Елбасының биылғы Жолдауында экономиканың жеделдетілген жаңғыруы жөнінде айтылған. Бұл міндет индустриалды өркендеуге жол ашады. Қазығұрт ауданында жалпы өңірлік өнім көлемі артқан. Жолдауда айтылған Кооперацияға бірігу мәселесі де оң шешімін тапқан. Бұл жөнінде аудан әкімі журналистермен өткізген брифингіде әңгімелеп берді. Жолдау жүктеген міндеттер Қазығұртта қарқынды түрде жүзеге асуда. Мәселен, 2017 жылдың 4 айында жалпы өңірлік өнім көлемі 23 млрд. 357 млн. теңгені құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 107,3 пайызды құрады. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша 16 млн. теңгеге дейін несие беріледі. Ауданда кәсіп ашуға мүмкіндік молайған. Жыл соңына дейін кем дегенде 300 адам жұмыспен қамтылады деген жоспар бар.Төлеген Телғараев — Қазығұрт ауданының әкімі: «2017 жылдың 4 айында өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 2 млрд. 334 млн. теңгені құрап, нақты өнім көлем индексі 104,5 пайызды құрады. Алдыңғы жылдың жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1 млрд. 133 млн. теңгеге артық өнім өндірілген. «Бүгінгі таңда жалпы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 7271-ге жетіп өткен жылмен салыстырғанда 107,8 пайызға өскен. Бұл салада 10992 азамат жұмыспен қамтылған.Аграрлы аудан қарқынды бау мен жылыжай көлемін арттыруға мән беріп отыр. Бір жыл ішінде 9 гектар жылыжай салынып, оның аумағы 81 гектарға жетті. Қазығұрттықтар ет өндіру бойынша облыста алдыңғы орында. Өңірдегі өндірілген еттің 16,9 пайызы — осы ауданның еншісінде. Жолдауда көрсетілген кооперацияға бірігу бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жыл басында 7 кооператив құру көзделген болса, бүгінге дейін 13 кооператив жасақталған. Жалпы жоспар 186 пайызға орындалды. Биыл жыл соңына дейін кәсіпкерлік саласында 26 шағын жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Сәйкесінше, 470 адам жұмыспен қамтылады. Аудан қазынасына қосымша 500 млн. теңге салық түсіру көзделіп отыр.
НҰРМАХАН Кенжехан