16-04-2024
13.3 C
Шымкент

КЕШІРІҢІЗ, КАРДИОЛОГ — Тағайбек Тұрысбеков (өлеңдер топтамасынан)

Тағайбек ТҰРЫСБЕКОВ  — ОҚО Қазығұрт ауданында туылған. Ойлы өлеңдерімен көпшілікке танылып жүрген жас ақын. Тағайбектің қаламынан туындаған жүрек иірімдерінен сыр шертетін өлек жырларын оқып көріңіз. znC71n0ziF7gG7bC4LU3Gvw34RR5yq

КЕШІРІҢІЗ, КАРДИОЛОГ…

Көп сұрақ қойдыңыз енді сіз,
Көргендей күдікті кінәсін.
Дертім бар сырт көзге белгісіз,
Айтпаймын, мейлі Сот сұрасын…

Шайырдың жүзіне мұңы бар,
Шүйлігіп қарайсыз дәрігер.
Бүгінше дертімді кім ұғар,
Күні ертең білсе де бәрін ел.

…Жарайды.
Айтайын.
Сақтаңыз.
Арада қалсын бұл диагноз.
Бәрі де бүгінгі тәтті аңыз,
Бәріне кінәлі ұяң қыз.

Көңілдің құлазып қалғаны,
Жүректің тым жиі соққаны,
Сол жанның түсірген салмағы,
Мінеки, оқыңыз хаттары…

Хаттары, шыққандай сандықтан,
Сарғайған.
Ех, шіркін, арман ғой.
Көп сұрақ қоймаңыз сондықтан,
Қысқасы ғашық боп қалғам ғой.

Көзімнің қарсы алды бұлдырап,
Жүрегім өзгертсе соғысын,
Таң қала көрмеңіз сіз бірақ,
Сырқатым, азабым- Сол үшін.

Дәрігер, шошымай қараңыз,
Керек пе, кардиограмма?!
Емдеуге жетпейді шамаңыз,
Сағынам, бар кінә қиялда.

Ол қазір алыста, шалғайда,
Шақырмас,
шақырсам келмейді.
Жазылмай кетсе де маңдайға,
Өміршең махаббат өлмейді.

Ұмытып кетсе де ол мейлі,
Перизат болатын паң нағыз…
…Емдесе сол ғана емдейді,
Ендеше сіз әуре болмаңыз.

Рахмет, кардиолог!!!

***

Жүрегіңе жетер ме өлең үні,
Шарасызбын, болса да биік кеудем.
Жаратушы расында шебер, Ұлы,
Саған сонша сұлулық құйып берген.

Патша қызы секілді паңданасың,
Жаратпаған жандай-ақ аласаны.
Ұнатпаушы ем тәкаппар жан баласын,
Бірақ саған сол мінез жарасады.

Сияқтысың қыздардың басқа әлемі,
Іспеттісің мен үшін сүйікті — аян.
Бұрын өлең бәрінен асқақ еді,
Енді сені жырымнан биік қоям.

Биік қоям, қалса да жұрт ойланып,
Түскенін де түсінем ар- күшімнің.
Поэзия кетсе де сырт айналып,
Бұл құрбандық қалауы болмысымның.

Ей, тәкаппар, сұлулар ханшайымы,
Сеземісің жүректі шын сыздаған.
Ойланбай айт, ақынның болса айыбы,
Мейлі таза болсам да
үнсіз қалам.

Үнсіз қалам, үңіліп өткеніме,
Өш ала алмай секунт, сағаттан әр…
Құлағымды бір тоссам пәк деміңе,
Тентек, ғашық жүрегім тағат табар.

Жеткізбейсің сол сәтке, тәкаппарсың,
Оянамын түс көріп жарық таңда…
Әлем маған қызығып қарап қалсын,
Тым құрыса бір күлші, жолыққанда…

ДОСҚА СЫР
немесе 
ОЛ БҮГІН ЖЫЛАДЫ…

Шаттанып қарайды әр күнге,
Қалпында жүреді және сол.
Ерекше жан өзі көрдің бе,
Ғажайып ғазалдың егесі ол.

Құмар ақ сүйдіріп, өртеуге,
Беріліп қоямын шүбәсіз.
Періште демеймін, ол пенде,
Алайда алдымда кінәсіз.

Көзінен байқарсың бір отты,
Күрсіне білмейді, күледі.
Кірпияз, талғампаз, тұрақты,
Еркелеп жүреді үнемі.

Жүрегім жалғанға төзбейді,
Сонда да көрінем азат боп.
Мендегі мұңдарды сезбейді,
Ойлайды өмірді ғажап деп.

Сезбейді,
бейкүнә,
қайтесің,
Ал олсыз қартайып кетер ме ек.
Айтады өзінің өлкесін,
«Бал ғұмыр ғажайып мекен» деп.

Қуансын, көңілсіз болмасын,
Жарасар жанына бұл қылық.
Білесің, мен болсам ал, досым,
Отырам шарасыз «шын» күліп.

Отырам төрінде ойлардың,
Содан соң сыр аша бастаймын.
Нәпсімді ноқталап қойғанмын,
Жыр оқып беруден аспаймын.

Сен оны көрдің ғой тым сұлу
Мен бұрын басқа едім досым-ай.
Күмілжу, айта алмау, күрсіну,
Бүгінгі махаббат осылай.

Соққы алып қатыгез уақыттан,
Жойылды өміршең өрлігім.
Кешігіп жолыққан баққыттан,
Кешірім сұрадым мен бүгін.

Біз емес, махаббат кінәлі,
Баянсыз бір ізге еріппіз…
…Ол бүгін тұңғыш рет жылады,
Себебі қоштасқан едік біз.

ЕЙ, ДҮНИЕ, АЙТАРСЫҢ ДА ҚОЯРСЫҢ!…

Ей, өткінші дүние,
күрсіндім мен, күрсіндім,
(Биігі де қажет емес жыр- шыңның.)
Саған аян, маған аян, тап қазір
Жүрегімді тілгілеген тылсым- мұң.

Ұлылардай құпиямды жасырман,
Ұлы емеспін, ұл боп тудым асылдан.
Өзің ғана көресің сол тамшыны,
Қара түнде кірпігіме асылған.

Тағдыр сызған көрер көзге оңай ғып,
Ей, дүние, мезі қылды жолайрық.
Тартуларға шүкір айтып Хақ берген,
Тау тұлғама артып алғам талай жүк.

Көрінісің қысқа күн, хәм, ұзақ түн,
Жүрегімде қалар орны сызаттың.
Ертеңімнен еш хабар жоқ, ал бүгін
Өмірімнің отыз жылын ұзаттым.

Ей, дүние, сыртың тұнған жарасым,
Жұбатасың сезбей жүрек жарасын.
Алдандырып алаңғасар көңілді,
Ғұмырымды қайда сүйреп барасың?!

Қызыл, жасыл- қызығыңа тамсанам,
Құшағың кең, бола алмайсың сен сараң.
Қайран дүние-ай, жалған деген атың бар,
Қайта айналып келмеймін ғой мен саған.

Хақ- суретші, сен- жағылған бояусың,
(Дабыл жаса, қонақтарың оянсын…)
«Тағы да бір ақын келіп кетті» деп,
Мен кеткесін айтарсың да қоярсың.

Заңды әлемсің ниетің жоқ алдамақ,
Жаратушы Хаққа арине, бар мадақ!…
Өз өзіме есеп беріп алайын,
Ойлануға хақылы ғой әр қонақ!

Ей, дүние…

Т.ТҰРЫСБЕКОВ

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР