03-09-2021
21.3 C
Шымкент

Биыл да Наурыз мерекесі Оңтүстікте 9 күн тойланады

      Есімізде шығар, өткен жылы Наурызды тоғыз күн тойлау бастамасын елімізде бірінші болып Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов көтерген еді. Облыстың бұл игі бастамасын республикалық бұқаралық ақпарат құралдары дұрыс түсініп,  жоғары дәрежеде ақпараттық қолдау білдірді. Тіпті, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары да Оңтүстік Қазақстан облысының бастамасын бүкіл ел аумағында үлгі ету керектігін айтып, үкіметке депутаттық сауал жолдады. наурыз

ОҚО әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Берік Уәлидің мәлімдеуінше, бұл бастама биыл да жалғасын тапқалы отыр. Наурыз  мейрамы облыс көлемінде жалпыхалықтық  сипатта тойланып, өткен жылы қолға алынған іс-шаралар жалғасатын болады.  Наурыз – жаңа дәурен мен жақсылықты айшықтайтын әрі өткенді саралап, бүгінді бағамдайтын, табиғат-ананың оянып, тіршілік атаулының түлейтін  кезеңі.  Халқымыздың көнеден келе жатқан Наурызнама дәстүрін заманауи үлгіде қайта жаңғыртуға бағытталған мерекелік шаралар тоғыз күн бойы жалғасын таппақ. Әр күн өзіндік ерекшеліктермен есте қалмақ.

 14 наурыз «Тағзым күні». Қазақ халқының ескі жыл санауы бойынша көктем осы кезде келеді деп естептелген. Еліміздің батыс өңірлерінде бұл күні «көрісу» амалы жасалады. «Өлі  разы болмай тірі байымайды» деген халқымыз үшін ата-бабалар рухына тағзым ету маңызды. Оның үстіне биылғы 14 наурыз аптаның  жұма күніне сәйкес келіп отыр. Сондықтан, бұл күні мешіттерде арнайы құран бағышталып, жастар отан қорғаушыларға арналған ескерткіштерге  гүл шоқтарын  қояды.

 15 наурыз «Алас күні». «Алас» дегеніміз тазару деген мағынаны білдіреді. Облыс аумағында Ұлыстың ұлы күні  қарсаңында жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылып, арық-атыздар тазаланады.

 16 наурыз «Береке» күні. Бұл күні облыс аумағында қайырымдылық шаралары ұйымдастырылады. Бұл қазақтың Наурыз қарсаңында ұйымдастыратын  «шүлен тарату» дәстүрінің  жаңғырған түрі болып саналады. Бұрын байлар тұрмысы төмен отбасылар мен мұқтаж жандара осы күні айрықша көмек қолдарын созған. Сол дәстүрдің жалғасы «Береке» күні жасалады.

 17 наурыз «Көктем шуағы». Облыс басшылары, қала және аудан әкімдері ардагерлермен кездесіп, көктемнің келуімен құттықтайды. Жастар облыстағы қарияларға көмек көрсетіп, қайырымдылық шараларын өткізеді.

 18 наурыз «Өніс күні».  Наурыз мейрамы қарсаңында өмірге келген сәбилер мен олардың ата-аналарын құттықтап, шағын сый-сияпаттар жасалады. Наурыз мерекесіне орай облыс аумағындағы саябақтарда көшет отырғызылады.

 19 наурыз «Жайнау күні». мерекелік шаралардың бірқатары осы күннен бастау алады. Қаладағы қоғамдық көліктерге Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаулар ілінеді. Мерекеге орай орталық көшелер безендіріледі. Жастардың қатысуымен мерекелік автошеру ұйымдастырылады.

 20 наурыз «Шаттық күні».  Этно-мәдени орталықтардың концерттік бағдарламалары мен мерекеге арналған  спорттық жарыстар осы күні басталады.

 21 наурыз «Үйлесім күні». Бұл күні күн мен түн теңеліп, әдемі үйлесімділікке келеді. 22-сі күнгі таңды қарсы алуға орталық алаңға жастар  жиналып, салтанатты мейрам таңды күтіп алумен басталады. Жастар «Селтеткізер, «Ұйқыашар» дәстүрлерін жаңғыртып, бір-біріне жасаған сыйлықтарын тапсырады.

 22 наурыз «Ұлыс күні». Мерекелердің төресі саналатын Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Бұл күні ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, мерекенің ұлттық сипатта аталып өтуіне басымдық беріледі.  Наурыз мерекесі осылайша тоғыз күн бойы жалпыхалықтық сипатта кеңінен тойланады.

 

 

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР