15-04-2024
15.3 C
Шымкент

Басқа пәле тілден…

 

 Бүгінгі таңда бір жерді өртеп, бір жерді күйретіп, қоғам ішін алатайдай бүлдіріп жүрген бір жау бар. Оның аты – тіл. Иә, кәдімгі сүйреңдеген қызыл тіл. Тілді Алла адам баласына үлкен нығмет етіп бергенін білеміз. Бірақ әр нәрсенің пайдасы мен зияны қатар жүретіні секілді тілдің де кейде үлкен апаттары кездеседі.9eca7e7549925d3f08d69835504d7e70_XL

Адамзат баласының ардақты Пайғамбары Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.): «Аллаға және ақиретке иман келтірген адам жақсы сөз айтсын немесе үндемесін» деген ескертуді тегіннен тегін жасаған жоқ. Тағы бірде: «Кімде кім үндемесе, құтылады» деп қысқа ғана өсиет айтқан. Неден құтылады? Алланың азабынан, қаһарынан. Бұл дүние мен арғы шын өмірдің түрлі пәлекеттерінен. Осының бәрін дана қазақ «Үндемеген үйдей бәледен құтылады» деп қысқа түсіп, келер ұрпаққа нақыл етіп кеткен. Өйткені адамның бұл дүниесі мен ақиретіне тілдің әкелер зардаптары өте мол. Сондықтан болса керек, бұрынғының қариялары: «Тіліңе қарауыл қойып сөйле! Сөзге де, тыңдаушыға да обал болмасын» деп үнемі жастардың құлағына құйып отырады екен. Атасы тегін жел сөз болғанымен, тілді қолдануға немқұрайлы қарауға болмайды. Бір ауыз сөз адамды мұсылман етіп, бір ауыз сөз діннен шығарады. Абай атамыз айтқандай, «Қызыл тіл ұялшақ бір қыз болатын» кездер келеді бір күні.  Арайлап әрбір таң атқанда, кісінің бүкіл дене мүшелері тілдің алдында қол қусырып, жалына жалбарынып тұрады екен: «Әй, тіл! Біздің бәрімізге қатысты Құдайдан қорық! Өйткені бәріміз саған ерушіміз. Сен тура болсаң, біз де тура боламыз. Сен азып, адассаң, біз де сенімен бірге адасып кеткеніміз» (Имам Термизи, Зүһд). Бірде Алла Елшісіне (с.ғ.с.) Сүфиян мбн Абдуллаһ деген сахаба келіп, өмірлік мәні бар, екі дүниеде бақытқа жеткізетін кеңестер сұрайды. Сөз арасында: «Уа, Алланың Елшісі! Мен жайында ең қатты қорқатыныңыз не нәрсе?» деп сұрайды. Сонда Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Міне, мынау!», — деп тілін ұстап көрсеткен екен.

Ал енді тілден апат қалай шығады. Соған қарай ойысайық.  Мақтаншақтық. Абай атамыз өткір сынға алған жексұрын мінездердің бірі – мақтаншақтық. Бұл да көбінесе, тіл арқылы көрініс табады. Дініміз Исламда біреуді мақтаудың өзі оның мойыномыртқасын сындырумен бірдей деп саналады. Ендеше, біреуге өтірік жағымпазданып, жалмаңдап, мақтай беру күнәлі һәм зиянды қылыққа жатады.

Кісінің арасын бұзып, сөз тасып, өсек айту, ғайбат жасау да тілдің өрескел апаттарының бірі. Қасиетті Құранның өзінде: «Әрбір (ел-жұртты) сынап-мінеуші, ишарамен ымдап, келемеждеп, кемсітушінің жағдайы қандай өкінішті» делінген аят бар («Һумәзә» сүресі, 1-аят). Ендеше, жиын-тойларда, астарда, түрлі мәжіліс-жиналыстарда өзгені сынап, мінеу, кекету-келемеждеудің ауыртпашылығынан қорыққан дұрыс. Тіл өзімдікі екен деп, оны еркіне қоя берудің ешбір жөні жоқ. Тісім бүтін тұрсын десең, тіліңе ие бол деп бұрынғы Шығыс жұлдыздары осыны ескеріп айтқан болса керек. Өйткені тілдің кесірінен қияметте көрер азап тым ауыр.

Өзі де, көзі де жоқ адамның сыртынан неше түрлі әңгіме айту да Ислам шариғатында құпталмайды. Керісінше, тыйым салынады. «Өсек деген адамның бүкіл жақсылығын жою да лап етіп құрғақ ағашты бір-ақ жалмайтын оттан да жаман» екендігі сүйікті Пайғамбарымыздың хадистерінде айтылған. Аңламай сөйлеген ауырмай өлетіні былай тұрсын, өлген соң да жазасыз қалмайтынын ескерген мақұл. Өкінішке қарай өсек туралы қанша көп айтылса, осы бір жат мінезден арыла алмай келеміз. Келмеске жылаған қайран көзім, ұқпасқа айтылған қайран сөзімнің кері болып тұр.

Бүгінде өтірік те біздің елді торуылдап жүрген жылан мен шаян іспеттес болып тұрғаны жасырын емес. Ардақты Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтуынша, мұсылман адам қорқақ болуы мүмкін. Сараң да болуы мүмкін. Алайда ол еш уақытта өтірікші бола алмайды. Алайда соған қарамастан, болмашы нәрсеге жанын жалдап өтірік айтушылар бүгінде көптеп кездеседі. Екіжүзді мұнапық адамның да негізгі бір сипаты осы өтірік. Олай болса, дүние пайдасы үшін өтірік айту нағыз ақылсыз адамдардың ісі екені айтпаса да түсінікті.  Өтірік куәлікке жүру де ауыр күнәлардың бірі. Көрмеген нәрсені көрдім, білмеген нәрсені білдім, естімеген нәрсені есіттім деп куәлік айтушылар ел ішінде ұшырасады.Сол арқылы біреулер орынсыз жазаланып, тағы біреулер қылмысты болса да сайрандап жүреді. Бұл ақиқатты бұрмалаудың кесірінен болатын іс.

Біреудің сырын жұртқа жаю да тілмен іске асатын үлкен апаттардың бірі. Біреу сізге сеніп, сырын бөліссе, сіз оны жұртқа паш етіп жүрсеңіз қандай болғаны? Бұл барып тұрған сатқындық, тіпті опасыздық саналады. Жаратушы Алла Тағаланың өзі Сәттар деген көркем сипатымен біздің қаншама күнәларымызды жасырып тұрғанда, біздің өзгенің сырына немқұрайлы қарауымыз қаншалықты орынды болмақ, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) бір хадисінде былай делінген: «Біреу саған (біреу-міреу есітіп қалмады ма екен дегендей) жан-жағына көз жүгіртетін болса, бұл сөз тыңдаушыға аманат (сыр) екендігін білдіреді». Тіпті бір хадисте: «Араларыңдағы әңгіме — аманат» деп ашықтан ашық айтылған. Ендеше, аманатқа адалдық танытуға бар күшімізді салуымыз қажет.  Адамдар бірін-бірі, тіпті ата-аналар өз перзенттерін лағынеттеп жатқанын да есітіп қаламыз. «Атаңа нәлет» деген сөз кейбір ауыздардың әдетіне айналған. Бірақ бұл адамға емес, шайтанға арналған сөз екенін бүгінде біреу білсе біреу білмеуі ықтимал. Баласын лағынеттеп алып, артынан сол баладан қандай жақсылық күтуге болады? Мұның да сұрауы оңай емес.  Марқұмды әдептен тыс жоқтау да  тіл апаттарының қатарын толтырады. Әрине, тас түскен жеріне ауыр. Кісі өлімі кімге болса да жеңіл тимейді. Бір адам қайтыс болса, талай адамның өзегі өртеніп, қабырғасы қайысады. Қиналғанда, жүректегі мейірімнің әсерінен жанардан жас та төгіледі. Бұған шариғат қой демейді. Алайда тілге ерік беріп, Жаратқан Алланың тағдырына наразылық таныту адамды жақсылыққа жетелемесі анық. Мұндай күнәны шариғат тілінде «нияха» деп атайды.

Кезінде хазірет Әли: «Қылыштың жарасы жазылады. Бірақ тілден қалған жара жазылмайды» деп талай нәрсенің сырын ашып берген болатын.  Баяғыда мінезі жаман бір жас жігіт болған екен. Ешкім оны түзей алмапты, қателігін айтқан сайын ызалана түсіпті.Бір күні әкесі оған іші шегеге толы бір жәшік беріп: «Маңайыңдағы достарыңмен әр жанжалдасып қалған сайын тақтайға бір-бір шегеден қағып отыр», – деп табыстапты.  Алғашқы күні-ақ баласы тақтайға көп шеге қағып тастапты. Келесі күндері де аз болмапты. Осы қарқынымен, әлгі тақтайды толтыруға аса көп уақыт жұмсамапты. Тақтайдың толғанын көргенде әкесі оған: «Енді сол достарыңмен жеке-жеке татулас. Әр татуласқан сайын бір шегеден суырып отыр», – дейді.

Біраз күн өтіпті. Бір күні қараса, қағылған бар шеге суырылып біткен екен. Сонда оны сырттай бақылап жүрген әкесі баласын тақтайдың алдына ертіп әкеліп: «Балам, жарайсың, – депті, – алайда мына тақтайға жақсылап тұрып қарашы? Шегелерді суырғанда қалып қойған орындарын, қарайған көп тесікті көріп тұрсың. Тақта әуелгісіндей таза қалпында, әдемі болып қалмады. Достарыңмен төбелескен сайын арада жаман сөздер айтылады. Әр реніш сөз көңілде мына шегенің орны тәрізді бір-бір қара дақ қалдырып отырады, сондықтан ешкімнің көңіліне кірбің ұялатпа, балам», – деп ұлына өмірлік дәріс берген екен.

Жинақтай келгенде, «Басқа пәле тілден» деген сөзді бабаларымыз тектен тек айтпағаны анық. Бұл дүниедегі бәлесінен бөлек ақиретте де тілден келер кесірлер көп болатыны анық. Сондықтан әрбір сөзімізді ойланып барып айтудан артығы жоқ болса керек. Алла Тағала баршамызды тіл апаттарынан сақтасын…

Қазыбек САРЫБАЕВ,

Шымкент қалалық«Абдул Хамид

Қаттани» мешітінің наиб имамы

 

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР