07-09-2021
34.3 C
Шымкент

Облыс экономикасының дамуына үнді кәсіпкерлері де үлес қосуда

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев тоқыма өнеркәсібін дамыту бойынша құрылған қазақ-үнді жұмысшы тобының өкілдерімен кездесті. Басқосуда жұмысшы топтың Шымкентте өтетін 4-ші отырысының жоспары талқыланып, екі жақты экономикалық байланыстарды нығайту жайы баяндалды. Облыс басшысы Үндістан Жеңіл өнеркәсібі министрлігінің бірлескен хатшысы Гупта Субрата мырзаға өңірдің экономикалық даму барысы мен инвестициялық әлеуеті жайлы айтып берді.  «Қазақстандағы тоқыма өнеркәсібі дамуының маңызды әлеуеті Оңтүстік Қазақстан облысында. Біздің өңірде мақта шаруашылығы жақсы дамыған. Облысымызда «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы құрылып, онда тігін цехтары мен фабрикаларымыз жұмыс істеп жатыр. Ендігі мәселе — жеңіл өнеркәсіпті дамытуда Үндістан мемлекетімен тығыз қарым-қатынас орнатып, ортақ жобаларды бірлесіп іске асыру. Бұл ретте өңірде шетелдік инвесторларға барлық қолдаулар жасалады. Өнеркәсіптерге қажетті жер телімі қарастырылып, тиісті инфарқұрылым жүйелерімен қамтамасыз етілетін боламыз», — деді Жансейіт Қансейітұлы.

Үндістан тарапы да бірлескен жоба аясында жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Жеңіл өнеркәсіп саласында еңбек етіп жүрген өңір кәсіпкерлерін 30 маусым күні Үндістанда өтетін  ірі жермеңкеге қатысуға шақырды. Себебі, жыл сайын 400 — 450 мың тонна шитті мақта жиналатын өңірде табиғи шикізаттан жасалған өнімге сұраныс та мол.

«Үндістанда жеңіл өнеркәсіптің жылдық сауда айналымы 140 млрд АҚШ долларын құрайды. Онда тоқыма, мақта, мата өнімдерін өндіретін мыңға жуық компанияның фабрикалары жұмыс істейді. Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған бұл сапарымыз жемісті және нәтижелі болады деп сенемін», — деді Гупта Субрата.

Айта кетейік, қазақ-үнді жұмысшы тобы 2008 жылы құрылған болатын. Алдағы жылы он жылдығын атап өткелі отырған топтың оңтүстіктегі сапары 2 күнге жоспарланып отыр.

Д.Қалжан

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР