Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Ордабасы ауданы әкімдігінің мәжіліс залында «Медиация туралы» Заңының тәжірибеде қолданылуы және туындаған өзекті мәселелер мен проблемалардың шешу жолдарын талқылауға арналған жиын өтті. Аудан прокуроры Б.Булеулиевтың төрағалығымен өткен мәжіліске аудандық соттың төрағасы Қ.Мұсаев, аудан әкімі аппаратының басшысы А.Оралбаев, қоғамдық ұйым жетекшілері мен дербес бөлім басшылары, кәсіпқой және кәсіпқой емес медиаторлар, мемлекеттік және жеке сот орындаушылар қатысты. Жиында азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын даулар, оларды реттеу жолдары, тараптарды ортақ келісімге келтіру кезінде кездесетін келеңсіздіктір жайы талқыланып, мамандар тарапынан құқықтық кеңестер берілді. Азаматтардың өз құқықтарын қорғау, өзара келісім арқылы бір шешімге келу жолдары туралы кеңінен түсіндірілді. Көкейде жүрген сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алғандар көп болды. Алдағы уақытта мұндай түсіндірме жұмыстары көптеп ұйымдастырылатын болады. Сонымен қатар, сот шешімін орындау, азаматтардың құқығын қорғау мәселелері кеңінен сөз болды. Мәжіліс қорытындысымен ортақ шешім әзірленіп, тиісті салаларға ұсыныс жолданды.