16-04-2024
18.3 C
Шымкент

Шәкірттеріммен бірге ән кешімді өткізгім келеді

 Әбдіхан Нұрмаханбетов, облыстық Ш.Қалдыаяқов атындағы филармонияның директоры:

-Әбдіхан аға,  Ш. Қалдаяқов атындағы филармонияға келгеніңізге біршама уақыт болды. Сахнадан көрінбей қоюыңыздың себебі басшылыққа байланысты ма? 

-Мені көрінбей кетті деп жүрген тыңдармандарымның өкпесін естіп жүрмін. Басшылық қызметiме байланысты сахнадан көрiнбей жүргенім рас. Филармонияға келгелі бос уақытым жоқтың қасы. Өнер ұжымының  жұмысын жандандыру үшін  біраз тер төгуге тура келді. Әншілермен сахнада жүргендіктен  жеке шығармашылығыма көңіл бөлуге мұршам  жоқ. Қысқасы, өнер ұжымының жұмыстарымен көп айналысып кеттім. Ендігі мақсатым филармонияның дамуына қолдан келгенше үлес қосу. Сәтiн салса, шәкiрттерiммен бiрге симфониялық оркестрмен жанды дауыста концерт берiп, көрерменiммен қайта қауышсам деймін.

-Филармонияға басшылыққа келгелі өзгеріс бар ма?

Әрине бар. Бұл өңірде өнер тіні үзілмеген. Халықтың да өнерге ықыласы жоғары. Қазір заманауи жабдықталған өнер ордасында керектінің  бәрі бар. Біздің ұжым әншілерінің әншілік деңгейі жоғары. Қандай іс-шара болсын әншілеріміз ортасында жүреді. Жетістігі де  жетерлік. Республикалық «Аймақтар аламаны» тележобасында «Қазына» ансамблі бас жүлдені иеленді. Бұған дейін болмаған әншілердің  көп дауыста ән орындау стилін жолға қойдық. Бір әншіні сахнаға дайындап шығару оңай. Ал бір әнмен 10  әншіні сахнаға шығару қиын. Осыдан екі жыл Сейдолла Бәйтерековтің шығармашылығына арналған «Арыс жағасында» ретро-фестивалі өтті.  Белгілі өнер иелері Роза Рымбаева, Бақыт Шадаева арнайы қонаққа келді. Композитордың туындыларын көп дауыста  шырқаған әншілеріміз жаңа қырынан көрінді. Көрермен тоғыз әншінің орындауындағы әннен ерекше әсер алды.

Бұрынғыдай емес, халық бізді жақсы қабылдайды. Аймақтарды ғана аралап қоймай, Ресейде, Татарстанда гастрольдік сапарда   болдық. Шүкір, абыройсыз  қайтқан күніміз жоқ.

-Сөзіңізден байқап отырмын. Жұртшылықтың эстрадаға назары ауса да, концерттеріңізге көрермен көп жиналатын сияқты…

-Иә, біздің де өз тыңдарманымыз бар. Концерттеріміздің бәрі де ерекше өтеді. Талғамы жоғары  тыңдарман  нені тыңдау керек екенін жақсы  біледі. Сондықтан еңбегіміз елеусіз емес. Маңдай теріміз текке кетіп жатқан жоқ. Қай өңір жұртшылығы болсын жанды дауыстағы концерттерімізді  ден қойып тыңдайды.

-Жастарды өнерге баулып, елгі белгілі шәкірттер тәрбиеледіңіз. Филармонияға келген соң да талантты жастарға қолдау көрсету мүмкіндігі молайды. Бірақ өнерлі жастарды неге көрмей жүрміз?

— Шын талант жарнамасыз-ақ танылады ғой. Киелі өнер шаңырағына келгелі 4 жігіттің басын біріктіріп, квартет құрдым. Жас қыздармен жұмыс істеп, трионы  өмірге әкелдік. «Старс»  тобы сенімімді ақтады. Арай байқауында гран-приді жеңіп алып, Елбасының қатысуымен өткен кешке қатысты. Сондай-ақ «Өркен» тобының да өрлейтін кезі алда.

-Шәкірт тәрбиелеу кез келгеннің қолынан келмейді. Ұстаздық жауапкершілікті қалай сезінесіз?

Өнерлі  жастардан көмегімді аяған емеспін. Бағыты айқындалмаған талай баланың жұлдызының жануына септігім тиді. Өңірімізде аймақтық «Балауса»  байқауы өтетін. Мен сол байқауға қазылық еттім. Ордабасы ауданынан Асқар Жүнісбеков деген бала қатысты. Дауысы ашық екен. Риза болып, өнерін  он балға бағаладым. Ал Қызылордадан келген әділқазы мүшесі Асқарға  алты балл қойды. Себебін сұрағандарға әлгі апай «Асқардың келешегінен ештеңе көріп тұрғаным жоқ. Бұл ертең той әншісі болады»,- деді. Мен Асқардан жақсы әнші шығатынын айттым. Байқаудан соң оны ауылына іздеп бардым. Келесі жылы өтетін «Балаусаға» өзім дайындадым. Былтырғы әділқазы мүшелері тағы да  байқауға қазылық еттік. Бұл жолы Қызылордадан келген кісі Асқарға 10 балды ойланбастан қойды. Мен оған «бұл сіздің  баяғы той әншісі болады деген балаңыз  ғой» дегенімде таңырқаған күйі үнсіз қалды. Жүнісбековпен бірге талантты жастарға да ұстаз болдым. Бар күш-жігерімді соларға жұмсадым. Тіпті шәкірттерім үшін шығармашылығымды жылы жауып қойдым. Қазір шәкірттерім  Еркін Нұржанов, «Мұнарлан» тобы, Мөлдір Бақытжанқызы, Дана, Дінмұхамед, Мамадияр Тәукеев  ел алдында жүр. Шәкірттерімнің жерге қаратқан күні жоқ. Қазақ эстрадасының жұлдызы болған  таланттарға ұстаз болған тағдырыма ризамын. Оларды әрқашан мақтан тұтамын.

-Шәкірттеріңізге қандай талап қойдыңыз?

Адамгершілігіне қараймын. Егер адами қасиеті  болмаса қалай әнші болады? Бірақ қаржысы болса да әуесқой әншіні дайындаған жоқпын. Азын-аулақ дүниеге қызықпадым. Ал шәкірттерімді байқауларға міндетті түрде қатыстырамын. Бәйге жарысына аттарды қалай баптаса мен де шәкірттерімді солай дайындаймын. Шүкір, тәрбиелеген жастардың бәрі сахнада жүр. Олардың бесеуі филармонияда жұмыс істейді.

 -Оқытушылық қызметке қайтып оралғыңыз келмей ме?

—   ОҚМУ-нің сол кездегі ректоры Уәлихан Бишімбаев қабілетімді ба­ғалап, жұмысқа шақырды. Жанашыр азамат үнемі қолдау көрсетіп,  өнердегі екінші ұстазым  болды. Шынымды айтсам,  сол уақыттарда сахнаны сағындым. Іштей өнерден алшақ кете алмайтынымды түсіндім. Құрманғазы атындағы консерваторияның ән бөлімінде оқыдым. Музыкалық білімім де  жетеді. Әлі де жұмысқа шақыратындар бар. Менің қазір шәкірт  дайындайтын уақытым жоқ. Өз басшылығымның қызметі жетіп жатыр.

-Қандай жоспарларыңыз бар?

Көңіл шіркін шалқи береді ғой. Асқақ армандар қаншама?! Өнер жолында жүргеніме өкінбеймін.  Шәкірттерім де, өнер ұжымының әншілері де абыройсыз емес.  Талай жанды талантымен мойындатып, қошеметтеріне бөленіп  жүр. Әйтсе де  мансапты, болмаса қарақан басымның қамын ойламаймын. Филармония әншілерін аймақпен ғана шектегім келмейді. Шетелдерге шығарып, олардың талантын насихаттасам деймін. Тыңдармандары ма да тосын сый жасауды жоспарлап жүрмін. Шәкірттеріммен бірге бірге ән кешімді өткізгім келеді. Өйткені концерттерге қатысып, бір-екі  ән  орындағаным  болмаса, жеке өнер көрсеткен жоқпын.

— Жеке шығармашылығыңыздың жай-күйі қалай? Бәкiр Тәжiбаевтың «Ақбұлақ», Шәмшi Қалдаяқовтың «Қайықта» әндерінен соң бәсеңдеп қалған сияқты…

-Шығармашылық ізденісімде шек жоқ. Өзім әншінің репертуары бай болуы керек деп есептеймін. Содан болар, репертуарды байытуды, ізденісті тоқтатқан емеспін. Шәмшінің сырлы саздары да, халық әндері де ән қоржынымнан табылады. Соңғы жылдары ел ауызында айтылып жүрген халық әндеріне  көп көңіл бөлдім. Оларды әуенін өзгертпей, жанды дауыста орындаудың жөні басқа. Қай әнді орындасам да фонограмма көмегіне жүгінбеймін.

-Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Құттыбике НҰРҒАБЫЛ. «Шымкент келбеті»

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР