20-04-2024
23.3 C
Шымкент

Шаһарды шулатқан жарылыс

Голливуд киноларынан болмаса, бейбіт күнде дүмпуі күшті жарылыс көрмеген екенбіз. Қазақта «ақ түйенің қарны жарылған» деген сөз бар. Әрине, жақсылықта айтылғаны болмаса… Жарылыс туралы сөз бола қалса әуелі Ауғанстан, Ирак еске түседі. Статистика бойынша түрлі лаңкестiк жарылыстар жағынан АҚШ, Ауғанстан, Ресей, Үндiстан, Израиль, Ирак, Пәкiстан көбiрек зардап шегедi екен. Таяу Шығыс пен Еуропа елдерi де бұдан дiн аман деп айта алмаймыз. Түркияда да соңғы жылдары жарылыстар жиiлеп кеттi. 

Бір сөзбен әлемде қой үстіне боз торғай жұмыртқалап, «коммунизм» орнап тұрғаны шамалы. Ядролық қарудан бас тарту, қазақ елін түрлі саяси, әскери дау-жаңжалдардан бейтараптандырды. Тағы да сол статистикаға жүгінсек, Қазақстан жағдайында лаңкестiк iс-әрекеттер 2011 жылға дейiн бола қоймапты. Бұл әрине жақсылықтың нышаны. Дегенмен, соңғы кездерi бейбiт елдiң шырқын бұза бастағандар қызыл түлкіше әр қырдан бір бұлаңдай бастағаны бар. Мәселен, Ақтөбе, Тараз бен Атырауда болған жарылыстар анау айтқан алапат болмаса да ел-жұрттың арасында «Ойбай, жарылыс болып, пәленбай адам ауыр жарақат алыпты», деген ақпараттардың тасқынымен көпшілікке тарап жатты. Тіпті, бұл туралы жалған ақпарат беріп, қара халықтың берекесін қашырғысы келетіндер де көбейіп кетті.

Көздегені бейбiт жатқан елдi дүрлiктiрiп, тұрақсыздық қалыптастыру, әрі, әлемге өз билiгiн жүргiзу екендiгi бесенеден белгілі болған арамза пиғылдардың арты ашылып жатты. Дегенмен, Қазақ елінің бар тұтастығын аманаттаған сарбаздар ондай жолсыздықтың жолын кесіп, лаңкестiкке қарсы қолданылып жатқан заңдылық актiлердiң, мемлекеттiк бағдарламалардың, iс-шаралардың дұрыс жұмыс iстеп тұрғандығын дәлелдедi. Сыртымыз бекем болғанымен ел ішінде адам өміріне табиғи жарылыстардан гөрі мақсатты һәм қолдан жасалатын қастандықтар аса қауіпті болып тұр. Шымкенттің іргесінде орналасқан «Чапаевка» елдімекеніндегі «сериялы» жарылыстар осының дәлелі. Еңбекші ауданы прокуратурасы мамандарының пікірінше, ол аумақта қылмысты болдырмау үшін жүргізілетін профилиактикалық жұмыстар жоқтың қасы. Әсіресе, 16, 17, 18 шағынаудандар бүгінде қылмыстың ошағына айналған. Өйткені полицияның бақылауынсыз қалған аулалар көп дейді. Ол аз дегендей, «Чапаевка» елдімекеніндегі заңсыз есірткі тасымалын сақтау, сатушылардың жолы түбегейлі кесілмесе, сондағы балаларды оқшаулау орталығына қауіп төніп тұрғандығын алға тартады.
Бір қызығы бұл оқиғалар лаңкестiк емес, жеке тұлғаларға жасалған қоқан-лоққы, бiреулерге қарсы жасалған қастандық деген болжам айтылуда. Таңқаларлығы, жарылыстың үшеуi де сипаты жағынан бiр-бiрiне өте ұқсас болып, жарылғыш зат қолдан жасалынған. Чапаевкадағы алғашқы қылмыс 2012 жылдың тамыз айында орын алған. Оқиға салдарынан ресейлiк бойжеткен зардап шеккен. Еңбекшi аудандық iшкi iстер бөлiмi болған оқиға бойынша ҚР Қылмыстық Кодексiнiң бiрнеше бабымен қылмыстық iс қозғаған. Анығында, бұзақылық, адам өмiрiне қастандық жасау, қару немесе басқа заттар арқылы бұзақылық жасау секiлдi 252, 257-баптарға сiлтеме жасалған.

Әлішер ШОМАНБАЕВ, Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасының бөлім меңгерушісі: 

– Сағат күндізгі екілер шамасында 1990 жылы туылған науқас келіп түсті. Жарылыстан оң аяқ табанына зақым келген. Ота жасап, табанының сақтап қалуға мүмкін болған негізгі бөлігін аман алып қалдық. Барлық қажетті ем-дом жасалынды. Таңға жуық науқастың жағдайы тұрақтанды.
Алайда, Чапаевкадағы жарылыс мұнымен тоқтап қалмады. Былтыр 14 маусымның түс мезгілінде тұрғындардың үрейiн ұшырып, зәресiн алған жарылыс тағы да қайталанды. Елдi мекен аумағындағы жеке үйлердiң бiрiнде кiреберiс қақпаға орнатылған, iштегiлерге белгi беретiн қоңырау қондырғысына орнатылған заттың күл-талқаны шыққан. 65 жастағы қарт пен немересі зардап шекті. Қақпаның алдына қойылған жарылғыш затты аяқтарымен басып кеткен. Жарақат алғанына қарамастан қарт тәртіп сақшыларына өзі хабар беріпті. Иә, тұрғындардың да еті үйреніп кеткен бе? Жарылыс олар үшін салют атылғанмен бірдей болып қалған сыңайлы.

Салтанат ҚАРАКӨЗОВА, Оңтүстік Қазақстан облыстық iшкi iстер дапартаментi баспасөз қызметiнiң жетекшiсi:
– Чапаевка аумағындағы жарылысқа қатысы бар деген күдiкпен үш ер адам тұтқындалды. Олардың бiреуi 1959 жылы туылған ересек адам, бұрын ұрлыққа қатысы барлығы үшiн сотты болған. Қолға түскендердiң басқа екеуi – 1988 және 1992 жылғы жас жiгiттер. Олардың бәрi де сол жердiң тұрғындары. Күдiктiлердiң айтуына қарағанда, жарылғыш қондырғы кәсiпкерлерге қоқан-лоққы көрсету мақсатында қойылған. Бұлар олардың әрбiр қадамын аңдумен жүрген. Бұл үшеуiнен басқа осы жарылысқа қатысы бар-ау деген жорамалмен 1988 жылы туылған тағы бiр азамат iздестiрiлуде. Жарылыс болған жерде қақпа ұшып түскен, оған жақын тұрған жеңiл көлiкке зақым келген, адамдардың бәрi аман. Жалпы, келтiрiлген шығын 150 мың теңге көлемiнде деген сараптама жасалды.

Шаһардың ең криминогендік ауданындағы сериялы жарылыстың үшіншісі сондағы қақпаның тартқышына орнатылып, жұрт шырт ұйқыда жатқан таңғы сағат 04.30-да шамасында жарылған. Дүмпу күші соншалықты, қақпаның қалың темірін майыстырып жіберген. Ал жергілікті тұрғындар шын мәніндегі жарылыс бұдан әлдеқайда көп дейді. Іздестіру арқылы күдіктілер қолға түсті. Шымкенттегі мамандандырылған қылмыстық сотта жарылыс ұйымдастырды деп айыпталғандарға қатысты сот ісі өтті. Чапаевкадағы соңғы жарылысқа күдiктi деп ұсталынған үшеудiң бірінің үйiнен жарылғыш қондырғыларға қажеттi айғақты заттар табылған. Сондықтан бұрынғы жарылыстарға да бұлардың қатысы болуы мүмкiн деген жорамалмен сараптамалар тағайындалған. Қазiр тергеу амалдары жүруде.
Бізді алаңдатқаны шаһарды шулатқан жарылыс осымен тоқтай ма, әлде тағы да жалғаса ма деген күдік. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, шаһарда қылмыс саны жыл өткен сайын артып барады. Тіпті, соңғы үш жылда қала көш бастап келеді. Шымкенттегі сала мамандары соңғы үш айда 3984 қылмыс тіркеліп, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстарғанда 8,6 пайызға өскені анықталды. Әрине, бұл арада құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмысын жоққа шығарып отырған жоқпыз. Әрине, адам капиталын бірінші орынға қойған еліміз үшін әр азамат ел байлығы болып табылады. Олар өзара бiрлесiп, азаматтарға және мемлекетке қауiп төндiретiндерге қарсы аянбай күресiп-ақ жатыр.

Р.S Дегенмен, барлық жауапкершілік пен міндетті құқық қорғау органдарының мойнына іліп қойып, «сүттен ақ, судан таза» болуыдң да қажеті шамалы. Сондықтан қоғамға залалы бар кез-келген заңсыздықпен күресу ел азаматының міндеті екендігін естен шығармаған жөн. Сонымен «Чапаевкадағы жарлыс қашан аяқталады?». Ол – халықтың, қоғамның қырағылығы артқан жағдайда… Ондайда келеңсіздіктердің аяқ тартатыны бар емес пе. Болмаса техниканың дамыған заманында қалтофенмен-ақ күдiктіні құрықтауға болар еді.

Автор: Нұршат Төкен

Дерек көзі: www.alashainasy.kz

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР