05-09-2021
17.3 C
Шымкент

Елбасы мақаласы — экономикалық жаңғырулардың өзегі

Облыс жұртшылығы Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған бастамаларға қолдау білдірді. Еліміздің Ардагерлер кеңесінің 30 жылдығына орай қалалық Ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Ырыс алды – ынтымақ» атты форум өтті. Аталған форумда қаланың зиялы қауым өкілдері, ардагерлер кеше ғана Елбасының «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласын қызу талқылап, ондағы айтылған идеялар ел дамуының болашақ бағдары екенін ерекше атап өтті. Елбасының бұл көлемді мақаласында халықты толғандырып жүрген мәселелердің барлығы көрініс тапқан. Басқосуда облыс әкімі Ж. Түймебаев пен қала әкімі Ғ. Әбдірахымов ардагерлерді мерекесімен құттықтады. Жиында облыс әкімі Президенттің мақаласынан үзінді оқып берді.

— Мемлекет басшысы жыл басындағы халыққа Жолдауында Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғанын жариялады. Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Президент мақаласында жаңғыру процесінің де нақты мақсат-міндеттері, басымдықтары мен оған жеткізетін жолдары бар екенін атап өтті. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады, – деді Елбасы өз мақаласында.

Сондай-ақ облыс басшысы болашағымызды айқындаған мақаланы оқып, оны басшылыққа алып, облыс экономикасы мен мәдениетін, білімін дамытуда бұл тарихи маңызды құжат нақты бағдар болуы тиіс екенін жеткізді. Форумға қатысушы зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер Мемлекет басшысының идеяларын қолдап, оны белсенділікпен жүзеге асыруға шақырды.

Мерекелік шарада облыс пен қалаға еңбек сіңірген бірқатар ардагерлер облыс әкімі Ж. Түймебаевтың Алғыс хаты және Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ қоғамға қосқан елеулі еңбегі үшін бір топ ардагер қала әкімі Ғ. Әбдірахымовтың Алғыс хатына ие болды.

shymkent.gov.kz

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР