15-04-2024
13.3 C
Шымкент

ЭКСПО-2017 аясында ашылған асхана

ОҚО Созақ ауданы Шолаққорған ауылына кіре беріс қалтарыстағы асханадан адам үзілмейтін. Қорғаныс істері жөніндегі бөлім, берісі әділет, халыққа қызмет көрсету орталықтарына облыс орталығынан келген меймандар осы асханада күтілетін. Себебі, әркімнің ең бірінші таза, дәмді, қызметі сапалы, тұрақты, әрі уақтылы ашылып тұратын дәмханаға барғысы келетін анық. Аядай ғана екі бөлмеде өзінің шағын кәсібін бастаған Маржан апайдың асханасынан ауылдар мен елді мекендерден келген жерлестеріміз де дәм татуға асығатын. Жақында Маржан көптен ойына алып, іске асырғысы келіп жүретін мақсатын жүзеге асырып, «Маржан» дәмханасын ашты. Мұнда 70 адамдық залы және 15 адамнан отыратын екі арнайы бөлмелері бар екен. Ас-ауқат мәзірі де таңдауыңызға қарай мол. Сорпа, ұйғыр лағманы, қазақша пельмен, тифтель (қой етінен), өзбек палауы, кеспе манты, орама манты, бифштекс, чихабели, тауық рулеті, қой етінен қазақы қуырдақ, тай еті, қой етінен самса, кәуәп және тағы басқа мәзірлерді тапсырыс бойынша алдын ала және үнемі мәзірден таба аласыздар. Біз әңгімеге жаңа дәмхана иесін тарттық. «Дәмханамызды Алла нәсіп етіп, биыл еліміз болып атап өткелі отырған ЭКСПО-2017 аясында аштық. Енді Созақ ауданы да тарихи, киелі орын болғандықтан келімді, кетімді қонақтар болатыны анық. Сондықтан біз мәзірге өзіміздің қазақы ұлттық тағамдарымыздан бастап сан ұлттың ас мәзірлерін әзірлеуді мақсат етіп отырмыз. Бүгінгі таңда дәмхана өзімді қосқанда төрт адамды жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта келушілер қатары артып жатса, тағы екі адамды жұмысқа тартатын боламыз. Сонымен қатар, ас мәзірін әзірлеуге өзімізге жұмысқа келген жастарды үйретеміз. Өзім арнайы аспаз мамандығын игергендіктен, барлық ішкі дәмхана жұмысының талапқа сай болғанын қалаймын. Сондай-ақ тойларға, түрлі жиындарға палау басуға шақырып жатса да, 5-6 салат түрлерін әзірлеу керек болса да біздің дәмхана тапсырыс қабылдауға әзір»,-дейді білікті аспаз-маман Маржан Жексенбайқызы.

Біржан ШОТҰЛЫ

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР