16-04-2024
18.3 C
Шымкент

Оңтүстікте туристік қызмет көрсету қай деңгейде?

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен мәжілісте облыстық туризм басқармасының 2013 жылы атқарылған жұмыстар бойынша есебі тыңдалды. 

468704_html_15e74d31

Басқарма басшысы Райымбек Жолдастың айтуынша, соңғы деректерге сәйкес, облыста туристік қызмет көрсету нысандарының саны 2012 жылмен салыстырғанда 13-ке артқан, оның ішінде емдік-сауықтыру орындары 40 бірлік болса, демалыс аймақтары — 34, қонақ күтетін үйлер — 6 бірлікті құраған. Облысқа келген туристер саны да артып отыр. Өткен жылы қонақ үйлерде қызмет көрсетілген туристер саны қаңтар-қыркүйек айларында 85 мың 833 адамды құрап, 2012 жылмен салыстырғанда 13,5 пайызға артқан, оның ішінде шет елдерден келгендер саны — 9588 адам. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2013 жылдың қаңтар-қыркүйегінде туристік қызметтен түскен жиынтық табыс 1 млрд. 663 млн. 369 мың теңгені құраған.  «Бүгінгі таңда облыс бойынша туристік ұйымдардың саны 156 бірлікті құрайды, оның 70-і туристік операторлар болса, 86-сы — туристік агенттіктер. Осы ұйымдардың 101-і ғана тұрақты жұмыс жүргізіп отыр. Туристік инфрақұрылымды дамытуда «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің маңызы зор болмақ. Осы жол бойынан жолаушыларға қызмет көрсететін 4 сервистік қызмет көрсету кешендерін салу жоспарланған. Қазір Түркістан, Бәйдібек, Сайрам, Түлкібас аудандары аумағында жер учаскелері белгіленді, инвесторлар айқындалып, эскиздік жобалары жасалынды», — дейді басқарма басшысы.  Жиынды қорытындылаған әкім Асқар Мырзахметов Түркістанға келетін туристердің саны жылына 600 мың адамнан асатынын мысалға келтіре отырып, өңірге келетіндердің саны мен үлесіне тұрақты мониторинг жасауға айрықша тоқталды. Туристерді есепке алудың тиімді жобасын әзірлеуді тапсырып, бюджетке түсетін табыстарды нақты біліп, соған байланысты алдағы атқаратын шаруаларды белгілеу керектігіне назар аударды.

Дерек көзі: Қазақпарат

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР