16-04-2024
13.3 C
Шымкент

Отырарлық генерал-майор

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Қарулы Күштерінің 25 жылдығы мерекесі қарсаңында еліміздегі бірқатар әскери қызметшіге генерал шенін табыстаған болатын. Абыройлы құрметке ие болғандардың қатарында жерлесіміз ОҚО Отырар ауданының тумасы Дулат Темірғалиұлы Адырбеков те болды.

Даңқты жерлесіміз қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрлық әскерлері бас қолбасшының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмысы жөніндегі орынбасары болып қызмет етіп келеді.Бүгін генерал-майор Дулат Адырбеков өзі алғаш білім алған оқу ордасы Ш.Қалдаяқов атындағы мектеп-гимназиясында болып, ұстаздармен, оқушылармен кездесті. Кездесуде аудан әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов Генералдың иығына отырарлықтардың атынан зерлі шапан жауып, құрмет көрсетті.

Жиын барысында Дулат Темірғалиұлының ұстаздары мен сыныптас достары балалық шақтағы естеліктерін айтып, жарқын әңгімелесті. Мұнан соң Дулат Адырбеков аудан әкімі Ерлан Айтахановтың жеке қабылдауында болды. Қабылдауда аудан басшысы бейбіт күннің батырын қызметтегі жетістігімен құттықтады.«Ел халқына шат-шадыман күлкі мен тыныш өмір сыйлауда әскеріміздің атқарып жатқан қызметтері ұшан-теңіз.

Армиямыздың айбынын асқақтататын сардарлар мен сарбаздарымызға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Отанымызды қорғап, Тәуелсіз еліміздің тыныштығын сақтауға айтулы үлес қосып жүрген сіздей жерлесін отырарлықтар әрқашанда мақтан тұтады. Еліміздің өркендеуі жолында атқарып жатқан игі қызметіңізге табыс, отбасыңызға амандық, деніңізге саулық тілеймін»,-деді аудан басшысы.

Аудан әкімі мен аудан халқының ыстық ықыласы мен ізгі тілектеріне алғысын айтқан Генерал қасиетті Отырар ауданынан әлі талай генералдардың шығатынына сенім білдірді.

Отырар аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР