«Астанаға барғым келмейді» (Әңгіме)

«Ертең жолға шығыңдар» деген күйеуінің сөзіне соншалықты иліккісі келмесе де амал жоқ «жарайды» деп жауап берді. Төрт баласын түгендеп, оны-мұнысын жинастырып, ертесіне жолға шықты. Әсем қала Астананы тек теледидардан немесе кітаптағы түрлі-түсті суреттерден көрген қара домалақ балалар үлкен қалаға бара жатқанына мәз. «Астанаға барамыз, Бәйтерекке шығамыз» десіп бір-бірімен қуаныштарын бөлісуде. Мұны байқап отырған Ұлпан Астанаға қарай аяғы тартпаса да «тек жақсылық болғай» деп ойлап қойды.

?????????????????????????????????????????????????????????

?????????????????????????????????????????????????????????

Жазғы демалыстары әсем қалада өтетініне қуанып келе жатқан қарадомалақтарына қарап күлімсіреді. Ал Астана бұларды қалай қарсы алады екен?

Пойыздан түскенде өңменге жеткен салқын жел денесін тітіркендірді. Тұла бойын тінтіп шыққан мына жағымсыз желді бұл да жатырқады шамасы. Әкелерін көріп мәз болған ұлдары етегіне жармасып әлек. Әсем десе әсем ақ қала екен. Ұшы-қиыры жоқ алып қаланың қай бұрышы бұйырады, ол жағы бұған белгісіз? Автобусқа шуылдай мінген бұларға кондуктор да жатырқай қараған сыңайлы. Көз қиығын салды да «Келесі аялдама…» деп алдына қарап тұра берді. Бірінші рет Астана болғалы  көріп тұрған шаһары шынында сөз жеткізгісіз көрікті екен. Балалары автобустың терезесін жарып жіберердей «Ананы қара, мынаны қара» деп бір-біріне әрнені сілтеп қуаныштарын жасыра алар емес.

-Қайда барамыз?- деп сұраған күйеуінен осы кезде барып Ұлпан.

-Жұмақ мекенге! – Күйеуі мына сөзді ризалықпен емес мысқылмен айтып отырғанын бірден сезді. Баяғы салмақты қалпына салып үндеген жоқ.

Бұлар мінген автобус қаланың шетінен бір-ақ шықты. Жаңа ғана көз алдында жалт-жұлт еткен әсем қала лезде ғайып болғандай. Қайда қалды? Өз көзіне өзі сенер емес. Мен шынымен де Астанадамын ба? Ұлпан ештеңені түсінер емес, күйеуі де мардымды жауап бермеді. Балаларына қарап еді, жүздерінде манағы қуаныштың табы байқалмайды.

Автобустан түсті де шаң топырақ жолға беттеді. Айнала толған жатаған үйлер. Биік көп қабатты үйлер мына жерден көрінбейді. Лашық тәрізді үйшіктен әлдібіреулер кіріп-шығып жүр. Апыр-ай мұнда да адамдар тұрады екен ау деп ойлады Ұлпан. Бұлар келген үй бір бөлмелі екен. Ішіне кірсең айнала алмайтын ұядай бөлмеге  алты адам жайғасты. Мына жерді көріп, таңқалып тұрғандарын байқаған күйеуі:

-Әзірге осында уақытша күнелте тұрамыз, жақсы пәтер іздеу үшін көп уақыт керек. Мүмкіндігінше тапқан баспана осы болды, — деді ақталғандай болып.

Ұлпан тағы да үндеген жоқ. Дереу бөлме ішін реттестіруге кірісті. Қайтпек керек, көнеді да, басқа амалы бар ма? Күнкөріс үшін күйеуі жұмыс істеп осында жүр, қарсыласуға тағы болмас.

Осылайша бұлар Астананың өміріне қойып кетті. Балаларын Бәйтерекке шығарды, әсем ғимараттарды аралатты. Бірақ, әлгі қала сыртындағы лашығына келгенде жаңағы әсердің ұшқыны да қалмайды. Таңертең күйеуін жұмысқа шығарып салады да, бөлмесін тазартып, сыпырғансиды. Оның үстіне үй қожайыны дәл іргесінде тұратын болып шықты. Балаларының у-шуы әлгі қожайынға жақпаған сыңайлы, енді бұларды аңдуға көшіпті. Сәл қаттырақ дауыстары шыға қалса, жетіп келеді де тұрады. Ұлпан амал жоқ, балаларын «тұсап» отыратын болды. Көрген күні құрсын мұндай, есік алдына шығып, отыруға да мұршасын келтірмейді, көп отырмаңдар деп кетеді әлгі қожайын тағы да. Мұндай өмір балаларын әбден жалықтырды ма, енді күн сайын ауылға қайтамыз деп қыңқылдайтын болды.  Ит байласа тұрмайтын жерде өзінің де қалғысы жоқ. Кешке күйеуіне айтып көрмек. Айтты да. Ол да осыны күткендей «жарайды, қайтыңдар» десті. Жазғы демалысының бір айға жетер жетпес уақытын Астананың лашығында өткізген балаларының көңілі жарымжан. Күйеуі пойызға шығарып салып жатып:

— Мен де көп ұзамай барып қалармын, — деді.

Пойыздан түсіп, күн шуақты туған жеріне аяғы тигенде бұрын-соңды мұндай рахатты сезінбеген шығар. Кең тыныс алып, қысылған жүрегі де жай тапқандай. Балалары есік алдында асыр салып ойнайтын өз үйінің маңына таянғанда Ұлпан оларды ұстап тұра алмады. Балалары алды артына қарамай зыр жүгіріп барады. Өз үйлерін енді көргендей, екі езулері екі құлаққа жеткен. Қараса үлкені Ұлпанның жанына кеп тұр екен.

-Апа, енді біздің Астанаға барғымыз келмейді, өз үйімізден ешқайда кетпейікші, — деді де Ұлпанның жауабын күтпестен бауырларының соңынан жүгіре жөнелді.

Ұлпан күлімсіреген күйі не жыларын не күлерін білер емес…

Раушан МАХЫМОВА,

 

Пікір қосу