20-04-2024
19.3 C
Шымкент

Қамкөңілдерді қуантты

 

ОҚО Сайрам ауданына қарасты Қайнарбұлақ ауылдық округіндегі Қасымбек датқа ауылының орталығында “Бауыржан“ отбасылық негіздегі балалар ауылы бар. Аты айтып тұрғандай, мұнда тәрбиеленуші балаларға бір үйдің баласындай бауырмал болып ержетіп, қалыптасуға бар жағдай қарастырылған. Саттар Нұрпейісов басқаратын мекемеге қасиетті айда аудандық мәслихаттың хатшысы Жансерік Сүлейменов бастаған депутаттар ат басын бұрды. Ауыл әкімі Әмірбек Юсаев келген қонақтарды бастап жүрді.

Ең алдымен бүлдіршіндердің тұрмыс-тіршілігімен таныспақ болған халық қалаулылары “Балауса“ отбасына бас сұқты. Бұл отбасыда тәрбиеленіп жатқан 10 балаға жасалған жағдай көңіл қуантарлық. Тәрбиеші аналарының жанында олар өздерін үйіндегідей сезінеді десек, артық айтқандық емес. Сондай-ақ, балалар ауылының бүлдіршіндері соның ішінде қыз балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында тігін цехы жұмыс істеп тұр. Мұнда қыздар күнделікті өмірде өздеріне қажетті түрлі төсек жабдықтарын әзірлеуге машықтаныпты. Айта кету керек, тігін цехы облыстық мәслихаттың депутаты Қ.Балабиевтің, облыс әкімінің орынбасары Б.Жамаловтың, Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымовтың демеушілігімен жабдықталған. Цех жұмысымен танысқан жергілікті халық қалаулылары ғимараттың 2-ші қабатына көтеріліп, акт залына жиналған балақайлармен жүздесіп, сұхбаттасты.
Аудандық мәслихаттың хатшысы Ж.Сүлейменов балаларды қорғаудың халықаралық күнімен құттықтап, жылы лебізін жеткізді. 7 отбасыдағы 70 балаға тәрбие беріп отырған 7 тәрбиеші-анаға алғысын айтып, еңбектеріне құрмет көрсетті. “Сіздер чемпион тәрбиелеп шығаруға міндетті емессіздер, ең бастысы — бұл балаларды қоғамнан өз орнын табатын азамат етіп тәрбиелеу маңызды“, — деген Жансерік Мұсаханұлы тәрбиеленушілердің бойына рухани құндылықтарды осы бастан сіңіруге аса мән берсеңіздер екен деген тілегін жеткізді. Айта кетейік, тәрбиеші-аналар жылдың қай мезгілінде болмасын, тәулік бойы осы балалармен бірге. “Қайырымдылық маусымы” аясында өткен шарада құрметті қонақтар балаларға сый-сияпаттарын жасады. Балалар ағаларының тілектеріне риза болып, алғыстарын жаудырды.
Қ.ДАРЫНҚЫЗЫ.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР