19-04-2024
14.3 C
Шымкент

Бейбіт күннің батыры ұмытылмайды

Досбол Сапаров арамызда аман-сау жүргенде 20 жасқа толатын еді… ОҚО Шардара ауданы Көксу ауылындағы С.Ерубаев атындағы жалпы орта мектебінде өткен іс-шарада Досболдың туған-туыстары мен дос-жарандары, ұстаздары мен ауылдастары былтыр Ақтөбедегі лаңкестік әрекетте ерлікпен қаза тапқан сүйікті ұлдарын осылай деп еске алды. Мектеп директоры Бибімәриям Қарсақбаева алдымен қонақтарды Досбол Сапаровқа жасалған бұрышпен таныстырды. Іс-шараға келгендер ол оқыған сыныпты, отырған партасын көрді. Сынып жетекшісі болған Жәмила Қалдыбек Досболдың қашан көрсең жымиып жүретін, қандай тапсырма берсең де орындайтын тілалғыштығын тебірене еске алды.
«Бейбіт күннің батыры» тақырыбымен өткізілген кеште Досбол Сапар туралы арнайы фильм көрсетіліп, жүргізушілер оның өмірбаянымен таныстырды. 1997 жылдың 25 қазанында Көксу ауылдық округіне қарасты Айдарқұл-Қашар елді мекенінде өмірге келген ол 10-11 сыныпты С.Ерубаев атындағы жалпы орта мектебінде оқиды. 2015 жылдың 12 желтоқсанында Отан алдындағы әскери борышын өтеуге аттанады. Досбол Еркінбекұлы Ақтөбе қаласындағы №6655 әскери бөлімде жауынгерлік қызмет атқара жүріп, 2016 жылдың 6 маусымында болған лаңкестермен ұрыста қаза табады.
Ат құлағында ойнап өскен арда ұлға мектеп оқушылары мен ұстаздары жүректен шыққан жыр шумақтарын арнады.
Қыршын кеткен ұлына деген сағынышын анасы Жұлдыз Құдабаева да жыр шумақтарымен жеткізді. Әкесі Еркінбек Әбдіқадыров мектеп ұжымына алғыс айта отырып, Ақтөбе қаласындағы №6655 әскери бөлім шығарған кітапты сыйға тартты.
Сол кездері аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарған Тұрсынқұл Байтұрғанов :
-Досболдың қазасын естіртуге алғаш болып біздер барған едік. Сап-сау кеткен ұлдарын ата-анасына қаза тапты деп айтудың қандай ауыр болатынын айтпай-ақ қояйын. Ел үшін опат болған жерлесімізді бүкіл қазақ елі болып жоқтадық. Біз Досболды неліктен батыр деп айтамыз? Себебі, ол қара ниетті қаскөйлердің алғашқы шабуылына тойтарыс берді. Егер Досбол мен қасындағы серіктері жауға қарсы тұрмағанда олар қару-жарақ бөлмесіне басып кіріп, мыңдаған адамның өмірін қиятын еді. Сондықтан да Бибімәриям Қарсақбаевның бүгінгі өткізіп отырған іс-шарасының маңызы өте зор деп білемін. Алдағы уақытта мұндай еске алу кешін аудандық деңгейде ұйымдастырса жас ұрпақ үшін тәрбиелік мәні жоғары болады деп ойлаймын, — деді.
Жиын соңында Досбол Сапарды еске алуға арналған волейбол жарысы ұйымдастырылды. Мектепте арнайы ас беріліп, Досбол Сапардың рухына құран бағышталды.
Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР