Бүгін маусым айындағы ерекше күн халықаралық балаларды қорғау күніне орай Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Отырар ауданындағы білім ордалары мен балабақшаларда мерекелік іс-шаралар кеңінен аталып өтті. «Балдәурен» балалар бақшасында «Әрқашан күн сөнбесін, Аспаннан бұлт төнбесін» деген тақырыпта өткен мерекелік шараға аудан орталығындағы балабақша ұжымдары, ата-аналар және аудан әкімі Ерлан Айтаханов арнайы қатысты. Шара барысында сөз алған аудан басшысы бүлдіршіндерді төл мерекелерімен құттықтап, отбасы-адам ғұмырының тірегі ғана емес, қоғамның да басты негізі ал, балаларға қуаныш сыйлап, олардың құқығын қорғау барша адамзаттың парызы екендігін ерекше атап өтіп, бүлдіршіндерге мерекелік ізгі тілегін білдірді. Балабақша тәрбиеленушілері ән айтып, би билеген мерекелік шарада аудандық білім бөлімінің басшысы Жанна Мұсатаева балабақша ұжымдарына бас қаламыз Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысу үшін билеттер табыстады. Сурет салу, жүгіру, секіру секілді өнер мен спорттың бірнеше түрінен сайысқа түскен балғын бүлдіршіндер өзара кім мықтыны анықтады. Сайыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне заттай сый-сияпаттар үлестірілді. Шара соңында аудан әкімімен естелікке суретке түскен балғын балапандар бейбітшілік пен татулықтың символы ретінде аспанға көгершіндер мен шарлар ұшырып, мерекелік шараны ұйымдастырушыларға алғыс сезімдерін білдірді.