16-04-2024
13.3 C
Шымкент

Көкібелде көрсеткіш жоғары

Оңтүстік Қазақстан облысы Қазғұрт ауданындағы Сабыр Рақымов ауыл округінде орналасқан «Көкібел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жоғары көрсеткіштерімен аудан экономикасына қомақты үлес қосып келеді. Былтыр 250 гектар алқаптағы бидайдың гектарынан 30 центнерден, 250 гектар мақсарының гектарынан 12 центнерден, 100 гектар жоңышқалықтың гектарынан 40 центнерден өнім алды. «Көкібел» ЖШС-нің директоры Мақсұт Сыдықов жұмысты жақсы ұйымдастыруының арқасында шаруашылық алға басып келеді. Оның еңбегі ескеріліп, таяуда «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.«Көкібел» ЖШС жайлы айтсақ, ол – әмбебап шаруашылық. Қарауында 1,5 мың гектар жер болса, ол алқаптар ыңғайына қарай егістікке, суармалы жерге, шабындық пен жайылымға және бау-бақшаға бөлінген. Мал тұқымын асылдандыру мен ет өндірісі де жолға қойылған. Шаруашылықта екі «К-700», алты «Беларусь» тракторы мен бес жүк көлігі бар. Бұлардан бөлек, серіктестік халыққа қызмет көрсету мақсатында 500 орындық мейрамхана, азық-түлік, шаруашылық заттар дүкендері, қоғамдық монша, наубайхана, жанар-жағармай құю бекетін іске қосқан. «Көкібел» селолық тұтынушылар кооперативі де осы серіктестік жанынан құрылды. Мақсұт Сыдықов 1998-жылы «Артық» шаруа қожалығын ұйымдастырған. Келе-келе ісі өрге басып, 2008-жылы оған өңірдегі 64 шаруа қожалығы бірігіп, «Көкібел» ЖШС-і құрылған. Шаруашылықты ірілендірудің үлгісі осы болар.

Өміржан Шалғынбаев,
С. Рақымов ауыл округі.

 

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР