18-04-2024
16.3 C
Шымкент

Инвестор тарту өңір экономикасына ықпал етеді

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаевтың төрағалығымен өңірдегі инвестициялық жағдайды жақсарту мен инвесторларды тарту бойынша аймақтық кеңестің отырысы өтті. Облысқа инвестиция тарту және бүгінгі жағдайды талқылау мақсатында ұйымдастырылған басқосуға аймақтық кеңестің мүшелері, жұмыс істеп тұрған және әлеуетті инвесторлар мен өңірдің ірі кәсіпкерлері қатысты. Өңірге инвестиция жұмылдыру бойынша жыл басынан бері шетелдік инвесторлармен 40-тан аса іскерлік кездесу ұйымдастырылғанын айтқан аймақ басшысы жыл басынан бері облысқа 229,9 млрд. теңге болатын инвестиция тартылғанын жеткізді. «Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда инвестиция тарту көрсеткіші 131,5 пайызға артқан. Бұл республикадағы үлесінің 5,7 пайызын құрап отыр.  Биыл  Біріккен Араб Әмірлігімен медициналық бұйымдар мен препараттар шығару зауытын салу, Ресеймен бірге Евро-5 талабына сай жанармай шығаратын мұнай өңдеу зауытын салу келісімдері түзілді. Оңтүстік өңірі мұнымен қоса Қытаймен бірге биэтанол, фосфор тыңайытқыштары мен қуаты 200 МВт күн электр станциясын салмақ»,-деді  Жансейіт Түймебаев.

Сонымен бірге аймақ басшысы өңірде инвесторлар үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Бұдан басқа, ол барлық азаматтарды бірлесе жұмыс істеуге шақырып, инвестиция тартуға кедергі жасайтын лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарауды айтты.

Бүгінде облыста аймақтық даму институттарының тиімді жүйесі жасалған, олардың негізгі тапсырмасы өңірге инвестиция тарту және инвесторларға бір терезе қағидасы бойынша қолайлы жағдай жасау. Институттар кәсіпкерлерге кеңес береді және қаржылық пен инфрақұрылымдық көмек көрсетеді. Сонымен қатар,  өңірде 11 индустриалды аймақ пен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақ бар. Соңғысының тиімді ерекше режимі мен толық тартылған инфрақұрылымы бар. 2017 жылы осы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында құны 3,4 миллиард теңге болатын 4 жоба жүзеге асырылады деп күтілуде. Ал индустриалды аймақтарда 8,6 миллиард теңгенің 13 жобасы іске қосылмақ.

Бүгінгі таңда индустриаландыру бағдарламасы бойынша жүзеге асқан әр 5 жоба Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі. Бағдарлама аясында 8 жыл ішінде облыс аумағында жалпы құны 208,3 миллиард теңге болатын 162 жоба іске қосылды. Оның ішінде инвестиция көлемі 1,2 триллион теңге болатын 88 жоба жүзеге асырылды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР