test
04-07-2024
27.3 C
Шымкент

«Достық керуені» Өзбекстанға бет алды

Өзбекстан Республикасы Президентінің наурыз айында Қазақстанға ресми сапары шеңберінде Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Өзбекстан Республикасы Интернационалдық мәдени орталығының арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын.
Меморандумда қоғамдық-саяси, мәдени-білім беру, ғылыми және ақпараттық салалардағы ынтымақтастық, екі ел халықтарының жақындасуына, халықтық дипломатияның нығаюы мен дамуына ықпал ететін бірлескен жобалар мен іс-шараларды әзірлеу және іске асыру жоспарланған болатын.
Осыған орай бүгін ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен Оңтүстік Қазақстан облысынан Өзбекстанға «Достық керуені» жолға шықты.
Шымкенттегі «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимараты алдында керуенді салтанатты шығарып салу рәсімі өтіп, онда облыстық «Қоғамдық келісім» МКК басшысы Ербол Байқонақов, Түркістан қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Бадриддин Нишанкулов сөз сөйледі. Бұл шараның Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына қолдау әрі, екі бауырлас елдер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту мақсатанда ұйымдастырылып отырғанын айтты.
Құрамына 50 ақсақал кірген керуен 2-6 мамыр аралығында алдымен Ташкенттегі Төле би бабамыздың мазаратына зиярат етеді. Әрі қарай Самарқандтағы Әмір Темір және Жалаңтөс баһадүрдің, Бұхарадағы Бахауддин Накшбандидің кесенесімен танысады.
Сонымен қатар, «Достық керуенінің» мүшелері Өзбекстан Республикасы Интернационалдық мәдени орталығында, Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығында және өзге де тарихи-мәдени орталықтарда болып, сол елдің азаматтарымен ынтымақтастықты арттыру мақсатында кездесулер өткізеді.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР