16-04-2024
13.3 C
Шымкент

Билік пен бизнес: еркін форматтағы кездесу

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлттық жаңғыру – Болашаққа бағдар» мақаласы әрбір азаматты ел дамуын еселеуге үндейді. Бұл орайда, әсіресе кәсіпкерлердің белсенділігі үлкен мәнге ие. Өңір басшысы Жансейіт Түймебаев облыс кәсіпкерлерімен өткен еркін форматтағы кездесуде осыны қадап айтты. Қолынан іс келетін бизнес белсенділері шақырылған бұл жиынның жөні бөлек. Себебі, бүгінгі басқосу — елдің есін шығаратын есептік жиын емес. Сондықтан сөз алғандар да санды айтып, сан саққа ой жүгіртпеді. Билік-бизнес бірлікте еркін диалогқа көшті. Кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдаудың бар тармағы насихатталды. Жансейіт Түймебаев – Облыс әкімі «3 млн халқы бар ОҚО дамуы тек біз емес сіздердің қолдарыңызда. Сіздер мен біздердің қолымызда. Егер біз бір-бірімізбен бірігіп жұмыс істеген жағдайда ол алға жылжиды». Кәсіпкерлердің бұрынғыдай емес, тынысы ашылған. Бей-берекет тексеру жоқ. Жеңілдетілген несие, мемлекеттік субсидия қолжетімділігі жоғары. Мемлекетпен бірлесіп, әлеуметтік жобаларды да еркін іске асыра алады. Емхана, балабақша салып, сауапты іс атқарғысы келгенге де қолбайлау жоқ.  Бұл іске шығындаған сомасы бас-аяғы бес жылда мемлекет тарапынан қайтарылып беріледі. 15 жылға дейін бұл мекеме сондай-ақ, мемлекеттік тапсырыс алып отырады. Бүгінде өңір бойынша осындай 35 нысанның жобасы әзірленген. Дархан Сатыбалды – Облыс әкімінің бірінші орынбасары «Бұл қатып қалған жоба емес. Оған қосымша біз мынау ауыл шаруашылығы мен транспорт жағынан да жобаларды қарастырып отырмыз. Алдағы уақытта оны да ұсынамыз». Қазір облыста ауыл шаруашылығынан бөлек, табысы көп саланың бірі — туризм. Қазба байлығы, кені кем болғанмен, түстік облыс киелі жерлерге бай. Еліміздегі тарихи ескерткіштердің 80 пайызы бізде. Кездесу кезінде кәсіпкерлерге сондай орындарды ретке келтіріп, демалыс аймағына айналдыру ұсынысы айтылды. Қазір бұл мекендер арнайы есепке алынып, тиісті жобалар әзірленген. Енді тек қалталы азаматтардан қолдау тапса, болғаны. Еркін форматта өткен кездесу кезінде кәсіпкерлер де өздері көп кездесетін кедергілер жайлы сөз қозғады. Айтуларынша, мемлекеттік сатып алу кезінде әлі де болса, қиындық қылаң береді. Еркін формат етене сөйлесуге мұрша берді. Әр тарап өз шындығын, өз межесін айтты. Кедергілерді бірлесе жоюға бекінді. Бұл бағыттағы басқосулар әлі талай өтпек.

МАҚСҰТ Жарылқасын

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР