23-04-2024
24.3 C
Шымкент

Ауыл мұғалімінің әлеуметке көмегі

ОҚО Созақ ауылының тұрғыны Шәріпбек Сыздықов ауылдағы мектепте денешынықтыру пәнінің мұғалімі. Спорттың жанашыры, әрі салауатты өмір салтын насихаттаушы. Сондай-ақ, «Туған жерді түлету азаматтық борышым» деп білетін жан. Бұл бағытта да көптеген игі істерге ұйытқы болып келеді.
Шакең ауылдағы бос тұрған ғимараттан кішігірім жаттығу залын ашты. Онда жастарға арналған күрес, бокс және басқа да спорттық үйірмелер болды. Жергілікті тұрғындар қалаған уақытында барып жаттығу жасап, спортпен шұғылданатын. Шахмат, шашкі, бильярд ойнайтын. Ал, Шәбен ағамыз ешкімнен ақы талап етпеді. Спорт үйі (көпшілік солай атайтын) жастарға тегін қызмет көрсетті. Қуанарлығы сол, үйірмелерге қатысқан жастар, аудандық, қалалық жарыстардан, тіпті облыстық бәсекелерден топ жарып, ауылдың атын шығарды. Абыройын асқақтатты. Дегенменде, спорт үйі араға жылдар салып жабылып қалды.Биылда Шәбен ағамыз игі істі қайта колға алып отыр екен. Яғни, бастапқы ісін кеңейтіп, балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт клубын салуда. Заман талабына сай спорт клубында футбол, волейбол, баскетбол, жүгіру алаңдары, тренажор залы, жүзу бассейнін салу жоспарланып отыр. Күрестің дзю-до, самбо, қазақша күрес түрлерінен, үстел теннисінен, бильярд, шахмат-шашкі, тоғызқұмалақ ойындарынан, би түрлерінен, гимнастика мен акробатикадан жаттығулар жасалады. Тренажор залы жұмыс істейді. Жастар ақпараттық бөлмеде теледидар, газет-журнал арқылы спорт жаңалықтарымен танысып отырады. Жалпы спорттық клубта сауықтыру лагері ұйымдастырылады. Бір айта кетерлігі, мектеп жасындағы балалар үшін спорт клубының барлық қызметі тегін. «Мен тендер алып табыс табуды мақсат етіп отырғаным жоқ. Бар ойым ауыл спортын көтеру, салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамыту — дейді Шәкең.Өзін ел патриотымын деп санайтын кей кәсіпкерлер тойханамен, түнгі клуб салғанша, Шәкеңнен үлгі алып, жастарды жарқын болашаққа жетелейтін жарқын істердің атқарылуына ұйытқы болса дейміз.

Қайрат Зайнишев

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР