16-04-2024
13.3 C
Шымкент

Шымкент қар астында қалды…

«Қазгидромет» ОҚО филиалының деректері бойынша, қаңтардың 23-24 күндері Шымкентте түн мезгіліндегі ауа температурасы -16 градус болмақ. Дәл осы күндері қала тұрғындары сақтық шараларын күшейтіп, тиісті мекемелер өз жұмыстарына сақадай-сай болғаны абзал. Бұл жөнінде бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен рейдтік іс-шара барысында «Қазгидромет» ОҚО филиалының директоры Махамбет Жазықбаев мәлім етті.  DSC_0906

Табиғаттың тосын мінезінен соңғы екі күнде өңірімізде ауа райы күрт суығаны белгілі. Басы жаңбырдан басталып, тәулік бойы толастамай жауған қар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз еткен қызметкерлерді әжептеуір әбігерге түсірді.  Дегенмен, қаладағы жол тәртібін бақылаушы мекемелер өз жұмыстарын зор жауапкершілікпен атқаруда. Бұл орайда, Шымкент қалалық тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімі, Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы және қалалық жол-патрульдік полиция полкі бірлесе еңбек етуде.

 – 17-24 қаңтар аралығында облыстың барлық аймағында қалың қар түсетіні туралы хабарланған болатын. Өздеріңіз байқағандай, қар әлі жауып тұр. Созақ ауданында бүгін -26 градус тіркелді. Бір атап өтерлігі, соңғы 2 тәулікте жапалақтап жауған қардың әсерінен көрсеткіш артып, бір айлық норманың 80 пайызын орындап отыр. Біздің болжамымыз бойынша, 23-24 күндері облысымыздың солтүстік аймақтарында ауа температурасы -28 градусқа дейін төмендейді. Ал, қаңтардың 24-іне қарай қардың ұшқындауы сәл саябырсиды, – дейді «Қазгидромет» ОҚО филиалының басшысы.

Қазыбек би көшесі мен Тәуке хан даңғылына жасаған рейд кезінде байқағанымыз, басқа көшелердегідей мұнда да арнайы техникалар қызу жұмыс жүргізуде екен. Шымкент қалалық тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Нұрсұлтан Әлиевтің айтуынша, жол жиектеріндегі қарлар арнайы автогрейдерлердің көмегімен күн сайын тазалануда. Қазіргі уақытта 55 техника, 9 автогрейдер жұмылдырылған.

– Қазір тоқтап тұрған техника жоқ, бәрі жұмыс істеп жатыр. Қалыпты күндері 30-35 техника жұмылдырылатын болса, бұл жолы екі есеге ұлғайтып, барлығын іске жараттық, – дейді басқарма басшысының орынбасары. – Бүгінде қала көшелерін тазалайтын мекемелер арасында келісім-шарт түзілген. Яғни, олар төтенше жағдайлар болған жағдайда бірлесе іс-әрекет жасайды. Қала бойынша қар тазалайтын «ЛТД Тұрмыс», «Бәйтерек-ЛБ», «Югдорсервис» мекемелері 11 бағыт бойынша шаһардағы 127 көше-даңғылдарда жұмыс істеуде. Айта кетейік, әр бағытта 3-5 техника бар. Олар ең алдымен, қаладағы Қонаев, Тәуке хан, Республика және Бәйдібек би даңғылдарындағы жол арналарын бақылауға алған. Шымкент қалалық жол-патрульдік полиция полкі командирінің орынбасары, полиция майоры Ерлан Ермекбаевтың мәлімдеуінше, қардың қалың түсуіне байланысты коммуналдық қызметтермен қатар қалалық жол-патрульдік полиция қызметі де көше тазалау жұмыстарына белсене атсалысуда. Жол сақшылары өз кезегінде жолдың жиегіне заңсыз қойылған автокөлік иелерін жазалап, әкімшілік шара қолдануда екен. Мәселен, аталған жол-патрульдік полиция қызметінің көмегімен таңертеңнен бері 40-қа жуық автокөлік иелеріне айыппұл салынып, олардың көліктері эвакуатормен айып тұрақтарына жеткізілген. Айта кетейік, жол жиектеріне темір тұлпарын заңсыз қойған жүргізушілерге 5 айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл салынуда.

Сәбит ТАСТАНБЕК.                                                                                                                                                                  Дерек көзі: shymkent.gov.kz

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР