20-04-2024
12.3 C
Шымкент

«Сіздер, бақытты халықсыздар!»

 

ОҚО Қазақстан халқы ассамблеясының ХХ сессиясында сөз сөйлеген Ауғанстан Республикасының азаматы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті Ясир Рашид осылай деді.
— Мен Қазақстандағы беделді де сапалы білім беретін оқу орнында оқып жатқаныма өте қуаныштымын. Бұл мен үшін үлкен бақыт. Мұнда әлемнің 32 елінен келген студенттер білім алуда. Ауғанстан жастарына осындай көмек берген Қазақстанға, оның халқына үлкен алғысымды жеткізгім келеді. Қазір Құдайға шүкір, қазақ жастары арасында достарым көп, олар маған әрдайым көмектесіп жүреді.
Тағы бір мақтанатыным, қазақ тілін 2 айдың ішінде толықтай меңгеріп алдым. Кез келген қазақпен қазақша сөйлесе алатын дәрежеге жеттім. Қазақ тілін білудің пайдасын көрмесем, зияны тиіп жатқан жоқ. Бұл осы мемлекетте жүргізіліп отырған саясаттың арқасы.
Бүгінде Ауғанстанның жағдайына әлемнің бар мемлекеті алаңдаулы. Тәубе дейік, қазір елдегі жағдай біршама жақсы. Қазақстан сияқты достарымыз далаға қалдырып жатқан жоқ.
Менің өмірінің жастық шағы от пен оқтың арасында өтті Мен сияқты мыңдаған ауғанстандық жастар, Қазақстандағы бейбіт заманға қызыға қарайтыны жасырын емес.
Өйткені сіздерде тыныштық, бейбіт өмір бар. Өсемін, өркендеймін деген әрбір адамға мол мүмкіндіктер жасалған. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бұл заман білекке сенетін емес, білімге сенетін заман», — деген сөздері соның дәлелі.
Шыны керек, біздер Ауғанстанда жанымызды шүберекке түйіп жүреміз. Кешке ұйқыға жатарда бір Аллаға сиынып, ертесіне тұрғанда тағы да бір жарық күнді аман-есен көргенімізге шүкірлік айтамыз. Өйткені, қай кезде, қай сәтте жарылыс болып кететінін атыс-шабыстың қай уақытта орын алатындығын ешкім білмейді. Бұл біздің ауған жеріндегі қазіргі жағдай.
Менің елім өзінің жастары арқылы көркейсе деймін. Сондықтан да Ауғанстанға білімді, оқыған азаматтар ауадай қажет.
Алдыма қойған мақсатым – Қазақстанда алған білімімді елімнің алға қарай дамуына жұмсау, бізге көмегін аямаған Қазақстан мен Ауғанстан арасында қарым-қатынасты одан әрі дамытуға күш салу
Мен осы Қазақстанда оқып жүріп қазақстандық достарымнан адами қасиеттерді бағалауды, оның құндылықтарын қастерлеуді үйрендім. Бейбіт өмірдің, тыныш заманның қадірін түсіндім. Сондықтан да өз елімде, яғни ауған жерінде де тыныштық орнаса екен деген арманым бар.
Құрметті Қазақстан халқы! Сіздер, қазақстандықтар бақытты халықсыздар!
Сіздердің бақыттарыңыз тәуелсіздікте, бейбіт, тыныш өмірде, елдің саяси тұрақтылығында.
Болашағын айқындап, сын-қатерді күтіп отырмастан, оған табанды түрде қарсы тұра алатын халық қана жеңіске жетеді. Сіздер жеңіске жеткен халықсыздар!
Сіздерге тәуелсіздіктеріңіз мәңгілік болсын, көк туларыңыз биікке өрлей берсін дегім келеді

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР