18-05-2021
21.3 C
Шымкент

С.Әбдіхалықов: «Оңтүстік-циркке» келуім тосын жәйт емес

Сәбит Әбдіхалықов –кино индустриясын тың туындыларымен толықтырып жүрген режиссер. Оның  комедия жанрындағы «Ханталапай», «Несиеге махаббат» фильмдері көзіқарақты көрерменнің оң  бағасын алды. Сондай-ақ актер соңғы уақытта шоу бизнесте де ел назарын өзіне аударды. Айгүл мен Алтынайдың күтпеген дуэті көпшіліктің таңданысын тудырды. Кино мен сатираны ұштастырған актер жуырда  «Оңтүстік Цирктің» директоры  қызметіне тағайындалды. Ел-жұртты күлдіруден алдына жан салмайтын актердің қала тұрғындарына  тосын сыйы бар ма? Құлақ түрейік… 

Сәбит   аға, Оңтүстік Цирктің басшылығына   қалай келдіңіз?

Өнер ұжымының басшылығына келу мен үшін тосын жайт болған жоқ.  Бұған дейін екі жыл басқарған директоры Сұлтан Срайлов ұсыныс жасады. Сөйтіп конкурсқа қатысып, іріктеуден өттім. Проректор болғаным болмаса, басшылық қызметтің тізгінін ұстаған емеспін. Циркке келгелі әртістердің басын қосып, ұжым жасау оңай емес екеніне көзім жетіп жатыр. Әйтсе де қадамым сәтсіз болмаған сияқты. Мақтанды демеңіз, жеткілікті қаражат бөлінсе, «Оңтүстік  Циркті» жоғары деңгейге  көтере алатыныма сенімдімін.

-Цирк жұмысын   қалай жандандырмақсыз?

-Өнер ұжымында цирк әртістері жетіспейді. Мұнда  Шымкенттен небәрі 5-6 әртіс қана жұмыс істейді. Сол себепті өнер адамдарының көбісін сырттан алдыруға мәжбүрміз. Әрі кең тараған мамандық болмаған соң, цирк өнері үлкен еңбекті талап етеді. Қынжылатыным- ұжым әртістерінің жалақысы аз. Ал цирк сахнасы әр елдің циркімен алмасып отырғаны дұрыс. Әйтпесе бір бағдарлама көрерменді жалықтыруы мүмкін. Қазір Африка, Германия мен Кения  әртістерімен келіссөз жүргізудеміз. Сондай-ақ қаңтардың 15-нен бастап  «Оңтүстік Циркте» кастинг өтеді. Ел арасынан, облыс аумағынан өнерлі жастарды іріктеп, өнер ұжымына тартпақпыз. Тағы бір жағымды жаңалығымыз өнер ордасы жақын күндері «Шапитоға» (құрастырмалы, жылжымалы манеж) қол жеткізгелі отыр. Шалғай өңірлерде орналасқан ауыл-аймақтар мен Тараз, Қызылорда қалаларына гастрольге шығуға мүмкіндік алады. Ал қазан айында цирк бағдарламасын 3D форматқа көшіріп, лазерлі шоу қоюды жоспарлап жүрмін.Сондай-ақ алдағы уақытта аңдардың қатарын  маймыл және жыландармен толықтырмақпыз.

-Сізді жұртшылық әзіл-сықақ театрының актері ретінде таниды. Қазір  кино түсірумен айналысып жүрсіз. Кино саласы қандай екен?

-Мен өнер адамымын. Мамандығым да  – актер. Бүгінгі күнге дейін табысқа, жетістікке жетсем, оны актерлігімнің арқасы деп білемін. Сол себепті өнер саласында жүрген соң  кино жанрында да өз қолтаңбамды қалдырғым келді. Тырнақалды алғашқы туындым –«Ханталапай».  Ал «Несиеге махаббат» –комедиялық жанрда түсірілген кино. Қазір несиеге бәрін де алуға болады. Тұрғын үйді де, автокөлікті де. Тіпті екі жастың тойын да несиеге жасаймыз. Тек банк қарызын уақтылы   төлесеңіз болғаны. Ал өтей алмаса борышкер мазасыз күйге түседі.  Мен кино арқылы қалжыңмен көрерменге титтей болса да ой салғым келді. Көркем фильмде халықтың несиеден көрген қиыншылығы мен тауқыметі суреттеледі. Қазақ және орыс тілдерінде түсірілген  1 сағат 28 минуттық  фильмде диалог аз.Мұнан бөлек «Қазығұрт» киностудиясы «Абай», «Исабеков әлемі» атты деректі фильмдерді түсірді.  Қазір «Жұмбақ әлем» киносының жобасын жасап жатырмын. Бұл киностудияның алтыншы фильмі болмақ.  

-«Мафия мен тақия» театрының жай күйі қалай?

-Сатирадан біржола кеткенім жоқ. Әйтсе де біраз суып қалғанымды байқаймын. Театрдың жұмысын Жанатбекке тапсырдым. Мен де қол қусырып отырмаймын. Үлгеріп жатсам, қойылымдарды да ойнап беремін.  Сондықтан жобамызды аяқсыз қалдыруға негіз жоқ.

-Алдағы концерттеріңізде «суыған көңілмен» жұртты сергіте аласыздар ма?

— Жанатбек екеуміздің әзілдерімізге халық  шаттанып күлмесе де, ризалықпен қол соғады. Ал өзіме көрерменнің риясыз қошеметі маңызды.

-Басшылық қызмет кино түсіруге кедергі келтірмей ме?

Кедергі келтірмейді. Кино режиссері «Жұмбақ әлем» киносы бойынша киелі орындарды түсіру жұмыстарын қолға алды. Киностудияның жігіттері әрі қарай жұмысын жасай береді. Менің сахнадан кетуім, сатирамен қоштасуым мүмкін. Бірақ киноны тастамаймын.

Өз бастамаңызбен 3 жас бакытты болсын  атты жеке шығармашылық кештеріңізді бердіңіздер. Концерттің  мақсаты не?

Бұл  бір жылға жасалған уақытша  концерттік жоба болатын. Бұрын соңды болмаған  концерт шындығында көпшілікті таңқалдырды. Күтпеген дуэт көрерменнің таңдайын қаққызды. Өздеріңіз куә болғандай,  концерт араға ай салып, тыңдарманның сұрауымен қайта көрсетілді. Шындығында ән кешіне халық соншалықты көп жиналады деп ойлаған жоқпын. Бірақ екеуі өмір бойы бірге ән айтпайды. Айгүлдің де, Алтынайдың да шығармашылығы бөлек. Менің жұмысым да, кәсібім  де басқа. Әдемі басталған жоба сол қалпында қалады. Әрі қарай жалғастырмаймыз.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Құттыбике НҰРҒАБЫЛ.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР