Жылына 400 тонна түбіт өңдейді

Қазақстанда түбіттен және жүннен, топстан жасалған бұйымдардың өндірісімен айналысатын жалғыз кәсіпорын әзірге ОҚО орталығы Шымкентте ғана.

«Шымкент-Кашемир»-дің ашылғанына бар-жоғы бес жылдың көлемі болса да, жылына 400 тонна түбіт өңдеуге қауқарлы. Елбасының соңғы жылдардағы кәсіпкерлерді жаппай қолдау бастамасынан кейін «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағынан кәсіп бастауға 3 гектар тегін жер алған. Сөйтіп табыс және мүлік салығынан босатылған. Үкіметтің осындай кең көлемді қолдауынан кейін оның кәсібі кеңейіп, өркендеп келеді. Қытайда бір зауыт түбіт тараса, тағы бірі жүн жуады.  Ал бұл кәсіпорын осының барлығын бір жерде өндіреді. Алғашқыда жүн жуатын бір ғана цехтан бастаған кәсіп иесі кейіннен жүн сорттайтын, жуатын, тарайтын, Топс жасайтын, көрпе мен киім тігетін қосымша 4 шеберхана салған. Алдағы уақытта жіп иіріп, бояйтын және кілем тоқитын цех ашу жоспарлап отыр. Кәсіпорындағы 5 шеберханада 33 станок орнатылған. Мәселен, Топс цехында 18 станок бар. Бір адам бір мезгілде 4 станокты қатарынан игеріп, жұмыс істей алады. Зауыттың жұмыс барысына тоқталсақ, алдымен Қазақстанның әр аймағынан әкелінген жүндер сұрыпталады. Одан кейін жүн жуатын станоктарға салынады. Жуылып біткеннен соң келесі станокта жүн таралады. Қылы бөлек, түбіті бөлек шығарылады. Қылынан матрас, түбітінен көрпе жасалады.

Пікір қосу