25-04-2024
17.3 C
Шымкент

Медициналық мекемелер жаңа жүйеге көшті

Оңтүстік Қазақстан облысындағы медициналық мекемелер жыл басынан бері жаңа жүйе бойынша жұмыс істеп келеді. «Кешенді медициналық ақпарат» жобасы әсіресе, дәрігерлер үшін оңтайлы болып отыр. Айналасы алты айдың ішінде жемісін берген жүйенің тиімді тұсы – сала қызметкерлерін қағазбастылықтан айырды. Бүгін осы бағыттағы жұмыстың жайына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қанықты. Инновация игілігіне иек артқан ақ желеңді абзал жандардың ілкімді ісін жоғары бағалады. Байзақ Рүстемов Шымкенттегі «Самал» мөлтекауданында тұрады. Тұрғылықты жері бойынша  қалалық  №6 емхана дәрігерлерінің қызметіне жүгінді. Скринингтік тексеруден өтпекші. Емханадағы «Кешенді медициналық ақпарат жүйесі» науқастың көңілінен шықты. Мекемеге кіре сала, арнайы аппараттан кезегі мен дәрігерге кіру уақытын айқындайтын талон шығарып алды. Енді соның көмегімен дәрігер қабылдауына кірмек. Жаңа жүйенің жұмысын көруге келген Жансейіт Түймебаев емхананың тыныс-тіршілігіне қанықты. Соңғы заманауи құрылғылармен танысты.«ДамуМед» кешенді медициналық ақпараттық жүйесіне» әзірге өңірдің 3 стационары қосылған. Пилоттық жоба медициналық ұйымдардың ішкі процесін автоматтандырады. Дәрігер үшін де, науқас үшін де тиімді. Бұл арқылы тұрғындар дәрігер қызметіне үйінде отырып та, жүгіне алады. Ең бастысы – қағазбастылық азайған. Әкім аялдаған келесі нысан оңтүстік облыстың бас медициналық мекемесі болды. Облыстық клиникалық аурухана да жыл басынан бері жаңа жүйе бойынша жұмыс істеп келеді. Нәтиже ауыз толтырып айтарлықтай.Жансейіт Қансейітұлы мұнда да ауруханадағы алдыңғы қатарлы инновациялық аппараттарды көріп, танысты. Ғимарат базасындағы техникалық ахуалды жоғары бағалады. «Электронды кезек» күткен науқастармен тілдесті.  Хал-жағдай сұрасты.Елбасы Жолдауына сәйкес, денсаулық сақтаудағы цифрлық саясат сала жұмысының жандануына оң ықпал етеді. Облыстың бас дәрігері Мұқан Егізбаевтың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс 2019 жылы толық аяқталады. Яғни, кешенді медициналық ақпарат жобасының межелі нәтижесін сезінетін күн алыс емес.

ГҮЛСАНАТ Қалмырзақызы

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР