ОҚО Отырар ауданы әкімінің міндетін атқарушы Рыскелді Әліштің төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтіп, онда екі мәселе қаралды. Жиында аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ержан Оралбай «Бизнестің жол картасы-2020» және «Үдемелі индустриялды инновациялық даму» бағдарламаларының орындалу барысы туралы баяндады. Бөлім басшысының айтуынша 2017 жылдың есепті мерзімінде негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 7 млрд. 974млн. 700 мың теңгені құрады. Оның ішінде жеке тартылған инвестиция көлемі 2 есе артығымен орындалған. Мұнан бөлек ауданда инвестициялық ахуалды дамыту мақсатында «Dala Solar» күн сәулесінен электр энергиясын өндіру жобасы қолға алынбақ.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының Отырар ауданы бойынша орындалуы бойынша аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қалдира Кизбай баяндап, 2017 жылдың 10 айында атқарған жұмыстарға тоқталды.
Аудан бойынша халықты жұмыспен қамтамасыз етудің 2017 жылға кешенді жоспары 2334 адам болса, соңғы он айдың өзінде бұл жоспар артығымен орындалып, 2434 адам жұмыспен қамтылып отыр. Ал, мүмкіндігі шектеулі жандар бойынша 78 адам жұмысқа тартылса, 214 адам әлеуметтік жұмыспен қамтылған. Жиынды қорытындылаған Рыскелді Салхутдинұлы тиісті сала және мекеме басшыларына айтылған мәселелер бойынша жұмыстарды одан әрі ширатуды тапсырып, жыл қорытындысымен жақсы нәтижелерді күтетінін жеткізді.

Пікір қосу