Оңтүстік Қазақстан облысында ағымдағы жылы 11-сыныпты бітірген 33 мың мектеп бітірушінің орнына 73 мыңнан астам оқушы бірінші сыныпқа қабылданған. Нәтижесінде өңірде оқушы орнына деген тапшылық байқалуда. Аталған мәселені шешу мақсатында 2017 жылы облыс көлеміндегі 79 білім нысанының құрылысына 31,9 млрд. теңге бағытталып, биыл 31 нысанды пайдалануға беру жоспарланған.  Бүгін бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов мәлім етті. Басқарма басшысының айтуынша, 2017-2018 оқу жылында облыстағы 1038 мектепте 634 мыңға жуық оқушы білім алуда. Сондай-ақ, биылғы оқу жылында 992 мектеп жұмысы бес күндік оқу аптасына көшірілген. Оның ішінде жаңартылған білім беру жүйесіне көшкен 1, 2, 5 және 7-сыныптағы 300 мыңға жуық оқушы білім алады. Ал мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға келсек, ағымдағы жылдың 1 қарашадағы есебі бойынша облыста 1-6 жастағы 183 280 баланы қамтитын 1700-ден астам мектепке дейінгі ұйымдар жұмыс істейді.  «Олардың 991-і жекеменшік, ал бұл жалпы мектепке дейінгі ұйымдардың 58 пайызын құрайды. 2017 жылы жалпы 8805 орынға 108 мектепке дейінгі ұйымдар іске қосылды. Сондай-ақ, 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту биыл 82,5 пайызға дейін өсті.  Жыл соңына дейін қосымша 7 815 орынға лайықталған 45 мектепке дейінгі ұйымдар ашылып, балдарды қамту 85,5 пайызды құрайтын болады», -деді Исатай Өмірзақұлы.  Сонымен қатар, «Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына» сәйкес, соңғы бес жылда облыс мектептеріне 40285 дана компьютерлер сатып алынған. 2017 жылы 520 мектепке 2354 комплект мультимедиялық құралдарды алу жоспарланған. Бұдан бөлек, мектеп оқушыларына арналған электронды журналдар мен күнделіктердің kundelik.kz пилоттық жобасы өңірдегі 710 мектепте ендіріліп, жұмыс жүргізуде. Бұл облыстағы мектептердің 69 пайызын құрайды. Сонымен қатар мектептерді электронды білім беру контентімен қамтамасыз ету мақсатында «Bilimland» білім беру платформасына қосу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобаға 1021 мектепті қосуға республикалық бюджеттен 2017 жылға 222,2 млн. теңге қаралып, нәтижесінде білім мекемелері электронды білім беру контенттеріне толық қосылған.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі 

Пікір қосу