16-04-2024
13.3 C
Шымкент

ОҚО дәрігерлері Кореядан тәжірибе алмасып қайтты

Оңтүстік Қазақстан облысындағы аудандық, қалалық ауруханалардың 20 дәрігері Оңтүстік Корея Республикасынан тәжірибе алмасып қайтты. Бұл туралы облыс әкімі аппаратының баспасөз қызметі хабарлады.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында жергілікті дәрігерлер Оңтүстік Кореяның үздік клиникаларында болғанын жан-жақты баяндады. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың қолдауымен ұйымдастырылған шараға облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұйытқы болды.  Брифингте сөз алған Сарыағаш аудандық ауруханасының бас дəрігері Ибрагим Ташев Оңтүстік Қазақстаннан барған делегация мүшелерінің компьютерлік-ақпараттық жүйенің жұмыс тәртібімен, медициалық сақтандыру жүйесінің ерекшеліктерімен, инсульт алған науқастарға көрсетілетін көмек, инсультан кейінгі кешенді оңалту іс-шараларын ұтымды ұйымдастыру сынды жайттармен жіті танысқанын жеткізді.
– Біз ең алдымен 3 ауруханадан тұратын СЭМ медициналық клиникасының жұмысымен танысудан бастадық. Ауруханада медицинаның барлық салалары бойынша бөлімшелер бар. Кәсіби мамандар заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, заманауи талаптарға сай келетін емдеу кешендері қатарына кіретін Аджу университеттік клиникасының жұмысын көрдік. Онда бар-жоғы 80 студент дәріс алады. Клиника мамандарының айтуынша, бұл үздік медициналық мамандарды дайындаудың кепілі екен, деді Ибрагим Ташев.
Сапар аясында оңтүстікқазақстандық делегация өкілдері Кенгидо провинциясының вице-мэрі мен денсаулық сақтау министрінің қабылдауында болған.
Баспасөз мәслихатында дәрігерлер медициналық сақтандыру жүйесін осыдан 50 жыл бұрын енгізген Оңтүстік Кореяның жүйесін ел аумағында жүзеге асыруға болатынын айрықша айтты.
Арыс аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Ерғали Əлімбаевтың айтуынша, Оңтүстік Кореяда Сеул университеттік ауруханасынан басқа өзге госпитальдар толығымен жекеменшік екен. Ондағы медициналық көмектің барлығы, оның ішінде жедел жәрдем қызметі де ақылы түрде көрсетіледі. Ал, сақтандыру қорына азаматтар өзінің 20 пайыз табысын өткізіп отырады екен. Сол себептен, клиникалардың жаңа құрылғылармен жабдықталып, пациенттерге заманауи үлгіде диагностикалық және емдік көмек көрсетуге мүмкіндік бар.
Айта кетейік, осы жылдың сәуір айында Оңтүстік Корея Республикасының бір топ білікті дәрігерлері Шымкентте медицина мамандарына шеберлік дәрістер өткізіп, өздерінің тәжірибелерімен бөліскен болатын. Аталған шара аясында Оңтүстік Кореяның алдыңғы қатарлы 4 клиникасымен ынтымақтастықты арттыру мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы мен Корея Республикасы денсаулық сақтау индустриясын дамыту институты (KHIDI) арасында өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР