Оңтүстік Қазақстан облысындағы ойыншық зауыты ауқымын кеңейтті. Жаңа қонысқа көшті. Сабақты ине сәтімен деген… Халықаралық талаптарға сай бірнеше тексеруден өтіп, өнімі экологиялық таза деп танылды. Жуық арада экспортқа да шығарылады. Рабиға Байтемірова –  «Наурыз пластик» кәсіпорнының басшысы. Бұған дейін бірнеше жыл базарда шеттен тасымалдап, ойыншық сатқан. «Бұл кәсіпті игеру біздің қолдан неге келмейді?!» деген сұрақ іскер келіншекті әркез мазалайтын.  Содан отбасымен ақылдасып, жиған-терген азды-көпті қаржысын шағын цех ашуға жұмсады.  Бүгінде кәсіпорын аяғынан нық тұрған. Оннан аса адамды  жұмыспен қамтып  отыр. Енді, индустриалды аймақтан жаңа ғимаратын салды. «Наурыз пластик» санға емес, сапаға, имиджге жұмыс істейді. Стандарт талаптарын қатаң сақтайды. Шикізаттың ең таза сұрпын пайдаланады. Бастысы, олар өздері шығаратын ойыншықтың бала денсаулығына қауіпсіз, экологиялық таза болуына баса мән береді. Машраб Джанбаев бір жылдан бері осы кәсіпорында еңбек етеді. Шеттен келген құрылғының тілін жақсы меңгеріп алған. Тұрақты жалақы, жайлы жұмыс тапқанына қуанышты. Кез келген балдырған үшін ең үлкен сыйлық, ол – ойыншық. Бұрынғының баласы  қу шыбықты ат етсе, бүгінгі баланың талғамы да, сұранысы да өзгеше. Бұл ретте кәсіпкер «өз ойыншықтарымыз арқылы балапандарға бақытты балалық шақ сыйлай алсақ, мақсатымыздың орындалғаны, еңбегіміздің текке кетпегені, – дейді.

Г. Ахметқызы

Пікір қосу