20-04-2024
21.3 C
Шымкент

Бақтияр Тайжан: Басылымның ұлт алдында ұялатындай жағдайы жоқ

Облыстың басты басылымы  — «Оңтүстік Қазақстан»  газетінің тарихы сонау 20-жылдардан бастау алады. Аласапыран заманда халықтың мұң-мұқтажын газет арқылы билікке білдіріп отырған сол кездегі ұлт зиялылары — Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Міржақып Дулатов сынды арда азаматтар еді. Тарих осылай сыр шертеді. Бүгінде газетке 90 жыл. Жаңашылдық басым. Өзгеріс көп. Қарап отырсаңыз, бұл ғасырға парапар уақыт… Бір басылымның осы уақыт бедерінде  үзіліссіз шыға отырып, бүгінге жетуі тарихи шындық. Қасиетті қарашаңырақтың мерейлі мерейтойы қарсаңында  шалғайдағы оқырмандары да ұмыт қалған жоқ. Кездесулер өткізілді. Басылымның кешегісі, бүгінгісі сараланды. Елге есеп берілді. Өйткені, газет «халықтың көзі, құлағы һәм үні».  Біз «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Бақтияр ТАЙЖАНмен газеттің арғы-бергі тарихын суырпақтап, бүгінгі жетістіктерін ортаға салып, қазақ журналистикасының келешегі жөнінде аз-кем әңгімелескен едік. бактияр

«Қазаққа газет керек»

— Бақтияр аға, облысымыздағы баспасөздің қарашаңырағы саналатын басылымның 90 жылдық мерейтойы құтты болсын! Тарихы сонау Алаш арыстарынан бастау алатынын ескерсек, кешегі «Ақжол»  мен бүгінгі «Оңтүстік Қазақстан» газетінің арасында не өзгерді, не өзгермеді деп ойлайсыз?  

— Газеттің 90 жылдығы дүркіретіп өткізетін ас та төк той емес, бұл халық алдында есеп беру деп ойлаймын. Біз бүгінге дейін облыстың барлық аудан-қалаларын аралап, оқырмандармен кездестік. Газеттің тарихын айта жүріп, елдің ұсыныс-пікірлерін тыңдадық. Қай ауылға барсақ та, газетке деген жақсы тілектер айтылып жатыр. Өз басым мұны мақтау деп қабылдамаймын. Бұл газеттің табиғатына, шығармашылық ұжымға деген шынайы сезім дер едім. Ал басылымның тарихына келер болсақ, қарашаңырақ  деп атағаннан да бұрын тағылымды тарихы бар газетпіз. Сол кезеңдерде М.Әуезов, М.Сералин,  С.Мұқанов, Б.Майлин секілді ұлт тұлғалары газеттің басы-қасында жүрді. Ең бірінші  «қазаққа газет керек» деп ұсыныс айтқан мемлекетшіл тұлға, бүгінгі күнмен айтсақ қазақ елінің егесі Тұрар Рысқұлов болатын. Бұл 1920 жылдары еді. Ол кезде қазақтың жағдайы қиын, орыс переселендері көптеп келіп жатқан кез. Шұрайлы жерлердің бәрін солар күштеп алған. Қазақ қырға көшірілген. Қазақ өз құқығын өзі қорғай алмайды. Сол кезде алаштың мұңын мұңдайтын газет керек болды. Сөйтіп, Т.Рысқұловтың бастамасымен «Ақжол» газеті ашылып, жауапты хатшылығына қазақтың тағы бір өр баласы Сұлтанбек Қожанов тағайындалады. Айналасына ұлт зиялылары жиналады. Сол газет 4 жылдай шығып, 12 мың данамен таралған. Ол заманда 12 мың таралыммен шығудың өзі үлкен жетістік болатын. Бірақ, газет өткір мәселелерді жазды. Сол тұстағы кеңестік саясат, патшалық Ресейдің сұрқия ойы қазақты жерден айырып, Америкадағы үндістер секілді оқшаулау саясатымен үндес болды. Қатыгездік жағынан олардан асып түсті.  Қазақтың мәселесі айтылған жерде кеңес үкіметінің үре түрегелетін заманы болды ғой. Ал, кеңес үкіметіне үмітпен қараған ұсақ ұлттардың, оның ішінде Алаш баласына қорған болған Сұлтанбек Қожанов пен Сталиннің арасында ертеден келе жатқан текетірес болған деседі. Сол жағдай газетке де әсер етпей қойған жоқ. Соның себебінен бұл газет жабылады. Ұлт зиялылары қудаланады. Бұл туралы Ханбибі Есенқарақызының бастамасымен шыққан 8 томдық «Ақжол» кітабында шынайы айтылады. Алайда 1924 жылы «Ақжол» газеті Т.Рысқұловтың табандылығы әрі редакторлығымен қайта шығады. Міне, содан бері үзілген жоқ. Кейінгі жылдардағы тарихына үңілсеңіз, қазақтың арғы-бергі тарихын түгендеп кеткен ғұлама ғалым Бейсенбай Кенжебаев газеттің бас редакторы болды. Басылымның «Оңтүстік Қазақстан» деп аталуына тікелей осы кісі себеп болған.

— Бұл қай жылдары еді?

1932 жылы болатын. Б.Кенжебаевтың тұсында да газет жаңаша леппен шыға бастады. Мықты деген журналистерді шақырып, басылымды өрге сүйреді. Жуырда Түркістан қаласында өткен кездесуде белгілі ғалым Құлбек Ергөбек былай деді: «Сонау қылышынан қан тамып тұрған кезеңнің өзінде қазақтың мүддесіне жұмыс істеген үш газет болды. Олар – Қызылорда, Семей облыстық газеттері және осы «Оңтүстік Қазақстан» газеті болды. Бірақ ұлт мүддесіне адалдық, ұлт керегіне жұмыс жасауда екі газеттің қайнар бұлағы «Оңтүстік Қазақстан» газеті еді» деді. Сондықтан, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің ұлт алдында ұялатындай жағдайы жоқ. Газет халыққа адал жұмыс істеп келе жатыр.

— Осы аралықта газетті қанша редактор басқарды?

— Бір есептегіш кісілердің айтқанындай, мен 30-шы редакторы екенмін. Қашанда газетті білгір, мықты кісілер басқарды. Олардың ешбірінің алтын басын кеміте алмаймын. Әрқайсысы газеттің өсуіне, дамуына ықпал етті. Өзінің ойын тықпалап, біреудің сойылын шабу бұл газетке жүрмейді. Мәселен, қазіргі ұжым да мықты жазушылармен, мықты журналистермен жасақталған.

Үйренуден жалықпауымыз қажет

—         Сіз бас редактор ретінде газеттің шығармашылық жағынан дамуына ықпал етер қандай бастамалар көтердіңіз?

—         Бас редактор болып тағайындалғанда ұжымға:  «Әріптестер, кеменің екі басын ұстау деген жоқ. Біреудің шотын шабатын мақалаларды тықпалау деген болмайды. Сын жазылса шын жазылуы керек» деген болатынмын.  Бағытымыз біреу – халыққа қызмет ету. Мен 12 жыл  «Егемен Қазақстан» газетінде жұмыс істедім. Сонда байқағаным, Сайрамға барсам, өзбектердің жағдайы жақсы, Сарыағашқа барам, тәжіктердің жағдайы жақсы. Мемлекеттен атаулы көмек сұрап жүрген қазақтар. «Неге бұлай?» деп таңқалғаным бар. Сонда менің ұққаным, қазір қазаққа кәсіп керек екен. Кәсіп болу үшін жақсы насихат керек. Біз осы нәрсені бір бағыт етіп алдық. Елбасының айтқаны бар: «Біз «Мерседес» жасаудан немістерден, «Боинг» ұшағын жасаудан америкалықтан асып кете алмаймыз, бірақ әлемдік рынокқа шығатын біздің мүмкіндігіміз  — шағын және орта кәсіп». Иә, біздің  ұлан-ғайыр жеріміз бар. Демек, мал, егін, көкөніс бар деген сөз.  Біз осы нәрсені насихаттаймыз. Газеттің өткен нөмірлерінің бірінде қолда өсірілетін қозықұйрық туралы жаздық. Бұл дегеніміз тұнып тұрған табыстың көзі екен. Мақала басылғаннан кейін кейіпкерді іздеушілер көбейді. Сондықтан, кәсіпті неден бастау керек, көзін қалай табу керек, мемлекеттің қолдауы қандай деген мәселелерді жиі көтеріп келеміз. Ең бастысы қазақ бір  нәрсені түсінуі қажет. Қазақ кәсіптің көзін тапса өз жеріндегі ең байы да сол қазақ болар еді. Біздің негізгі бағытымыз – осы.

—         Қазір ұжымда қанша қызметкер бар? Оның ішінде қаншасы шығармашылық жұмыспен айналысатындар? Жалпы, кадр дайындау мәселесі қалай жүргізіледі?  

—         Ұжымда барлығы алпысқа жуық қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 20 шақтысы шығармашылық жұмыспен айналысады. Мемлекеттік газет болғаннан кейін, күнделікті жиындар, баспасөз мәслихаттары көп болады. Күніге оншақты журналист тікелей сонымен айналысады. Қазір ақпараттың заманы ғой. Жеделдік жағынан телеарна, радио, интернет сайттарына ілесе алмауымыз мүмкін. Бірақ, біз сараптамалық материалдарға көп орын береміз. Газеттер осы жағынан ұтпаса, ұтылмайды. Қарап отырсаңыз, ұжымда алпыстан асып кеткен азаматтар бар, сосын жиырма беске жетпеген жастар бар, бірақ бұл екі буынның арасындағы айырмашылықты байқамаймын. Жазу стилі, сөйлемді дұрыс жазу, ойды дұрыс жеткізу, материалдың фактісін алу – мұның бәрі лездемеде көп талқыланады. Жастардың үлкен ағаларынан үйренері көп. Менің түйген нәрсем: мен мықтымын деген журналист ол мықты емес. Журналист үйренуден жалықпауы қажет. Қазақстанда жұрт мойындаған екі газет бар: «Егемен Қазақстан» мен «Жас алаш». Екеуінің де мектебінен өттім. Сондықтан салыстырмалы түрде айта аламын, біздің журналистеріміз олардың ешқайсысынан кем емес. Тіпті кейбірі артық та жаза алады. Біздің редакциямызда  әбден сұрыптаудан өткен, заманның келбетін білетін, бүгінгі күн талабымен мақалалар жаза білетін журналистер жұмыс істеп жатыр.

—         Оқырмандармен кездесуден бөлек, мерейтойға байланысты ауқымды шара өткізу жоба-жоспарда бар ма?

—         Негізі біздің даталы күніміз биылғы жылдың 24 қарашасы. Осы уақытта басылымның  90 жылдығын ауқымды етіп өткізу жоспарлануда. Біз өз деңгейміздегі жұмыстарды атқардық. Қаржыландыру мәселесі облыс бюджетінен атқарылатындықтан, бұл мақсатта біз көмекші ғанамыз. Айта кететін бір жайт, биыл  Т.Рысқұлов пен  С.Қожановтың дүниеге келгеніне  120 жыл толады. Ұлт тұлғаларының мерейтойын мемлекеттік деңгейде атап өтудің өзі орынды. Дегенмен, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің алғашқы іргесін қалаған тұлғалар ретінде мерейтойын басылымның 90 жылдығымен бірге атап өтсек деген ниетіміз бар. Біз осы мәселені облыс әкімі Асқар Исабекұлына ұсынғалы отырмыз. Үлкен ғылыми-теориялық конференция аясында елге пайдалы шара өткізсек, біріншіден арыстарымызды ардақтаймыз, екіншіден алаш ардақтыларының  алқауымен шыққан газетіміздің мерейтойы лайықты аталып өтіледі.

—         Бақтияр аға, сіздер жыл сайын қазақ күресінен облыстық турнир өткізіп келесіздер. Жалпы бұл шара қай кезеңнен бастау алып келеді?  

—         Қазақ күресінен турнир өткізіп келе жатқанымызға биыл 57 жыл болыпты. Қазақ күресін насихаттау елімізде «Қазақстан барысы» шарасы аясында осы бір-екі жылдың көлемінде ғана қолға алынып келе жатыр ғой. Ал мұны біздің газетіміздің редакторлары сонау соғыстан кейінгі жылдарда Ұлы Жеңіс күніне арнап бастаған екен. Неге қазақ күресін алды деп ойлайсыз? Сол заманда ағаларымыздың қазақ баласы мықты болсын, рухы биік болсын деген ниетпен қолға алды. Олардың отаншылдық, батырлық мәселесін ойлағандығы бізді сүйсіндіреді. Міне, ол бүгінге дейін жалғасып келе жатыр. Шынында қазақ күресі дегеніміз ол ұлттық бренд.

Қазақ журналистикасының күні туады

—         Өзіңіз де білесіз, қазір біз қаласақ та, қаламасақ та журналистиканың табиғатын гуманитариядан технократицизмге  бұру басталды. Яғни, электронды ақпарат құралдары нағыз әлемдік шырмауыққа айналуда. Осының әсерінен газет құрып кетеді деген әңгіменің айтыла бастағаны бүгін емес. Бұл мәселеге Сіздің көзқарасыңыз қандай?

—         Иә, бұл да осы заманның шындығы. Талап солай. Дегенмен, Махаңның (М.Байғұттың) «мен екі алақаныма газетті жайып қойып оқымағаннан ләззат ала алмаймын» дегені бар. Бұл оқыған тоқыған аға буынның ойы. Ал Нұртөре Жүсіп «қазақ бар кезде газет өлмейді» деген пікір айтты. Қазіргі жас буындар «газет құрып бітеді» деген жаңсақ пікір айтуы мүмкін. Ол рас, интернеттің жылдамдығына шек жоқ. Ақпаратты жылдам жеткізіп береді. Олармен жарыса алмаймыз. Бірақ, біз басқа жолын қарастыруымыз керек. Біз соған келе жатырмыз. Көбіне-көп қызықты, тақырыптық сараптамалық дүниелерге орын беріп отырсақ, заман көшінен қалып кетеміз деп айта алмаймын. Әрине, бәсекелестік керек. Бір журналистің өзі мәтін жазушы, түзеуші, терімші, фототілші бола алуы мүмкін. Оны өз басымнан өткізгенмін. Олимпиада, Азия ойындарында журналист ретінде қатысқанда, өзім материалды жазып, теріп, редакциялап, суретке түсіріп жүрдім. Бұл бәлкім, қажеттілігіне қарай шығар. Бірақ, біздің жағдайымызда бұл сапаға, мазмұнға әсер етпей қоймайды. Таралымға да әсер етеді. Шығармашылыққа нұқсан келеді.

—         Демек, қазақ журналистикасына әлі де даму жетіспейді ме?

—         Сол нәрсе жетіңкіремейді. Менің ойымша, болашақта қазақ журналистикасының күні туады. Қазір орыс тілді журналистика алда келеді деп даурығамыз. Мәселен, Қыдырбек Рысбек деген белгілі спорт журналисі бар. Спорттың бүге-шегесіне дейін жаңғақша шағып жазатын ол сияқты журналист орыс журналистикасында жоқ. Оның сол саладағы жазған дүниелері қазір оқулық ретінде шығарылуда. Салаға мамандану жағын қатты қолға алу керек. Тағы бір айта кетені нәрсе, біз бір-біріміздің жазғанымызды оқымаймыз, яғни мойындамаймыз. Осы жағы бізді тұқыртып жатыр. Талантты адамдар ел ішінде жүр. Соларды іздеп табу деген жоқ. Әркім өзін мықты санаған заман. Кезінде Шерағаң Оралхан Бөкейді, Фариза Оңғарсынованы жетелеп, алып келіп, елге танытқан жоқ па еді? Сол үрдіс үзіліп барады.

—         Шымкент еліміздегі ірі медиа орталық ретінде саналады. Осы жерде оңтүстіктің журналистикасы туралы айтпай кетуге болмас. Біз қаншалықты мақтана аламыз? Бірлігіміз, ұйымшылдығымыз қайсы деңгейде келе жатыр?

—         Оңтүстіктің журналистикасы туралы ауыз толтырып айтуға болады. Бірақ…бірлігі жағынан мақтана алмаймыз. Иә, бірқатар жігіттер газет арқылы пайда табуға болатынын мойындатты. 2-3 адам газет шығарып, отбасын асырап отыр. Дегенмен, бір нәрсені түсінуіміз керек. Біреудің соңына шам алып түсіп жазу журналистикаға үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Сөз киесі болады. Қарғыстан қорқу керек.

—         Кәсіби мереке қарсаңында әріптестеріңізге айтар тілегіңіз бар шығар?

—         Жалпы, Оңтүстік өлкесі киелі жер ғой. Небір әулие-әнбиелердің мекені, қазақтың атақты хан-сұлтандары жатқан жер. Біз осында өмір сүріп жатқанымызға мың да бір шүкіршілік етуіміз керек. Жазушы Дулат Исабековтің айтқан мына бір сөзі есіме түсіп отыр: «1986 жылы ел басына күн туып, билікте отырған ел ағалары қудаланып, қазақтың жағдайы қиын болған кез. Қазақ мектептері жабылып, аралас неке деген көбейді. Студент жастардың жағдайы қиындады. Осы кезде ұлттың зиялы азаматтары бас қосып, «не істейміз» дегенге бас қатырды. Сонда Әбіш Кекілбаев «Оңтүстік аман болсын! Бәріміз жабылып Шымкенттің етегінен ұстайық, жағаға өзі алып шығады» деген екен. Әбіш ақылман, дана адам. Ойланбай сөйлемейді. Бұдан шығатын қорытынды, қазақтың басына күн туса, қорғаны Оңтүстік. Шымкенттің жағдайы жақсы болса, қазақтың жағдайы жақсы деген сөз. Сондықтан, осы жерде жұмыс істеп жүрген журналистер киелі, текті жерде жүргенін ұмытпаса екен деймін. Тек бір-біріміздің жақсылығымызға сүйсініп, тілеуімізді тілей жүрейік. Тақ тұрар сөз «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» болсын. Аталарымыз өмір тәжірибесінен алған қанатты сөз – береке, бірліктің басы. Мереке құтты болсын!

—         Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Раушан МАХЫМОВА.

Дерек көзі: «Шымкент келбеті» газеті.

 

 

 

 

 

 

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР