19-04-2024
15.3 C
Шымкент

Кооперативтердің жұмысын жандануда

Бүгінде облыс орталығында жалпы саны 4152 ауылшаруашылығы тауарын өндіруші тіркелген. Ауылшаруашылығын әртараптандыру бағдарламасы аясында 30 кооператив құрылып, ұсақ шаруа қожалықтары біріктірілуде. Жаңа құрылған кооперативтердің мүддесін қорғау әрі қызметін жандандыру мақсатында қала кооперативтерінің қауымдастығы құрылды.  Кооперативтердің жұмысын жандандыру мақсатында шаруа қауымға мемлекет тарапынан бірқатар жеңілдіктер қарастырылуда. Мәселен, мал бордақылау мен егін шаруашылығымен айналысатын кооперативтерге субсидиялар төленеді. Сондай-ақ, салықтық жеңілдіктер қолдануға, жеңілдікті несиелер мен ұзақмерзімді несиелерді пайдалануға, мемлекеттік көмек қаржыларды алуға, шығындарды өтеуге, лизингке техника алуға, мүлікті кепілге салу үдерісін қарапайымдатуға, т.б. процедураларды іске асыруға қол жеткізіледі. Осылайша, ұсақ шаруашылықтар бірігіп, мемлекеттен қолдау алуға зор мүмкіндік беріліп отыр. – Кооперативтердің қажеттілігі үшін мемлекет тарапынан 6 пайыздық үстеме ақымен 7 жылға дейін несие беру мүмкіндіктері қарастырылған. Өзіндік мүмкіндіктерін екшей отырып, Оңтүстік өңіріне биыл 500 миллион теңге қаржы бағытталып отыр. Келер жылы бұл қаражаттың көлемі 700 миллион теңгеге дейін артпақ. Салыстыра қарайтын болсақ, өзге облыстардың үлесіне тиген қаражаттың көлемі 70-200 миллион теңге аралығында ғана. Яғни, біздегі шаруа қауым үшін табыс қорын ұлғайтуға қолайлы мүмкіндік бар, – дейді қала әкімінің орынбасары Тимур Баймұханов. Ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру шағын фермерлік шаруашылықтарды жандандырмақ. Қазіргі таңда Шымкент қаласында мал шаруашылығы жақсы дамып келеді. Шаруашылықтың осы түрін алдағы уақытта да дамыта түсу үшін селекциялық жұмыстар қолға алынуда. Мәселен, мамандар қымбат асыл текті бұқаларды өсірудің тиімділігі жоғары екенін айтады. Алайда, жеке шаруалар үшін мұндай кәсіптің өзіндік қиындықтары да жетерлік. Яғни, жұқпалы аурулар тарауы мүмкін. Егер алдын ала емдеу шараларын жүргізбесе, ірі қара мал зиян шегеді. Карантин шараларын жасау шағын мал шаруашығы қожалықтарының қалтасына ауыр түседі. Ал ауылшаруашылығы кооперациясы осындай мәселелерді оңды шешуге септігін тигізбек.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР