20-04-2024
22.3 C
Шымкент

Кәсіпкерлер қатары артып келеді

ОҚО Созақ ауданындағы «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» жыл басынан бері ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Бұл мектептен дәріс алғандар бүгінде жеке ісін ашып, айналасына пайдасын тигізуде. Бірі мал шаруашылығын дамытса, екіншісі киім тігіп, ұлттық өнерді дәріптеуде. Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша ауданда 135 азамат  «Кәсіпкерлік негіздері» курсын оқыған. Оның ішінде «Мал шаруашылығы тақырыбындағы салалық семинарға 100 тұрғын қатысқан. Әліайдар Әбдіраев –  сол топтың ішінде.  Кәсіби мамандар кеңесінің арқасында мал сою алаңын ашып, «Нұрдос» өндірістік  кооперативін құрды. Әліайдар Әбдіраев — «Нұрдос» өндірістік  кооперативінің төрағасы: «2012 жылы кәсіпкерлік мектебінде білім алдым. Шаруашылық жағын үлкейтіп жатырмын. Қазіргі таңда мал сою алаңын аштық. 4 адам жұмыспен қамтылды. 10 бұқа, 15  жылқы байлауда тұр.  Алдағы уақытта көбейту жоспарда бар». Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы рұқсат құжаттарын рәсімдеу бойынша 77 азаматқа кеңес берген. 64-інің құжатын рәсімдеуге көмектескен. «Бір терезе» қағидасы бойынша 40 тұрғын өз ісін бастады. Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламалар бойынша 38 бизнес жоспар жасалып, 23 кәсіпкердің несие алуы сүйемелденді. Шаруашылықтарды кооперативке біріктіруде бұл мекеменің рөлі орасан. Ербол Қалмырзаев – Созақ аудандық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының директоры: «Жалпы осы «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасында негізгі ден қоятын мәселе- кооператив ашу.  Ауыл шаруаларын біріктіру.  Осы уақытқа дейін біздің орталықта 10 кооперативтің жұмысын бастауға біз өз тарапымыздан көмек бердік». Елімізде шағын және орта бизнес қарқын алып келеді.  Кәсіп ашып, іс бастаймын дегенге мемлекеттен қолдау көп. Тек ынта мен жігер жеткілікті болуы керек.

АЙЖАН Әшірхан

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР