ОҚО Отырар ауыл округінің шаруалары биылғы жылы үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Ауыл еңбеккерлері жүгері, көкөністер мен бақша өнімдерін өндіруде мол табыстарға кенелген. Бұл туралы ауыл әкімі Дінмұхаммед Үсетов Арыс ауылында өткен «Алтын күз – 2017» ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің мерекесінде сөз етті.
Мереке аясында ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өтіп, онда халық сұранысына ие азық-түлік өнімдері делдалсыз төмен бағамен ұсынылды. Жәрмеңкеге аудан әкімінің міндетін атқарушы Рыскелді Әліш арнайы қатысып, кәсіпкерлермен, тұтынушылармен кездесті. Жәрмеңкедегі тауар бағаларына көңілдері толатынын айтқан ауыл тұрғындары осындай шараны ұйымдастырған аудан әкімдігіне алғыстарын айтты.
Мұнан соң мерекелік шарада сөз алған Рыскелді Салхутдинұлы тұрғындар мен ауыл еңбеккерлерін мерекемен құттықтап, аудан әкімі Ерлан Айтахановтың бастамасымен өтіп жатқан жәрмеңке алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді. Шара барысында ауыл әкімі Дінмұхаммед Үсетов ауылшаруашылығы саласыда үлкен жетістікке қол жеткізген озат шаруаларды марапаттады.
Ауыл тұрғыны, «Әбіш ата» шаруақожалығының төрағасы Көпбай Теміртайұлы жүгері өсіруде озат болса, Нұржан Сатыпалдыұлы бақша өнімдерін өндіруде мол табысқа кенелді. Көкөніс өнімдерін өсіруді қолға алған Жанболат Тұрмағамбетов пен жем-шөп өсіруді дамытқан Базарбай Ақынбековтер де озаттар қатарынан көрінді. Айта кету керек ауылшаруашылығы техникаларының қыр-сырын танып білген еңбеккерлердің де осы саланың дамуына қосқан үлестері орасан. Ауыл тұрғыны, озат комбайншы Мейрамбек Сәрсенбайұлы мен озат механизатор Абай Нәзірханұлының да еңбектері еленді.
Жаздай төккен маңдай терінің арқасында мол өнім алып, ауылшаруашылығы саласын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан шаруаларға сый-сияпаттар табысталды.

Пікір қосу