01-09-2021
31.3 C
Шымкент

Үшінші қалада медиа-нарықты дамыту өзекті

Уақыт шіркін бір орнында тұрмайды. Қоғам алға жылжыған сайын, өмір де өзгеріске ұшырап, жаңару үрдісімен үйлесім құрып жатады. Күллі әлем ақпараттық қоғамға шындап бет бұрған қазіргі заманда ақпараттық мәдениеттің маңыздылығы тіпті арта түсті деуге болады. Осы орайда қаламын қару еткен бүгінгі журналистер қандай болуы тиіс? Олар ақпараттық майданның қан базарында емін-еркін пікір алмасып, замана көшінен кейін қалмас үшін нендей күшке ие болуы керек? Осындай мазмұндағы сұрақтар «Шымкент қаласында медиа-нарықтың дамуы және ақпараттық саясаттың өзектілігі» тақырыбында өткен семинарда кеңінен талқыланды.DSC_0726-111

 Шымкенттегі «Жастар орталығы» ғимаратында шымылдығын түрген семинар «Жаңа дәуір» қоғамдық бірлестігі мен ҚР Журналистер Одағы ОҚО филиалының ұйымдастыруымен өтті. Аталмыш шараға 30-ға жуық жергілікті БАҚ тілшілері қатысты. Семинардың ашылуында ҚР Журналистер Одағы ОҚО филиалының төрайымы А.Қапбарова, «Жаңа дәуір» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Т.Молдахметова сөз сөйлеп, аймақтағы журналистиканың қазіргі жай-күйіне тоқталды.

– Қоғамда жиі айтылатын «Ақпарат кімнің қолында болса, сол әлемді билейді» деген тәмсіл қазір күшіне мініп тұр. Шын мәнінде жаһандану дәуірінде ақпаратсыз күніміз қараң екендігіне ешкім де талас тудыра қоймайды, – дейді ҚР Журналистер Одағы ОҚО филиалының төрайымы Айгүл Қапбарова .–Бұл семинардың мақсаты — журналистердің кәсіби шеберлігін шыңдау, ақпараттық саясаттың өзектілігін жеткізу, әрине, ең бастысы, аймақ журналистерінің арасындағы кәсіби қарым-қатынасты барынша нығайту.

         Бүгінде Шымкент қаласы еліміздегі ірі медиа орталықтың бірі ретінде жалпақ жұртқа танымал. Нақты айтар болсақ, қазіргі таңда облыс орталығынан 200-ге жуық газет-журнал жарыққа шығады. Демек, еліміздің үшінші мегаполисінде медиа-нарықты заман талабына сай дамыту қажеттіліктен туындайды. Қаламгерлердің басын қосқан шарада филология ғылымының докторы, профессор, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Сейдолла Садықов, медиа-заңгер Ләззат Қыдырова, IT-маманы, блоггер Ұлықбек Әлиакбарұлы шеберлік сабақтарын өткізді. Семинарда Интернет туралы заңнамалық актілер жайында сөз қозғай отырып, құқықтық, журналистік этикалық тәжірибелік сабақтар өткізілді. Бұл ретте заңнамалық актілердің халықаралық стандарттары жайында да арнайы лекция ұйымдастырылды. Қазіргі ақпараттық технологияның қарыштап дамыған заманында әлеуметтік желілердің рөлі мен ондағы ақпараттық қауіпсіздік мәселелері, БАҚ-тағы маркетинг, PR, жарнама орналастыру мәселелері сөз болды.

 Пікірлер не дейді?

 Семинар барысында өткір-өткір ойлар айтылып, жиынға қатысушылар пікірталастың көрігін қыздырды. Он жылдан бері БАҚ саласы өкілдерінің құқықтары төңірегінде жүйелі зерттеулер жасап жүрген медиа-заңгер Ләззат Қыдырова журналистердің өз міндеттері мен заңдық құқықтарына мұқият болу керектігін айтады. Құқықтанушы маман өз сөзінде қаламгерлер әрқашан да этикалық нормалар мен заң принциптеріне иек артып, кәсіби біліктілігіне нұқсан келтірмеуі керек деген ұстанымын жеткізді.

– Журналистер көбіне-көп криминалды тақырыптарға, жемқорлыққа қатысты дау-дамайға қызығушылық танытып жатады, – дейді  медиа-заңгер Л. Қыдырова. – Алайда, бұл ретте журналистер артық қылам деп тыртық қылып алатын жағдайлар ұшарысады. Неге десеңіз, жоғарыдағы тақырыптарға қалам тербеген журналистер істің байыбына бармай жатып азаматтардың аты-жөндерін жариялап, оларды күдікті немесе жемқор ретінде бейнелеп жатады. Бұл —  заң шеңберінде өте сорақы нәрсе. Мұның бәрін анықтайтын құқыққорғаушы органдар бар емес пе? Соттың нәтижелі шешімі болмаса, әлгіндей долбармен айтылған әңгімелер қауесет, жаңсақ пікір, яғни заңсыз болып саналады.

         Басқосуда филология ғылымының докторы, профессор, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Сейдолла Садықов журналистік тәжірибесіне қатысты өнегелі ойларымен бөлісті. Білікті ұстаз Елбасы Н.Назарбаевтың «Мәңгілік ел» идеясы төңірегінде жүйелі сөз сабақтап, бұл жолда жастарды Отанға қамқор болуға шақырды. «Жастар жалынды, өр рухты болуы керек. Ғылымы мен өнері кеңге қанат жайған Батыс елдерінде «Не шықса да жастардан шығады» деген сөз ауызға жиі алынады. Демек, кеудесiнде ұлттық рухы лаулаған жастар ғана елдiң көшiн өрге сүйрей алады», – деді С. Садықов.

Сондай-ақ, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Бақтияр Тайжан орайлы сәтті пайдаланып, журналистерге қарата салмақты ойы мен тағылымды кеңесін айтты. «Қалам ұстаған әріптестерім мемлекеттік мүдде дегенде әрдайым ауызбіршілік танытуы тиіс. Кейде журналистердің жазбаларынан тәуелсіздігімізге қауіп төндіріп, ынтымақ-бірлігімізге ши жүгіртетін мақалалар кездеседі. Бізге тәуелсіздік қашанда қымбат, бұл біздің қастерлі құндылығымыз. Журналистер дәлел-дәйексіз айтылған сынға тойтарыс беріп, бұл бағытта елдің еңсесін көтеретін өрелі, салиқалы пікірлерлерімен үн қоса білуі керек», – деді Б. Тайжан.

 Шымкент қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі Нұрлыбек Жеңісбек қаламыздың бүгінгі баспасөз алаңындағы тыныс-тіршілігін, ертеңгі даму болашағын өз әңгімесіне арқау етті.

– Бүгінгі семинарда журналистер ойларын ірікпей, нақты ой-ұсыныстарын ортаға салып жатыр. Тіпті бір-бірінің «жағасынан алған» көкейкесті пікірлер мен сұрақ-жауаптар да болды. Мұны медиа кеңістіктегі демократияның көріністері деп бағалауға болады, – дейді Н. Жеңісбек. – Журналистер тарапынан осы семинарда маған «Шымкентке қосылып жатқан елдімекендердің болашағы қалай болмақ?» деген сауал қойылды. Мен айтар едім, қала маңындағы елдімекендердің шаһар аумағына қосылып жатқанына үрке қараудың қажеті жоқ. Агломерациялық өзгерістің қаланың дамуына оң ықпал етері сөзсіз. Бұл – әлемдік тәжірибеде бар үрдіс. Мәселен, Гонконг қаласы маңындағы халық үлкен мегаполистің маңына шоғырлануда. Сол сияқты өз елімізде Алматыға жақын 27 елдімекен қалаға бірігіп жатыр. Меніңше, журналист әріптестерім озық мәдениетке қадам басқан мемлекетіміздің ұстанған саясатын мейлінше қолдап, шынайы көзқарас тұрғысынан зерделесе екен деймін.

 Әлеуметтік желілер әлемді биледі

          Семинарда әлеуметтік желілердің пайдасы мен зияны да талқыға түсті. Шындығында ит кірмейтін жерге интернет кіріп тұрған мынадай заманда ғаламтор деген ғажайып талай журналистің қолын ұзартып отырғаны рас. Бұл орайда IT-маманы, блоггер Ұлықбек Әлиакбарұлы журналистер үшін ғаламтор ақпарат алудың ең тиімді тетік екеніне тоқталып өтті.

– Ақпараттық қоғамда мақалаңыздың жеделдігі өте маңызды, – дейді блоггер. – Қазіргі таңда телеарналар ақпаратты 3-4 сағаттан кейін, газеттер мен журналдар болса арада бірнеше тәулік өткен соң барып хабарлап жатады. Ал, Facebook, Twitter, Mail.Ru, В Контакте және басқа да әлеуметтік желілері арқылы ақпаратты қас қағым сәтте жер жүзінің кез келген жеріне жеткізуге болады. Интернеттің тиімділігі, міне, осында.  Әрине, журналистердің жұмысына сын айтудан аулақпын, дегенмен кәсіби журналистер жаңа заманның технологиясын барынша меңгеріп жатса, ақпараттың қолжетімділігіде артар еді.

Семинарда салиқалы сөздер легі мұнымен тоқтап қалмады. Журналистер өздерін алаңдатқан сауалдар бойынша өзара пікір алмасып, өзекті мәселелер төңірегінде әңгіме өрбітті. Семинар соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табыс етілді.

Автор: Сәбит ТАСТАНБЕК.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР