16-04-2024
17.3 C
Шымкент

Солтүстікке жұмысқа шақырады

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсеке қабілеттілік» атты Жолдауында еңбек нарығын жаңғыртуды өз еркімен жүзеге асыруды айтып, еңбек күші мол аймақтан жұмыс қолының тапшылығы сезілетін өңірге қоныстандырып еңбек нарығының тепе- теңдігін сақтауды міндеттеді. Бұл ретте ОҚО әкімдігі тарапынан өңірдің халқы тығыз орналасқан аудан, қалаларынан Ақмола облысына қоныс аудару жөнінде ынтымақтастық туралы меморондумға қол қойылған. Осы ретте Ақмола облысы, Көкшетау қаласы «Новопэк» ЖШС-нің өкілдері өз еркімен қоныс аударушылармен кездесуді бастап кетті. Бұл туралы Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте облыс əкімінің орынбасары Е.Садыр мəлім етті. Оның айтуынша, полимерлі қаптама шығаратын компания басшылығы облысқа арнайы келіп, күнгейден 600-ден аса жұмысшыны зауытқа шақырып жатқанын айтты. Серіктестік кеден одағының нормаларына сәйкес полипропилен қаптары мен жұмсақ контейнерлер шығаратын зауыттардың бірі саналады. 2003 жылы құрылғаннан бері Новопэк полимерлі орау шешімдерін әзірлеуге, өндіруге және жеткізуге маманданған. Қазіргі кезде ауданы шамамен 45 мың шаршы метрді құрайтын өндірістік кешенде 600 адам жұмыс істейді. Бүгінгі күні компания басшысы Көкшетау қаласындағы зауытта жұмыс істегісі келетін азаматтар болса, оларға барлық жағдайды жасаймыз деп сендірді. Оның сөзінше қазір зауытта жұмыс күшінің жетпеуі салдарынан көптеген қондырғылар тоқтап тұр. Ал егер қосымша 600 ден астам жұмысшы келсе өнімділікті екі есеге дейін арттырып, еуропа нарығына да шығуға мүмкіндік бар. Яғни қазір айына 6 млн данадай қап тігілсе, оның көлемі 11 млн-ға дейін артады. «Зауытқа негізінен үш мамандық бойынша, машинистер, операторлар мен тігіншілер қажет. Келген жұмысшыларды алдымен арнайы курстарда оқытып, ол кезеңге 40 мың теңгеден стипендия береміз. Одан кейін жұмысқа қабылданып, жатақханамен қамтылады. Жалақылары 80-150 мың теңгенің аралығында. Тамақтардың бағасы 300 теңгеден аспайды. Қазіргі таңда зауыттың жанынан тұрғын үй кешені салынуда. Ол жерге 300-дей жұмысшы қоныстанатын болады. Сондықтан біз жұмысшыларды отбасыларымен де келсе қабылдаймыз. Алдағы уақытта оларға қала аумағынан үй іргелік жер бөлу мәселесі де қаралып жатыр», — деді Айдар Жақыпов.  Төрткүндік сапары барысында зауыт басшылығы Түркістан қаласы мен Сайрам, Сарыағаш ауданының тұрғындарымен кездеседі деп күтілуде.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР