15-04-2024
15.3 C
Шымкент

Ерлікке тағзым етті

Мақтарал ауданында 9-мамыр – Жеңіс күніне орай мерекелік іс-шара болып өтті. Даңқты азаматтар аллеясында жиналған халық соғыста ерлік көрсетіп батыр атанған мақтаралдықтардың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Аудан әкімінің идеология бойынша орынбасары Мақсат Жолдасбековтың айтуынша, бүгінгі іс-шараның мақсаты есімдері тасқа қашалып жазылған Ұлы Отан соғысы батырларының ерліктерін оқушы жастарға дәріптеу арқылы олардың бойына еліне деген сүйіспеншілікті қалыптастырып, патриоттық сезімді орнату екен. «Батыр бабаларымызды ұлықтау арқылы олардың ерліктерін өскелең ұрпаққа жиі насихаттауымыз керек. Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың жақында ғана жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылғандай, біз осы өңірден шыққан 100 жаңа есімді елге таныту мақсатында бүгінгі іс-шараны ұйымдастырып отырмыз» – дейді Мақсат Жолдасбеков.

Ұлы Отан соғысында ерлік көрсетіп қаза болған боздақтарды бір минут еске алған көпшілік қауым оқушылардың ұйымдастыруымен өткен концерттік бағдараламаны тамашалады. Жауынгерлерге арналған патриоттық әндер айтылып, көріністер құрылып, поэзия оқылған кештен ерекше сезімге бөленген Мақтарал аудандық мәслихаттың хатшысы Мұхтар Жайлымшиев «Жеңіс» күнімен барша жиналған қауымды құттықтап, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның бейбіт өмірі кешегі өткен батыр бабаларымыздың арқасы екендігін еске салды. Сондай-ақ, жиында Жетісай қаласының ардагерлер кеңесінің төрағасы Бейсенбай Әбішев, Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназияның директоры Өмірхан Қозыбақтар сөз сөйледі.

Айта кетейік, Мақтарал ауданынан 32 мыңнан аса адам Ұлы Отан соғысына аттанып, соның 3900-і ғана аман-есен елге оралған. 14 адам «Ұлы Отан соғысының батыры» атағын алып, бүгінде олардың есімдері Даңқты азаматтар аллеясындағы ескерткіштерге қашалып жазылған. Сондай-ақ, ауданда көшелердің, мектептердің, ауылдардың аттары осы батыр бабаларымыздың есімдерімен аталады.

Мақтарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР