17-04-2024
9.3 C
Шымкент

Күй құдіреті байқауы

Қос ішекті домбыраның шанағынан төгілетін, сан ғасырдың тарихынан сыр шертіп егілтетін, бойыңа күш-қуат беріп сергітетін қасиетті күй өнері – ата-бабадан қалған рухани мұра, асыл қазына. Қазақ халқы «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп тілін батыра сөйлеген. Осы сөзі дәрменсіздік танытқан кезде, айтар ойын күйдің күмбірімен жеткізген. Күй адам жанының толқынысымен, сезімінің серпілісінен туатын дүние. Күйдің сиқырлы сазы адам жанын баурап алатын тылсым күшке ие.Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру және халқымыздың мәдени мұрасының бірегейі – күй өнерін бүгінгі жас ұрпақ арасында кеңінен насихаттау мақсатында жуырда аудандық Мәдениет үйінде «Күй құдіреті» атты ОҚО Бәйдібек  ауданаралық күйшілер байқауы өтті. Байқауға он екі үміткер қатысып, қазақтың ұлы — күйші композиторларының күйлерін орындады. Екі кезеңдік байқауда түрлі күйлерді домбырада да, баянда да, скрипкада да тыңдадық. Бұл да жаңаша бір дүние шығар, бірақ «Күй — тәңірдің күбірі» демекші, осы бір қазаққа ғана тән төл күйімізді қастерлі домбырамыздың күмбірлеген күмбірімен, дүбірлеген дүмбірімен тыңдағанға жетпейді-ау, сірә. Байқау соңында күйші, сазгер, облыстық күйшілер байқауының жүлдегері Ергешбай Дөңбаев қатысушыларға алғыс-тілегін айтып, байқаудың жеңімпаздарын марапаттады. Сонымен аудандық «Күй құдіреті» күйшілер байқауында бас жүлдені Азат Тәжиев, 1-орынды Балнұр Оңалбаева, 2-орынды Дүйсенәлі Бесбаев, 3-орынды Жанна Жігітекова иеленді. Жас айырмашылықтары әртүрлі болған үміткерлер арасында ең жас орындаушы тоғыз жасар Алина Ержан және байқауға қатысқан барлық үміткерлер «Алғыс хатпен» марапатталды.Халқымыз ерекше бағалаған, күй өнеріне жастарды баулуда табиғи дарынды таңдап, күйдің тілін түсінетін мамандарды іріктеп, сараласақ рухани мұрамыз одан әрі жандана, дами түспек.

Жібек ТОЛЫҚБАЕВА,

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР