бөлімін аштық. Алдағы уақытта мұндай бөлімшелер Түркістан, Сарыағаш және Сайрамда ашылады.

– Оқырмандарға және Шымкент қаласының тұрғындарына айтарыңыз бар ма?

– Банк тарапынан «Кез келген салым екі есе арзан» атты акция жүріп жатыр. Мұнда банк комиссиясы екі есеге төмендетілген. Науқан 2016 жылдың 1-тамызына дейін жалғасады. Осы жеңілдікті пайдаланып, баспаналы болуға қадам жасаңыздар, санаулы күн қалды.

Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан Ақмарал Молдиярқызы

 

 

http://shymkala.kz/

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР