16-04-2024
13.3 C
Шымкент

ОҚО мектептері ҰБТ-ға дайын

Оңтүстік Қазақстан облысында Ұлттық бірыңғай тестілеу әділ әрі ашық өткізілуі тиіс. Түлектерді тасымалдау, тамақтандыру, жатын орындарымен дер кезінде қамтамасыз етуде кедергілер орын алмауы қажет. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев  аудан, қала әкімдерімен және облыстық басқармалар басшыларының қатысуымен өткен  селекторлық мәжілісте мәлім етті.

«Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу екі кезеңде өтеді. Біріншісі қорытынды аттестаттау – бұл мемлекеттік бітіру емтиханы. Екіншісі ҰБТ — жоғары оқу орындарына түсу емтиханы. Кезең-кезеңімен өтетін осы маңызды шараны асқан жауапкершілікпен өткізуді жауапты сала басшыларына жүктеймін»,-деді Жансейіт Қансейітұлы.

Жиын барысында баяндама жасаған Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Раушан Ергашованың айтуынша, облыстағы білім саласы ҰБТ-ға толықтай дайын.  Облысымыздағы  1429   түлек «Алтын белгі» белгісіне, 852 бітіруші үздік аттестатқа,  9-сыныпты бітірушілердің 3568-і үздік куәлікке үмітті.

«Биыл ҰБТ Оңтүстік Қазақстан облысында  16 жерде өткізіледі. Олардың 4-уі жоғары оқу орындарының, 3-уі аудан орталықтарындағы колледждер, 9-ы жалпы орта мектептердің базасында орналасқан.  Әрбір ҰБТ өткізу пункттерінде 11-ден 14-ке дейін аудиториялар даярланып, тестілеу пункттері 237 ұялы телефон сигналдарын  тұншықтырғыштармен жабдықталып отыр», — деді  Раушан Естлеусқызы.

Биылғы жылы министрліктің тапсырмасына сәйкес 91 жаңа үлгідегі 4G жиіліктегі тұншықтырғыштарды алуға жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар тестілеу пункттерінде 26 рамалы металіздегіштер, 226 салқындатқыштар, тестілеу кезінде бейнежазба жүргізу мақсатында 42 бейнетіркегіштер орналастырылған.

Биылғы жылы облысымызда 33112 оқушы мектеп бітіреді. Түлектердің 23760-ы яғни 71,8 пайызы  Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға тілек білдірген. Сондай-ақ биыл ҰБТ тапсыратын 23760 бітірушінің 13585-і тасымалдауды, 12443-і тамақтануды, 1825 оқушы жатын орынды қажет етеді.  Бүгінгі таңда жергілікті бюджеттен бітірушілерді тестілеу орталығына тасымалдауға — 15677,5 мың. теңге, жатын орынға– 409,0 мың. теңге, тамақтануға – 13128,8 мың теңге бөлініп, ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР