18-04-2024
20.3 C
Шымкент

83-ші шымылдығын ашты

 

Әр маусымның ашылуы – театр тарихының жаңа бір белесі, жаңа репертуарға жол тартуы, жаңа кейіпкерлердің галереясы…

Кейіпкерлердің тағдыры сахнада тоғысқан театр өнерін – ұлт қазынасының мұрагері десек, артық айтпаған болар едік. Ұлттың маржан сөзінің мәйегі мен көне тарихын жаңғыртып, бүгінгі көрерменіне жеткізуші… Өткенімен кездестіріп, өшкенін жандыратын шырақшысы – Театр.  Заманауи талабы зор көрерменнің көңілін театр сахнасына аудару, оңай тірлік емес. Өзге өңірлермен салыстырғанда, өнеге берерлік 8 бірдей театры бар Оңтүстіктің «ата театры» — Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры 83-ші маусымын Д.Рамазанның «Абылайханның арманы» тарихи драмасымен ашты. Еліміз егемендіктің туын тіккеніне 25 жыл толған мерейлі жылының мәртебесін асқақтатар айбынды тарихымыздан толғау тартсақ, өскелең ұрпаққа бабалардан қалған жеңісті жолға көз салдырсақ деген ниетімізді көрермендерге ұсындық.  Абылай ханның исі қазақтың баласын «бір жеңнен қол шығартуды» аңсаған арманы — араға ғасырлар салып шынайы шындыққа ұласқанына куәгер бола отырып, сахнадан тарихты тамашалаудың әсері мол болмақ.

83-ші маусымды Облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Қадырұлы Ахметжановтың көрермен қатарынан табылып, қойылым соңында сахна төрінен жемісті жеңістерге тілек білдіруі —   шығармашылық ұжымның мерейін өсіріп, құлшынысына  қуат қосты. img-20150724-wa0004-%d0%ba%d0%be%d0%bf%d0%b8%d1%8f

Театр сахнасынан көрерменіне ұсынылатын көркем дүние, ұлттың мақсат-мүддесімен үндесе өрілсе құба-құп. Сахна мен көрерменнің арасын жалғастырып тұратын жанды тіл – актер ойынының жоғары шеберлікпен ойналуына тікелей байланысты. Кезекті демалысынан тынығып оралған театр актерлары, сүйікті мамандығының жанкешті қызметкеріне айналып, көрерменімен сағыныса қауышты. Тарихи тұлғаны тірілткен қойылым – жүрекке жылдам жетіп, ойланбай келген көрерменін ой салып, өткен күнге мойын бұрғызады. Сондықтан болар, соңғы жылдары театрға деген сұраныс ұлғаюда. Жібек — түте алатын адамның қолына түссе, бағы жанары анық. Айтпағым, театрға көркемдік жетекшілікке Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері Қуандық Қасымовтың тағайындалуымен шығармашылық серпіліс бастау алып, жаңа леп есіле бастады. Бұған дейін жеткен жеңісті жылдар жалғасын тауып, Оңтүстік театрының қара шаңырағына айналған Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының репертуары сүбелі дүниелермен сомдала түсуде.  Әрине, көрермен қауымның жаңа маусымнан — жаңа қойылым күтетіні заңдылық. Талғамы биік көрерменнің талабын тояттандыруға тастүйін шығармашылық ұжым, алдағы алар белестерге  ыждаһатты дайындықпен келіп отыр.

Театрымыздың тағдырына елеңдеп отыратын көрерменге, маусым айынан бастап директорлыққа тағайындалған репспубликамызға белгілі музыкант Сәбит Құрманғалиұлы Мәндиповтың алдағы жоспары ауқымды болмақ. Театр болған соң, «инесі мен түймесі» демекші, шығармашылықпен қатар – техникалық жабдықтау, қызметкерлердің мұң-мұқтажы секілді сан-алуан жұмыстарын ұйымдастыру, үлкен жауапкершілікті талап ететіні бесенеден белгілі. Жаңа басшы, аз уақытта музыкалық студияға қол жеткізіп, сахнаға қажетті техникалық жабдықтарды қамтамасыз етуді игеруге білек сыбана кірісіп кетті. Облыс әкімі Б.Атамқұлов, театрымызға жаңа автобус сыйлап, мәртебемізді көтерген болатын. Маусым айында басқаламыздың мерейлі күніне орай Астанада ұйымдастырылған театр мерекесіне шығармашылық ұжым, көркемдік жетекшіміз Қ.Қасымов сахналаған С.Досановтың «Тозақ шеңбері» трагедиясымен қатысып, астаналық көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп қайтты. Бүгінде, театр ұжымы У.Шекспирдің «Ромео-Джульетта» трагедиясы мен Қ.Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай!..» комедиясына қызу дайындық үстінде. Жыл соңына дейін көрерменіне ұсынары мол «ата театрдың» жаңа маусымын жіберіп алмаңыздар, қадірменді көрермен!

Сая Қасымбек,

Ж.Шанин театрының әдебиет бөлім басшысы

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР