15-04-2024
13.3 C
Шымкент

Жастарға отбасылық тәрбие жетіспейді

«Отбасы — ошақ қасы», «Отан — отбасынан басталады», -деген халықтың мағынасы мен мәні зор нақыл сөздері ерте заманнан бастап қазіргі күнге дейін жетіп отыр. Отбасын құруға ертеде ата-анасы қызбаланы дайындап, оларға келін атану мен ана атанудың маңызын жете түсіндірген. 

Ол кезде ажырасу деген мүлде болмаған. «Қайтып келген қыз жаман, қайта шапқан жау жаман», — деп, жастардың ажырасуына да жол бермеген.  Ал қазіргі қыздарымызға «қырық үйден тыйым» болмай отырған сияқты. Өкініштісі, босаға аттамай жатып жүкті болу, әсіресе ол 14-18 жастағы жасөспірімдерде жиі кездесіп отырғаны жанға батады. Елдің сәні болатын қыздарымыздың бұл қадамына кім кінәлі? Әрине сыншыл да, ақылгөйлер табылады-ақ. Менің ойымша, осы жағдайға біздің аналық, отбасылық тәрбиеміз жетіспейтін сияқты. Ұзын етек көйлек киіп, үлкеннің алдын кеспейтін, артық сөз айтпайтын, бетіңе қарап сөз қайтармайтын қыздар қазір азайып бара жатыр. Біреулер мұны заманға әкеліп тіресе, енді біреулер қоғамға, қоғамдағы мәселелерге байланысты дейді. Әрине қазір заманға лайық болу үшін, ұл-қыздарымыз білімді, ақылды, жаңа технологияны меңгерген, сонымен қатар жүріс-тұрысы да осы заманның көркіне айналуы тиіс. Олай болса, заманға тірейтін ештеңе жоқ. Темекі шегу, ерте жаста жыныстық қатынаста болу, ерте бала табу, жасанды түсік тастау, баланы  жетімдер үйіне қалдыру сияқты қоғамға, әсіресе мұсылман халқына теріс әдетке бой алдыру осы жасөспірім қыздарда орын алып отыр. Жастардың отбасын құруға өзін дайындау үшін медицина саласы да үлкен үлес қосуда. Мемлекеттік  бағдарламалар аясында жастарға, жас отбасыларға арналған «Отбасын жоспарлау», «Дені сау бала» медициналық-кеңес беру бөлмелері, сонымен қатар жастар денсаулық орталықтары жұмыс жасайды.  Әрбір жас өз денсаулығының және болашақ ата-ана болуға дайын болған кезінде ғана отбасын құруы керек. Отбасына берік, өмірлік жарына сенімді болып өмір сүруі тиіс. Өмірге келген әрбір бала жоспарлы, отбасының қуанышы болуы тиіс. Жастардың тағы білуі тиіс нәрсе, ол репродуктивті денсаулық.  Репродуктивті денсаулықты сақтау балалық шақтан басталады. Жеке бас тазалығын сақтау, ал өсе келе жыныстық тәрбие қажет. Бейберекет жыныстық қатынас арқылы жыныстық жолмен берілетін ауруларды жұқтыруы  мүмкін. Бедеулік, созылмалы жыныстық жұқпалы аурулар — отбасының ұйытқысын бұзады. Жастарға дені сау ұрпақ әкелу үшін өз денсаулықтарына жауапкершіліктерін арттыруды насихаттау біздің міндетіміз. Қазіргі таңда жыныстық жолмен берілетін аурулардың ішінде АИТВ-нің өсуі де орын алып отыр. Сондықтан аурудың және жасөспірімдерде жиі кездесіп отырған ерте жүктіліктің алдын алу, жоспарлы баланы дүниеге әкелу үшін заманауи  контрацепция құралдарын да қолдану қажет. Арнайы кеңесті мамандардан ғана алу керек.

Осы тақырыптарды алға тарта отырып, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының «Әлем» жастар денсаулық орталығы «Ликбез» үкіметтік емес ұйыммен, СПИД-ке қарсы күрес орталығының мамандарымен  бірлесіп  «Өзіңді қорға!» атты ұранмен жастармен кездесулер ұйымдастырып, өткізіп жатыр. Бұл іс-шарада жасөспірімдерге, жастарға жыныстық жолмен берілетін аурулардың алдын алуға, АИТВ/ЖИТС-тің алдын алуға, сондай-ақ ерте жыныстық қатынас пен ерте жүктіліктің салдарын, оны болдырмаудың жолдарын насихаттап, арнайы дайындалған бейнефильмдер көрсетіліп, кітапшалар тарқатылып жатыр.   Біздің айтарымыз, «Тәрбие басы- тал бесік», «Тәрбиелі  ұрпақ — саналы ұрпақ», — деген  аталар сөзін қайталай отырып, жасөспірімдер мен жастарға еліміздің саналы азаматы болуға, ұлтымыздың асыл салт-дәстүрін сақтап, қыздарымызды елдің  көркі болуға, «Жаманнан жиреніп, жақсыдан үйреніп», жақсыға ғана ұмтылуға шақырамыз.

Фарида Байзахова,

«Әлем» жастар денсаулық орталығының менеджері.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР