19-04-2024
24.3 C
Шымкент

Әкім есебіне қанша қаражат жұмсалды?

Қазақстанда 14 облыс, 86 қала, (оның 41-і – республикалық және облыстық бағыныстағы), 175 аудан, 34 кенттік және 2 468 ауылдық әкімшілік бар. Бүгінде осы 3 мыңға жуық елді мекендердің әкімқаралары тұрғындарға өз есебін беруде. Ол есептің кереметі де, орташасы да, қанағаттандырарлығы да кездеседі. Десек те, осы әкімдер есебінің моральдік, психологиялық һәм материалдық шығынын есептеп көрген біреу бар ма? Әрине, бұл мәселеге баса назар аудармағандықтан, жауап беру қиын. Сол қиын сұраққа «Алаш айнасы» логикалық тұрғыда жобалап жауап беруге тырысты.  1361347140_dsc_8519-kz

Картинаның «қаңқасы» 

Әрине, әкімдер есебінің қартинасы мейлінше шындыққа жанасуы үшін еліміздегі 14 облыс пен ірі қала саналатын Астана мен Алматы қалаларын ғана алайық. Өйткені біздегі облыс орталықтарының дені үлкен қалаларда орналасқан. Яғни кейбір мәселелерде ғана айырмашылық болуы мүмкін. Мәселен, бір ғана әкім есеп берді делік. Бұл есеп беруге шамамен 500-ден 1000 адамға дейін қатысады. Орташа есеппен алсақ, әкім есебіне 700 адам қатысса, оның едәуір бөлігін бюджет саласында жұмыс істейтін қызметкерлер құрайтыны белгілі. Демек, әкім есебіне келетіндердің 100-і әкімдік қызметкері десек, 100 мұғалім, 100 дәрігер, 100 ішкі істер органдарының қызметкері болуы мүмкін. Ал қалған бұқараны қарапайым қала тұрғындары, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері құрайды. Мұның сыртында жол қауіпсіздігін қадағалау үшін 30-ға жуық жол полициясы қызметкерлері, екі-үш жедел жәрдем көлігі, бір өрт сөндіру қызметі шақырылатыны сөзсіз. Бұл – әкім есебі картинасының сыртқы «қаңқасы» ғана. Енді осы сыртқы көріністі жіліктеп көрейік.

Жіліктеу…
Әкім есебіне әкімшілік қызметкерлерден 100 адам қатысты делік. Бұл есеп кемі үш сағатқа созылады. Мемлекеттік қызметкерлер күніне алты сағат қызмет істейтінін ескерсек, үш сағат дегеніміз – жарты күндік жұмыс уақыты. Енді сол әкімдікте қызмет жасайтын азаматтардың жалақысына мән берейік. Мысалы, әкімшілікте қызмет істейтін қызметкерлердің орташа жалақысы 80 мың теңге. Айына шамамен 21 күн жұмыс күні деп, 80 мыңды 21 күнге бөліп көріңіз. 3 809 теңге шығады. Осы 3 809 теңгені екіге бөліп, әкімшілік қызметкерлері жарты күндік жалақысының сомасын шығарсақ, 1 904 теңгені құрайды. Бұл – бір қызметкердің ғана осы есеп кезінде мемлекеттен алатын қаржысының сомасы. Осы соманы 100-ге көбейтсек, 109 400 теңге шығады. Енді осы 109 400 теңгені ойыңызға дөңгелек сызып, белгілеп қойыңыз…
Тура осы есепті мемлекеттік қызмет болып саналатын мұғалімдер мен дәрі­герлерге жүргізсек. Мұғалім мен дәрігердің орташа жалақысы 70 мың теңге. 70 мыңды 21 күнге бөліп, шыққан нәтижені екіге бөлсеңіз, 1 666 теңге шығады. Оны 100 мұғалім мен 100 дәрігерге көбейтіп, 333 200 теңге шығаруға болады. 
Осы 333 200 теңгені де санаңызда сақтаңыз…
Енді осы тәсілмен Ішкі істер органының 100 қызметкерінің жалақысына «көз тігелік». Ішкі істер органы қызметкерлерінің орташа жалақысы 140 мың мен 180 мың аралығында. Біз 140 мыңды місе тұтайық. Мысалы, 140 мың теңге жалақы алатын полицейдің айлық ақшасын 21 күнге бөліп, 2-ге бөлсеңіз, 3 333 теңге шығады. 3 333 теңгені 100-ге көбейтіп, 330 300 теңгені тағы да дөңгелектеп қоя­лық. 
Енді осы 330 300 теңгені де ұмыта көрмеңіз…
Осы жерден есебіміздің тізгінін тарталық. Әкім есебіне өз еркімен, өз қызығушылығымен келетін қарапайым халық пен арнайы қонақ есебінде келетін ардагерлердің зейнетақысын, зиялы қауымның табысын шотқа салып жату артық болар. Десек те, назарға алатын тағы да бір жайт­тар бар.
Осы шыққан үш қорытындыны бір-біріне қоссақ, 109 400+333 200 +330 300 нәтижесінде 772 900 теңге болады. Әкімдер есебінің арифметикалық түйіні

Орташа материалдық шығын 
Біз енді осы келтірген логикалық есебіміздегі шығындарды қортындылайық.
100 әкімдік қызметкері, 100 мұғалім, 100 дәрі­гер, 100 тәртіп сақшысының жарты күндік жалақы­сы орташа есеппен – 772 900 теңге 
Әкім есебі өтетін сарай шығыны орташа есеппен – 1 млн теңге.
Әкім есебі кезіндегі сырттағы тәртіп сақшыларының жарты күндік жалақысы орташа есеппен – 165 150 теңге. «Әкім есебіне дейінгі «есеп»… деген тақырып­ша­да 300 мың теңгені шамалағанбыз.
Енді осы сандарды қосыңыз… 2 млн 238 мың 50 тең­ге шыға келеді.

Бір әкім есеп берсе, 3 700 бала дәріс оқи алмай қалады
Енді моральдық һәм психологиялық шығындарға шолу жасап көрелік. Егер де әкімшілік қызметкері осы әкім есебі болатын сәтте жұмыс істеп отырса, не бітірер еді? Мәселен, 100 мемлекеттік қызметкердің үш сағат ішінде 300 тұрғынның шағымын қарауына әбден болады. Әрине, олардың дені шағымды қарауға міндетті емес шығар. Десек те, мемлекеттік қызметте отырған соң, сол 100 қызметкер 300 азаматтың өміріне қатысты шаруаларды тындыратынын ұмытпағанымыз жөн. 
Енді 100 мұғалімнің жарты күндік жұмысының моральдық шығынына назар салайық. 100 мұғалімнің ішінде 50-і басшылық қызметтегілер дегеннің өзінде 50-і үш сағат ішінде үш сыныпқа дәріс оқи алады. Яғни 50 мұғалім жарты күндік жұмыс уақытында 150 сыныпқа сабақ береді деген сөз. Әр сыныпта 25 оқушы бар деп есептесек, үш сағат ішінде 3 750 баланы білім нәрімен сусындатуға болады. Қазір көптеген әкімдер мұғалімдерді мәжбүрлі түрде әкім есебіне қатыстырады деген сынды пікірлер айтылып жүр. Сондықтан да мұны да қаперге алған жөн. Жарты күндік жұмыс уақытындағы 100 дәрігердің дәргейіне де мән беріп көрейік… Ақ халатты абзал жандардың біреуі 1 сағатта екі науқасты қабылдауға қабілетті немесе үш сағат ішінде жеңіл-желпі екі ота жасауға болады. Яғни 100 дәрігер сағатына екі науқас қабылдаса, 200 адам дәрігер көмегіне қол жеткізер еді. Осы 100 дәрігердің 50-і үш сағат ішінде екі азаматқа кішігірім ота жасаса, 100 отаның төбесі көрінері хақ. Ендігі назарды мемлекеттік қызмет болып саналатын ішкі істер органдары қызметкерлеріне аударалық. Басшысы бар, басқасы бар 100 тәртіп сақшысы үш сағат ішінде кемі 300 қылмыстық іспен жұмыс жасауға қабілетті. Я болмаса, үлкен қалаларда сағатына төрт-бес қылмыс ашылатынын ескерсек, осы 100 сақшы орташа есеппен үш сағатта ірілі-ұсақты 20-ға жуық қылмысқа шектеу қоя алар еді.

Жарты күнде көзден бұл-бұл  ұшқан 1 миллион
Әкім есебі сыйымдылығы үлкен залдарда, сарайларда өтетіні белгілі. Мәселен, биылғы Алматы қаласы әкімінің есебі «Республика сарайында», Астана қаласы әкімінің есебі «Конгресс Холда» өтті. Егер де Алматы қаласы әкімдігі «Республика сарайын» өзгелер сынды жалдап алатын болса, 3 млн 500 мың теңге шығын шығар еді. Әрине, еліміздің 14 облысында да тура осындай жағдай деуге келмес. Бірақ тағы да логикаға жүгінсек, әр облыстағы ірі мәдени орындардың ақысы ең аз дегенде 1 млн теңгені құрауы мүмкін. Себебі ол мәдени ошақтарда 30-ға тарта қызметкер жұмыс істейді, жарығы, су һәм басқа да коммуналдық шығындары бар. Яғни бұл мәселеде әріге бармай-ақ, көзден бұл-бұл ұшуы тиіс 1 млн теңгеге ғана ат қаңтара тұралық…

Жедел жәрдем алты науқасқа қол ұшын соза алар еді…
Енді сырттағы жағдайға мән берсек. Әкім есебіне негізінен бір өрт сөндіру қызметінің көлігі келеді. Оның қызмет ақысы қанша? Белгісіз? Десек те, жүргізушімен қосқан кезде үш адам үш сағат бойы сырттағы жағдайды бақылауға міндетті. Сосын 20-ға жуық жол полициясы қызметкері жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Олар әкім есебіне келетін шенеуніктер мен шенділердің жолын айқара ашу үшін жергілікті тұрғындардың қозғалысына да айтарлықтай нұқсан келтіретіні хақ. Мұның сыртында 30-ға жуық тәртіп сақшысы сырттағы тәртіпті қадағалайтынын тағы қосыңыз. Әрине, жоғарыдағы тәсілмен олардың жарты күндік жалақысын есептесек, 165 150 теңгенің құлағы көрінеді. Бұл сақшылардың қатаң режимде қызмет ететінін де ұмытпаңыз. Сонымен қатар сыртта екі жедел жәрдем көлігі тұрады қаңтарылып. Бір жедел жәрдем қызметінде жүргізушімен қосқанда үш маман қызмет ететінін ескерсеңіз, бұлардың саны алты азаматқа тең. Енді ол алты азаматтың мемлекеттен алатын жарты күндік жалақысын есептемей-ақ қоялық. Бірақ та мына мәселеге назар аудармасақ болмас. Үлкен қалаларда бір ғана емханаға қарасты жедел жәрдем қызметіне сағатына орташа есеппен 20 шақырту түседі екен. Ал бір жедел жәрдем көлігі үш сағатта үш азаматты емханаға жеткізіп үлгереді. Яғни осы екі көлік күнделікті қызметін атқарса, осы үш сағаттың ішінде алты азаматтың ажалына араша болуы әбден мүмкін. Әрине, біз бұл жерде тағы да логикаға сүйеніп отырғанымызды ескеріңіз…

Әкім есебіне дейінгі «есеп»…
«Әкім есеп береді» дегеннен бастап, әкімшілікте де абыр-сабыр, қауырт жұмыс басталатыны белгілі. Жылына бір рет келетін бұл шарада мемқызметкерлер ұятқа қалмау жағын да жақсылап қолға алады. Шараға дайындық кемі екі-үш апта бойы болатыны тағы да шындық. Осы екі-үш апта ішінде облыстық деңгейдегі әкімдер бүкіл басқарманың, басқармадағылар бөлімдердің, бөлімдегілер қызметкерлердің «шаңын» қағатыны тағы бар. Бұл мәселенің «асханасына» бас сұға алмайтындықтан, ауыз ауыртпай-ақ қоялық. Мұның сыртында әкімнің есебін жазатын спичрайтер қызметі мен әкімнің сұлулығын «қамтамасыз» ететін имиджмейкерлердің де барын ұмытпаңыз. Алдын ала есеп беретін залды дайындау, орталықтан (Астанадан) шенеуніктерді (олар ұшақпен келеді. Оның шығынын да іштей есептей беріңіз), ардагерлер мен зиялы қауымды алдыру, оларды шақыру секілді көзге көрінбейтін жұмыстар тағы бар. Кемі 20-ға жуық жергілікті мемлекеттік БАҚ пен тәуелсіз ақпарат құралдары өкілдері келетінін де қаперде ұстаңыз. Әрине, бұл жерде күллі бұқараға ақпарат тарататын олардың материалдық шығынын есептеп әуре болмайық. Десек те, «Әкім есебіне дейінгі «есеп»… деген тақырыпшада айтылған жайларға ең аз дегенде 300 мың теңге кетеріне бәс тігуге болатын сияқты.
Осы жерде тізгінді тағы да бір тежеп, бізде 14 облыс һәм облыстық дәрежедегі Астана мен Алматының бар екенін есіңізге алыңыз. Яғни жалпы республика деңгейіндегі облыстарды һәм ірі екі қаланы қамту үшін шыққан 2 млн 238 мың 50 теңге соманы 16-ға көбейтуге әбден болады. Нәтижесінде 35 млн 808 мың 800 теңгенің нобайы көрінеді. Бұл бір деп қойыңыз. Енді тура осы тұста әр облыстағы аудандар мен ауылдардың әкімдерінің есебінің шығынын есептесек не болар еді? Бір облысқа бірнеше аудан қарайды. Ірі қала есептелетін Астана мен Алматыда да сондай. Сол бірнеше аудандар әкімінің есебінің шығыны қосылса, бір облыс әкімі есебінің құны шығар ма еді? Әрине, асып түспесе, кем түспейді. Сол себепті де 14 облысқа қарайтын 86 қала, 175 аудан, 34 кенттік және 2 468 ауылдық әкімшіліктің әкім есебінің шығынын ойша 16 облысқа (14 облыс пен екі ірі қаланы қаперде ұстаңыз) теңестірейік. Яғни 35 млн 808 мың 800 теңгені 2-ге көбейтуге болады. Сонда жалпы Қазақстан көлемінде еліміздегі 3 мыңға жуық әкімдердің есебі орташа есеп­пен 71 млн 617 мың 600 теңгені құрайды деген сөз. Осы жерде тағы бір мәселеге назар аудара кетсек. Ірі қалалар мен облыс орталықтарының ішкі саясат басқармасы орта деңгейлі бір конференция немесе концерт сынды іс-шаралар ұйымдастыру үшін үкіметтік емес ұйымдарға 2 млн-нан 5 млн-ға дейін тендер ойнатып жатады. Яғни үкіметтік емес ұйымдар үшін 5 млн-ды аямайтын ішкі саясат басқармасы һәм облыстық бюджет әкім есебі деген кезде біз секілді есептен тарылмайтыны белгілі. Яғни 71 млн 617 мың 600 теңге деп шығарған бұл есебіміз бұл шараның 1/4 бөлігі болып шығуы да ғажап емес. Қош!

Орташа моральдық шығын
Жоғарыда 100 әкімшілік қызметкер үш сағат ішінде 300 тұрғынның шағымын қарауына әбден болады дедік. Енді осы 300-ді 16-ға (14 облыс 2 қала) көбейтсек, 4 800 азаматтың саны шығады. Енді жоғарыдағы аудандар мен ауылдарды бір облысқа теңестірген тәсілмен тағы да 4 800-ді екіге көбейтіп, жалпы Қазақстан­дағы ахуалдың есебін шығарсақ, еліміздегі әкімшілік қызметкерлер үш сағатта 9 600 тұрғынның өміріне қатысты шаруаларды тындыратынын толық түсінуге болады. 

Әкім есебіне қатысатын 100 мұғалімнің 50-і үш сағат ішінде үш сыныпқа дәріс оқитынын, осы арқылы жарты күндік жұмыс уақытында олар 150 сыныпқа сабақ беретінін, әр сыныпта 25 оқушы бар деп есептегенде 3 750 баланы білім нәрімен сусындатуға болатынын айтқанбыз. Жоғарыдағы тәсіл арқылы осы 3 750-ді 16-ға, сосын сол қосындыны 2-ге көбейте қойсақ, осы үш сағаттың ішінде 120 мың оқушының тағдыры көз алдыңызға келе қояды.
Жоғарыда 100 дәрігер сағатына екі науқас қабылдаса, 200 адам дәрігер көмегіне қол жеткізетінін, егерде осы 100 дәрігердің 50-і үш сағат ішінде екі азаматқа ота жасаса, 100 ота жасауға болатынын айтқанбыз. Енді сол 200 деген санды 16-ға, сосын 2-ге көбейтіп көрелік. Демек, біздің жалпы Қазақстан аумағындағы әкімдер есебіне қатысатын дәрігерлеріміз үш сағатта 6400 тұрғынға көмек көрсете алады деген сөз. Ал 50 дәрігер ота жасауын осы жолмен Қазақстан аумағына шақсаңыз (50х16х2) 1 600 ота жасалар еді.
Біз тағы да 100 тәртіп сақшысы үш сағат ішінде кемі 300 қылмыстық іспен жұмыс жасауға қабілетті екенін немесе 100 сақшы орташа есеппен үш сағатта 20-ға жуық қылмысты ашатынын айтқан болатынбыз. Енді осы сандарды да таразылап көрелік. Нәтижесінде еліміздің аумағындағы тәртіп сақшылары үш сағат ішінде (300х16х2) 9 600 қылмыстық іспен шұғылдана алатынын немесе (20х16х2) 640 қылмысты ашатынын байқауға болады. ҚОШ! 

Жылыстап отырып жедел жәрдем қызметінің қауқарын шамалап көрсек. Осы үш сағатта бір жедел жәрдем көлігі үш азаматты емханаға жеткізіп үлгеретінін, әкім есебіне келетін екі көлік күнделікті қызметін атқарса, жарты күндік жұмыс уақытында алты азаматты ажалдан арашалап қалатынын айтқан болатынбыз. Енді осы 6 санын жоғарыдағы тәсілмен (6х16х2) көбейтсек, 192 науқастың тағдыры «менмұндалайды».

 Түйін

Әрине, біз бүгін логикалық қиялымызға ерік бердік. Нәтижесінде өзімізше еліміздегі барлық әкімдердің есебінің материалдық һәм моральдық шығыны қанша тұратынын анықтадық. Сіз 71 млн 617 мың 600 теңге аз ақша дейтін шығарсыз? Бірақ әкім есебіне әр саладан 100 өкіл қатысты десек, бүкіл еліміздің әкімшілік қызметкерлері үш сағатта 9 600 адамға қызмет көрсететінін, 50 мұғалім үш сағатта 120 мың оқушыға дәріс оқитынын, дәрігерлер үш сағатта 6 400 тұрғынға көмек көрсетіп, 1 600 ота жасайтынын, полицейлер 9 600 қылмыстық іспен шұғылданып, 640 қылмыстық істі әшкерелей алатынын, ал жедел жәрдем қызметі осы үш сағатта 192 науқасты ажал аранынан арашалайтынын білгеніміз жөн. Яғни осындай шығынға пара-пар есепті беретін «мәстір» әкімдеріміз ел алдындағы жауапкершілікті де жан-дүниесімен сезінуі қажет. Бірақ бұл «әкімдер есебі керегі жоқ» деген пікірді туғызбауы керек. Керісінше, әкімдер жылына бір рет келетін жылдық есебі кезінде дайын сұрақтармен театрландырылған қойылым қоймай, мәселеге тереңірек үңілуді қолға алғаны, бұл шараға бар ынта-жігерімен жауапкершілікпен қарағаны жөн. Өйткені әр әкімнің есебінің астарында сіз бен біз байқай бермейтін мұнан да басқа кілтипандар жетерлік. Біз тек тігісін ғана сөктік.

Автор: Қанат Бірлікұлы,

Дерек көзі: «Алаш айнасы».

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР