16-04-2024
13.3 C
Шымкент

Отбасылық бюджет құруды білесіз бе?

Қазіргі нарықтық кезеңде адами капиталдың дамуы үшін отбасы бюджетін дұрыс жоспарлаудың да жауапкершілігі зор. Қандай да бір ұйым алға қарай ілгерілеуі үшін әр түрлі шешімдер қабылдап отырады. Үй шаруашылығын  басқару да сол секілді. Дегенмен, оның өз ерекшеліктері бар. Газетіміздің «Капитал» айдарында біз отбасылық бюджет жайында сөз қозғауды жөн көрдік. Бүгінде ел азаматтары отбасылық бюджетке қаншалықты мән береді? 5d30cf10b6e6d7f036051a43b35747e4

Шығындардың 20 пайызын үнемдеуге мүмкіндік береді

Отбасылық бюджет – бұл әдетте бір ай мерзіміне жасалатын, отбасының ақшалай табыстары мен  шығындарын реттеу жоспары. Бюджетті жүргізудің басты мақсаты – бұл шығындарды бақылау. Кейбір ерлі-зайыптылар бюджетті жүргізуді қызықсыз және езбе шаруа деп санайды. Одан бөлек, қанша ақша жұмсалып жатқаны шамамен онсыз да белгілі деп ойлайды. Демек, мәселенің мәнісі  осында – біз шығындарды нақты емес, шамалап білеміз! Табыс пен шығындардың бір қарапайым есебінің өзі шығындардың 20 пайызын үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл ай сайынғы шығындар жылына қаншалықты соманы құрайтынын елестете беріңіз. Бюджетті құру кезінде басшылыққа алудың ең басты қағидасы – бұл есеп және бақылау. Бұл жағдайдың өзгеруін дер кезінде аңдап, қосымша шығынсыз ету үшін қажет. Бір жағынан бұл қажетті қаражаттар мөлшерін көруге, енді бір жағынан ақшалай қаражаттар қашан шығындалғанын жоспарлау үшін керек.

Әдетте жанұялық бюджеттің ең кең таралғаны – бірлескен әдісі. Мұнда әкесі мен шешесі (атасы, әжесі сонымен қоса ересек балалары) тапқанын ортаға салып, белгілі уақыт аралығында (әдетте бір айға) алынған соманы қалай бөлу қажет екенін шешеді. Мұндай әдістің ең басты артықшылығы – бірлікті сезінуде. Бюджеттің мұндай әдісінде балалар отбасы ісіне қатысуда  жауапкершілікті ерте сезіне бастайды.

Forbes.kz сайтында жарияланған мынадай деректерді келтірейік.  «Экономикалық сауаттылықтың халықаралық орталығы» мекемесінің зерттеуі бойынша  ел тұрғындарының 63 пайызы жалақы алуға бірнеше күн қалғанға дейін қаржысы таусыла бастайды. Олардың 60 пайызы бұл жағдайда үнемдеуге көшеді. 48 пайызы туыстарынан жәрдем сұрайды. Мұндай жағдайда 38 пайызы кіріс және шығыс есептерін жүргізбейді екен.

Күтпеген жағдайларда құтқарушы…

Өмірде әр түрлі жағдайлармен бетпе-бет келесіз. Жиналған ақша осындай күтпеген жағдайлардан сізді құтқарушы міндетін атқарады.  Сондықтан,  көптеген отбасыларда ақша жинау дәстүрге айналған. Әрбір отбасыда мұның жүзеге асуы отбасы мүшелерінің сауаттылығына байланысты. Бірі сенімді  мемлекеттік банктен депозит салымын ашады, енді бірі ақшасын сандығында сақтайды, т.т. дегендей. Яғни, ерлі-зайыптылар салым салуды бюджеттің таңдалған нұсқасына және бір-бірімен қатынасына байланысты өздері шешеді.     «Group-global.org» сайтындағы «Отбасы бюджетін сақтау және нығайту» атта мақалада ел азаматтарының өз шығындарын бақылауға ниет қылмауының бірнеше себептерін атап өтіпті. Яғни, біздің көпшілігімізде  мынадай стереотип қалыптасқан: Біріншіден, кеңестік кезеңнен қалыптасқан идеология, яғни бізді ешкім аш-жалаңаш қалдырмайды, біреуден кейін, біреуден ілгері өмір сүрсек болды; Екіншіден, тұтыну мәдениеті психологиясының төмендігі; Үшіншіден, қаржы ғылымының бір қарағанда қиын болып көрінуі.

Отбасылық өмірде кірісті дұрыс бөлу маңызды болып саналады, сол себепті жалақы немесе еңбекақы алған күні оны бөліп қою қажеттігі туындайды.  Мысалы тамаққа, киімге, жолға, т.б. Азық түлікті аптаға бірден алған тиімді. Осы мәселені зерттеушілер, сауалнама қорытындыларына негіздеп,  мынадай формула ұстанған ұтымды дейді: жинақтау есебі – 20%, өмірлік қажеттіліктерге – киім, тамақ, тұрғын үй – 50%,  білім – 10%, демалу – 10%,  шұғыл жағдайларға – 10%.

Отбасылық бюджетке бала да үлес қоса алады

Егер отбасы шығындарын қадағалауға тырыссаңыз, бірқатар күтпеген деректерге қанығасыз. Бюджетті жоспарлау кезеңі көптеген отбасыларда өмірдің ең басты міндеттері мен мәні екендігін ұғындырады.

Әр отбасының қаржылық мүмкіндігі әртүрлі. Егер жасөспірім өз бетімен табыс таппаса, тек ата-анасының берген ақшасын пайдаланса, оның отбасы бюджетіндегі жағдайын пассивті деп айтуға болады. Енді баланың  отбасы бюджетін жоспарлауға қалай қатысатынын айтайық. Балаға қалта шығынына ақшаны қай жастан беру керек деген мәселе ерте ме кеш пе, ата-аналарды мазалайды. Ата-аналар жағдайға байланысты баланы өз бетімен ақша табуға тәрбиелеуі тиіс. Мұны өткен нөмірімізде кеңірек айтып өткенбіз. Жасөспірім өз табысының бір бөлігін ата-анасына беріп те отбасының экономикалық өміріне үлес қоса алады. Яғни, бала есейген сайын оны отбасының экономикалық өміріне араластыра бастау қажет.

5-8 жастан бастап, балаларда қаржылық машықты дамыту қажет. Осы кезеңде ақша есебін қалай жүргізу қажет екенін, ақша құндылығы  жайында үгіт-насихат жүргізе бастау – маңызды.

Қаржылық машықтарды дамытудың бірнеше жаттығуларын ұсынамыз:

– Үнемдей білу. Қалта ақшаңызды үш қорапқа бөліңіз: «жұмсау», «үнемдеу»  және «беру». Нені үнемдеп, нені жинайтыныңызға мән беріңіз. Ата-анаңыздан банктің көмегімен ақша жинауды бастауын өтініңіз.

 Ақша есебін жүргізе білу. Өзіңіз жинаған, тапқан және апта ішінде жұмсаған ақшаны есепке алуды үйреніңіз. Содан соң алынған сомаларды кестеге жазыңыз. Бұл міндет басқа өздігінен орындалатын машықтарыңызға айналып кетуі қажет және қолайсыз жағдайлар тудырмауы қажет. Өз өміріңіздегі басымдықтарды анықтаңыз және ақшаның қайда кеткенін тұрақты түрде жазып отырыңыз. Бұл жаттығуларды бір-екі жыл аралығында орындаңыз.  Үйде жиналған ұсақ тиындарды жинаңыз, оларды санап, белгілі жерге жинаңыз. Өзіңізге алғашқы әмияныңызды сатып алыңыз.

 Ақша туралы әңгіме айта білу. Ата-анаңызға ақшаның не үшін қажет екені жөнінде айтуын өтініңіз. «Біз мұны алуға мүмкіндігіміз жоқ, бірақ мен ақшамызды басқаша жұмсағым келеді» – деп айтуға ешқашан қорықпаңыз, содан соң оның себептерін түсіндіріңіз.

 – Өз қаражатыңмен өмір сүре білу. Өзіңізге ақшаның бөліну жағдайын ойластырыңыз. Егер сіз қалта шығынына берілген ақшаны мерзімінен бұрын жұмсап қойсаңыз, мәселені өз бетіңізбен шешу әдісін табыңыз.

– Ақшаның көмегімен әлемді өзгерте білу. Бүкіл отбасыңызбен атап өтетін мейрамда тамақты өз ақшаңыздан төлеп көріңіз. Жаңа жылға өз бетіңізбен жақындарыңызға және құрбы-құрдастарыңызға сыйлықтар дайындаңыз.

Авторы: Т.ҚАСЫМ.  «Шымкент келбеті»

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР